Өлке тарихының шежірешісі

     hismetХисмет Бозанұлы Табылдиев – 80 жаста

   Жайық бойының жайсаңы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Хисмет Бозанұлы Табылдиев 1936 жылы 8 қыркүйекте Махамбет ауданының Бесікті ауылында дүниеге келді. Оның балалық шағы Ақ Жайықтың жағасында өтті. Кішкентайынан зерделі бала өмір тауқыметін көп көрді. Балалығы соғыс жылдарына тап келген сол заманның сәбилері ақын Меңдекеш Сатыбалдиев жырлағандай, «қантқа емес, пошташының дорбасына» зарығып өскен ұландар еді. Соғыс қиыншылығы, тылдағы еңбек қарасирақ балаларды ерте есейтті. Ол заманның ұландары оқу-білімге, кітапқа, қағаз-қаламға құштар еді. Өйткені, ол кезде кітап та, қағаз-қалам да тапшы, жағалай жоқшылықтың заманы болатын. Ата-анасы Бозан мен Балмаш Хисметтің талабын құптап, оның оқуға құмарлығына сүйсінді. Әкесі соғысқа аттанғанда бес жасар бала анасының қолқанаты болып, бір үйлі жанның тірлігіне үлкендерше араласты, буыны қатпаған бүлдіршін бала балық та аулады, отын жарып, су да тасыды, тас басып, үй де салысты. Оқуына да үлгерді. Мектепті жақсы бағаға аяқтап қана қоймай, кішкентайынан тілші, спортшы бала атанды. Атырау қаласындағы Орджоникидзе атындағы орта мектепті 1957 жылы бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының (КазПИ) тарих- филология факультетіне оқуға түседі. Мектепте жүргеннен әртүлі тақырып-тарға мақала жазып, қаламы ұшталған ол институт студент-терінің қоғамдық өміріне белсене араласты. Институтты 1962 жылы үздік аяқтаған Хисмет Бозанұлы Гурьев педагогикалық институтына оқытушылық қызметке шақырылады. Хисекеңнің еңбек кітапшасында «Гурьев педагогикалық институты – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» деген айшықты жазу бар. Қарапайым институт оқытушысынан кафедра меңгерушісі, декан, проректор, ректор дәрежесіне білімі мен біліктілігі, іскерлігі мен талапшылдығы арқасында жетті. Оның бүкіл еңбек жолы мен ғылыми қызметі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. Ғылымда өзінің қолтаңбасын қалдырған Хисмет ағамыз Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Алматы, Атырау мұрағаттарында айлап-жылдап отырып, қалың құжаттарды ақтарды, деректердің соңына түсті, тарихтың қатпар-қатпарын кезді. Осынау зерттеу мен зерделеудің нәтижесінде 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және археология ғылыми-зерттеу институтында академик Салық Зимановтың ғылыми жетекшілігімен «Гурьев қаласының тарихы» деген тақырыпта кандидаттық дис-cертациясын қорғап, Атырау қаласының өткені мен бүгіні туралы көптеген деректерді ғылыми айналымға енгізді. Еліміздің егемендік алуына байланысты тарихшы ғалымдардың алдында Қазақстан шежіресін терең әрі жан-жақты зерттеу мәселесі тұрды. Тарихшы ғалым Х.Табылдиев алғашқылардың бірі болып ақтаңдақтар мәселесін зерттеуді қолға алды. Академик М.Қозыбаевтың кеңесімен 1997 жылы «Қазақстандағы сауатсыздықты жою: тарихи тәжірибе және тағлым» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Хисмет Бозанұлы – қоғамның демократиялық негізінің бірі болған бұқаралық тарихи сананы қалыптастыруға белсенді атсалысып жүрген тарихшы. Сауатсыздықты жою қиыншылықтары мен ерекшеліктеріне арналған бірнеше ғылыми зерттеулермен қатар, «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты кітапта, екі томдық «Боздақтар» кітабында, Қазақ энциклопедиясы мен «Атырау» энциклопедиясында, «Жеңісті жақындатқан жандар», «Отты жылдар» және тағы басқа көптеген тарихи-деректік жинақтарда кәсіби тарихшының пайымдары мен тұжырымдары, көз майын тауысқан қажырлы еңбегі мен қаламының ізі, күр-сінісі мен мазасыз ұйқысыз шақтары бар. Хисмет Бозанұлы – қоғам қайраткері ретінде өзінің білімі мен еңбегін Тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайту жолында жұмсап жүрген азамат. Кейінгі жылдарда ғалымның зерттеу еңбектеріне 1918–1930 жылдардағы ұлт-тық-мемлекеттік құрылыс тағдыры, Кеңес үкіметінің Қазақстандағы мәдени-ағарту реформалары, республикадағы қоғамдық-саяси өмір мәселелері арқау болды. 1990 жылдардың бас кезінде өміріміздегі түбегейлі өзгерістерге байланысты Қа-зақстанның тарих ғылымында да бетбұрыс ке-зеңі басталды. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар алдында өткен тарихи жолды жаңа тұрғыдан зерттеп-зерделеу міндеті тұрды. Бірінші кезекте Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, халықтың мәдени мұрасын жаңғырту бағдарламасына Хисмет Бозанұлы Қазақстан Республикасы тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге зор үлес қосты. Х.Табылдиевтың А.Қалмұратовпен бірігіп жазған «Кіші жүз рулары (шежіресі мен тарихы)» атты кітабын өлке тарихын зерттеуге қосылған cүбелі еңбек деп атауға болады. Кіші жүз рулары жайлы еңбекті жазу барысында осы кезге дейін көпшілікке беймәлім боп келген ХVІІ ғасырда Тәуке ханның жарлығымен жазылған шежіре-кітап, жетірулық Нұрпеке халпе шежіресі автордың ой елегінен өтті. Бұл кітапта Тәуке ханның шежіре кітабы, ондағы қазақ руларының түп-төркінінің баяндалуы жайлы біршама мәліметтер берілген. Аталмыш еңбекті даярлау барысында авторлар шежірешілердің қалыптасқан дәс-түрінде қалып қоймай, оған өзіндік бағыт-бағдар белгіледі, көпшілік назарына жалпы Адамзат тарихы жөніндегі діни, ғылыми, ауыз әдебиетіндегі шежіре тармақтарының дәйектерін ұсынды. Кітапта қазақ халқының ұлт, халық болып қалыптасуының ру, тайпа, ұлыстар тарихымен байланыстылығын әңгімелей отырып, халқымыздың тегін түзеген тайпалар атауының этимологиясына, олардың мекендеген географиялық орнына, басынан кешкен уақиғаларына байланысты мәліметтер, деректер келтіреді. Алшындар деп аталатын Кіші жүз руының қалыптасуы мен ол рудан шыққан атақты тұлғалар жайында танымдық деректерге тоқталып, көпшілікке белгісіз есімдер мен деректерді ғана айналымға енгізді. Сондай-ақ, Кіші жүз руларының жалпы саны жөнінде де нақтылы мәліметтер ұсынады. Көрнекті тарихшы, өлке тарихының шежірешісі, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиев: «Отан тарихынан өлке тарихын бөліп қарауға болмайды. Өлкетану – бұл ұрпақты тарихпен тәрбиелеу, ата-баба тарихын қастерлеп, ұлттық таным мен тарихи есте сақтау қабілетін қалыптастыру»,- дейді. Туған өлкеңнің тарихын білу арқылы ғана оны сүйіп, қорғайсың, жаныңды пида етесің. Соңғы жылдары Хисмет Бозанұлы аймақ пен Атырау қаласының тарихын жазу ісімен айналысуда. Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдеріне арналып, тың тақырыптарды көтерген, күрделі мәселелерді қозғап қана қоймай, өз пайымдаулары, ой-тұжырымдарымен үлес қосқан ғалымның қаламынан бес монография, 200-ден астам мақала жарық көрді. Ардақты Хисмет ағамыз сексеннің сеңгіріне осындай жетістіктермен аяқ басқалы отыр. «Әдемі қартаю» дегеніміз де сол шығар.

Аманқос ЕРШУОВ, ақын, ардагер ұстаз,

Жылыой ауданы.

Биіктік пен тереңдік
Биіктік пен тереңдік,
Жан біткенге берер құт.
Өзің жайлы, жан аға

Тебірендім өлең ғып.
Даңқ десе, даңқсың,
Алып десе, алыпсың.
«Елім», «жерім» деп жүріп

Сексенге кеп қалыпсың.
Сарайшықтай орданың,
Тарихын да толғадың.
Мәртебе ғой еліңе

Таудай ұлы болғаның!
Өткізбедің бекер күн,
Ойларыңмен от өрдің.
Талай жасты жетелеп

Тау басына көтердің.
Бірі кетсе – Қырымға,
Бірі туған – қырында.
Ұстаз жанын толғайды

Шәкірттерің жырында.
Бабалардың басына,
Бақ бергенің осы да.
Сен арқылы сөйлейді

Туған жердің тасы да.
Қайта қою – жер атын,
Саған мақсат болатын.
Атауларға берілген

Көп көңілі тоятын.
Адасқанға жарықсың,
Түзу жолға салыпсың.
Махамбетше тебіреніп

Махамбетше жаныпсың.
Тағы да айтам алыпсың,
Ізіндейсің –
Манаш пенен Салықтың.

– Білім берген ұстазға
Алғысы көп халықтың!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз