НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ ДІҢГЕГІ»

Халықтың рухани қуатының темірқазығы

Қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе беріліп, Тілдер туралы Заңның қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қаншама өрлеу белестерінен өтіп, өрелі жеңістерге жеттік десеңізші! Еліміз тәуелсіздік алар тұста ана тілімізге мемлекеттік мәртебе әперуде намысты жанып, рухты атойлатқан сындарлы шақтың болғанын бүгінде біреу біліп, біреу білмес.

Еліміздегі тіл үшін күрес әрбір қазақтың жадынан шыққан емес. Кеңестік дәуірде де бұл өз жалғасын тауып келді. Желтоқсан оқиғасынан кейін бұл тіл мәселесі қауырт белең алды. Біздің өңірде де осы кезде тіл жанашырларының қозғалысы етек алып, зиялы қауым аса белсенділік танытты. Олар алғашқы «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарын құрып, балабақшалар мен мектептерді қазақ тіліне аударуға, қаланың атын өзгертуге күш салды.

Біздің қоғамның құрылуы рухани кеңістігімізде еркіндік пен демократиялық үдерістің пайда болып, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға, тілі мен дінін түзетуге, бары мен жоғын түгендеуге қызу кіріскен шағымен тұспа-тұс келді. Қоғамның бүкіл елімізде қолдаушылары мен жақтаушылары мол болып,оның мүшелерінің саны бір миллионнан асты. Ол елімізде өзіндік салмағы бар зор қоғамдық күшке айналды. Ел тәуелсіздігі мен ұлттық рухтан қанаттанған қоғам қызметі республика аумағынан асып, алыс-жақын шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасын да қамтыды. Осыған байланысты қоғамның 2-ші құрылтайында қоғам халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы болып қайта ұйымдастырылды.

Атырау өңіріндегі қоғам филиалы облыстағы тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Тілді насихаттауға, ҚР «Тіл туралы» Заңының жүзеге асырылуына және мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласына дендеп еніп, толыққанды қызмет етуіне ықпал етіп келеміз. Түрлі бастаулар мен тілге қатысты шаралардың ұйымдастырылуына да белсене араласудамыз.

Біздің өңірімізде тілге қатысты проблемалар жоққа тән. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын нығайтуда, кеңейтуде көп істер тындырылды. Әлі де жалғасын тауып келеді. Үш тұғырлы тіл саясатын да жүзеге асыруға жете көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, назарымызды тіл жөніндегі мәселелерге дер кезінде аударып, тиісті органдарға оны шешуді ұсынып отырамыз.

Өңірімізде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағытында алғышарттар жеткілікті. Тек ынта мен жігер жетіспейді. Еш ұлтты да, ұлысты да бұған кінәлауға болмайды. Тек қана өзіміз кінәліміз.

Тағы бір ескерер жай, мемлекеттік басқару жүйесі қазақшаланбай, елімізде мемлекеттік тіл дамымайды, қоғамдық қатынастарда үстемдік құрмайды. Сондықтан, мемлекеттік басқару жүйесіндегі азаматтар тіліміз-дің өз төрімізде мәңгілік салтанат құруы үшін жұмыстануы қажет-ақ.

Сөз жоқ, бала ғана емес, жалпы азамат үшін орны бөлек қасиетті орын – отбасы. Жас сәби дүниесіне ең бірінші әсер ететін де – отбасылық тәрбие. Әрине, балабақша мен мектептің де берер тәрбиесін, ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан, тілімізді, ана тілімізді қастерлеу отбасынан басталуға тиіс.

Тіл – ұлттың тұғыры, мемлекетіміздің негізі. Тілі жоғалған мемлекет те жоғаларын ұмытпайық.

Қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзі» шығып жатыр. Бұл – өткен тарихымыз ғана емес, тілдік, шешендік бай мұрамыз. Мұны әрбір қазақ жастанып оқуы қажет. Меніңше, интернет, компьютер, телерадио, кино өмірімізге дендеп енгенімен, мұның бәрі де көркем әдебиетті, кітапты ығыстырып шығара алмайды. Сөйлеу мәдениетін дамытуда бұлардың бәрінің де әсері бар,оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ, қазақтан өткен шешен тілді халық жоқ. Бұны жоғалтуымыз – ұлтымызды жоғалтумен тең.

Тағы бір тоқталар мәселе – ономастикалық мәселелер. Бұған да ерекше назар аударылып, біраз іс-шаралар атқарылды. Әсіресе, жер-су атауларын қалпына келтіру, көшелерді қазақшаландыру белсенді жүргізілуде. Бұл жайды қоғам назардан тыс қалдырмай, облыс әкімі алдына жүйелі қойып, тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесе атқарып келеді. Олардан үнемі қолдау тауып отырамыз.

 Елімізде тіл саясатына қаншалықты көңіл бөлініп отырғаны баршаға мәлім. Бұл – Елбасының өзінің назарында тұрған мәселе. Өйткені, тіл дегеніміз – баршаны қамтитын, күрделі де терең ұғым. Ол жай ғана байланыс құралы емес. Бұл – ұлттық сананың, болмыстың негізі, халықтың рухани қуатының темірқазығы, патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы.

Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі ерекше. Ол – қоғамды біріктіруші фактор, тәуелсіздігіміздің бір тірегі. Оны білу – әрбір қазақстандыққа парыз. Бүкіл еліміздегі сияқты, бұл саясат, бұндай ұстаным Атырау облысында да жүзеге асырылып келеді. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін арнайы облыстық іс-шаралар жоспары қабылданып, орындалуда.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп жатудың қажеті болмас. Ең бастысы, біздің өңірімізде қазақ тілі шын мәнінде өзінің мемлекеттік тіл функциясын атқарып отыр. Тілге құрмет, қазаққа, елге құрмет екенін естен шығармайық. Тіл – ұлттың тірегі, рухы мен намысы, онымен ойнауға болмайды!

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі

Атырау облыстық

филиалының төрағасы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз