ӨШПЕЙТҰҒЫН АРТЫНА ІЗ ҚАЛДЫРҒАН…

«Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық. Адал достық өмірі нұсқа, амал достық өмірі қысқа» деген екен Әйтеке би. Осы адал достың мен үшін бірі де, бірегейі – Құмар Кенжеғалиев. Құмармен Алматыда студент кезімде таныстым. Сол таныстығымыз достыққа, достығымыз  туысқандыққа, туысқандығымыз бауырластыққа айналды. Сол достық Құмар бақилыққа аттанғанша ажырамастан жалғасты.

Құмар бес жасында әкеден айырылып, зағип шешесімен қалды. Басқа түскен қиыншылықты нар түйедей көтеріп, жалғызын асырап, тәрбиелеп қатарға жеткізген де Ақмоншақ атты анасы еді.

Құмар 1959 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен «Социалистік құрылыс» (бүгінгі «Атырау») газетінің редакциясына келді. Журналист мамандығын жан-тәнімен сүйетін еді. Құмекең облыстық газетте тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редактор лауазымына дейін көтерілді. Он үш жыл бойына «Атырау» газетін абыроймен басқарды. Құмекең редакцияға басшылық еткен жылдары сапалық құрам, газеттің басылуы, шығармашылық шеберлігі жағынан біраз жақсарды. Редакция жаңа, жас кадрлармен толықты. Кейін Құмар Кенжеғалиев облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасын басқарып, өңірімізде газет шығару өндірісінің дамуына зор үлес қосты.

Құмекең саналы ғұмырын қоғамға пайдалы шараларды жүзеге асыруға арнады. Орынсыз нәрселерді айтып, кісіні мезі етуге жаны қас еді. Газетке жарияланатын мақалаларды мұқият зерттеп, тексеріп, сосын ғана жазатын. Өзін қарапайым ұстайтын. Қалжыңға жауап, әзілге уәж айтпайтын, бір нәрсенің жұмбағын сұратып жатпайтын, біреуге ішкі сырын  да шашпайтын. Құмекең адал көңілді, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл жан еді. Адамға жақсылық тілеуден басқаны жат санайтын ол кішімен де, үлкенмен де,  басшылармен де бірден пікірлесе, сырласа кететін.

«Өмір өткелдері» кітабында Құмекеңнің өзі «Мен өмірдің ащысын да, тұщысын да, күнгейін де, көлеңкесін де көрген жанның бірімін. Тағдырдың жазғаны болар, жастық шағымның біразы жетімдік тауқыметін тартумен өтті. Бірақ, кейінгі жағдайыма ризамын. Қатарымнан қалмай оқыдым, білім алдым, адал еңбек етіп құрметке бөлендім, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген» деген атақ алдым. Зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмірім баспасөз саласында еңбек етумен өтті» деп жазған еді. Расымен де, қызмет бабында өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білген, принципшіл, әрі жаңашыл басшы тұрғысында Құмар Кенжеғалиев атыраулықтардың жадында мәңгілікке жатталып қалды.

Құмекеңде дос та, жолдас та көп. Ол – солардың әрқайсысына жұдырықтай жүрегінен орын бере білген жан. Біреуге дықтану, кектену оның әдетінде жоқ еді. Соңғы уақытта Құмекең қайта-қайта науқастанып, Алматыға әлсін-әлсін келіп, дәрігерге қаралып жүрді. Апталап, айлап ем алған кездері де болды.  Біз ол кезде Лида екеуміз немерелер қамымен Алматыда тұратынбыз. Құмекеңе күн құрғатпай барып жүрдім. Өзі айтқан газет-журналдарды тұрақты апарып тұрдым. Жаңалыққа жаны құмар Құмекең ауруы жанына батса да сыр білдірмеуші еді. Қайта жақсы хабарларға қуанып, балаша шаттанып отыратын. Сөйтсем, Құмекең өмірінің соңғы сәттерін сезген екен ғой…

Құлантаза айығып кетпесе де, Құмекең сол жолы ауруханадан шығып кетті. Көп уақыт өтпестен, маған қоңырау шалып, амандықтан соң, өлеңдетіп жіберді. «Науқасым жанға батып бара жатыр,

Қызықтап сол күндерді есіме алып,

Өлеңменен саған хат жазып қалдырдым-ай!» деп көңілі босаған Құмекеңнің бұл сөздерінен кейін көңілін сұрап, ауылға бардым. Жанында бір апта болдым. Бұл Құмекеңмен соңғы кездесу болды.

Әдетте адам өмірінің мән-мағынасы түрліше өлшеніп жатады ғой. Тегінде, кісінің елге сіңірген еңбегі мен жұртының жадында жатталуы негізгі өлшем бола алады. Бұл жағынан келгенде Құмекең – артына ізгі істерін қалдыра білген үлкен тұлға. Жары Бәтима екеуі Жанат, Гүлшат, Маржан, Бауыржан атты балаларды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Олардан бірнеше немере көрді. Сонау Лондонда, Астана, Алматы, Атырау қалаларында оқып, жоғары білім алған немерелері бүгінде әр салада табысты еңбек етіп жүр. Бұл жағынан алғанда шүкіршілік.

«Қанағат аз күн сайран салғаныма,

Көз жетті дүниенің жалғанына.

Адамға бір берілер қайран өмір,

Маған деген қызығың осы ғана болғаны ма?» дегендей, Құмекеңнің бақилыққа аттанғанына да, міне, жеті жыл болыпты. Артында жақсы аты қалған Құмекең тірі болса, сексен жасын тойлар едік-ау…

Мәндірғали ОРАЗҒАЛИҰЛЫ,

Махамбет ауданыныңҚұрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз