«МЕНІҢ ЕЛІМ – МӘҢГІЛІК ЕЛ»

Ақтаудан  Алтайға  дейінгі  экспедиция  Атырауға  келді

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, биылғы бірінші қазанда Мемлекет басшысының Маңғыстау облысына кезекті сапары қарсаңында бір топ жас автокөліктерімен елімізді аралауға дайындалып жатқан-ды. Сөйтіп, Елбасының өзінен бата алып, жолға шыққандар кеше Атырау қаласына жетті. Оларды «Нұрсая» ықшамауданындағы «АРЕС» колледжінде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қарсы алды.

 

Ақтаулық әріптестерімен кездесуге қаладағы барлық дерлік жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері жиналыпты. Бәрі де көңілді, шат-шадыман. Біраз уақыттан соң күннен-күнге жақсарып, көркемдігі көз сүйсінтетін Атыраудың әдемі көшелерін аралап қайтқан экспедиция мүшелері де ат басын бері бұрды. Оларға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан «қош келдіңіз» айтқан оның орынбасары Шыңғыс Мұқан:

– Әр адам өз елін қалай жақсы көрсе, елі де сол адамды солай жақсы көреді. Жастар Елбасының шексіз қамқорлығы арқасында алып жатқан білімдерімен, істеп жүрген игілікті істерімен туған халқына, өз еліне деген кіршіксіз махаббатын білдіреді. Мемлекет басшысы айтқанындай, олар бай тарихымызды жақсы білуі керек. Ақтауда басталып, республиканың барлық аймақтарын аралайтын экспедицияның негізгі мақсаты да осы. Мұндай экспедиция әр қалада басталса да артық емес. Оған атыраулық жастар да, өзге қалалардағы тұстастары да өзіндік үлесін қоса алады. Ал, біз экспедицияның әр өңірге сапарын теледидар, өзге де ақпарат құралдары арқылы бақылайтын боламыз. Қажет болса, көмек қолын созамыз, – деді.

Шыңғыс Жұмабекұлы экспедиция Атырауда екі-үш күн болып, оның бай тарихымен жан-жақты танысуға мүмкіндігі бар екендігін де айтты. Мәселен, қазақтың жеті ханының мүрдесі жатқан Сарайшық, қазақ мұнайының қарашаңырағы Қарашүңгіл, Жылыойдан табылған Алтын адам, өзге де келушілерге ұялмай-ақ айтатын өнегелі өткеніміз бар емес пе? Атырау – Исатай мен Махамбет сарбаздарының ізі қалған, Құрманғазы мен Дина күмбірлетіп күй тартқан мекен. Төсіндегі мұнайы мен газынан өзге, айдынындағы аса бағалы бекіре балығымен де белгілі. Республиканың Ресеймен шекаралас батыс қақпасы ретінде екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарға да сүбелі үлес қосып отыр. Жақында ғана Ресей мен Қазақстан Президенттерінің қатысуымен ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумының Атырауда ұйымдастырылуы да мұнайлы мекеннің үлкен маңызға ие екендігін көрсетті. Жағрапиялық тұрғыдан орналасуына орай Еуропа мен Азия арасында алтын көпір рөлін атқаратындығы тағы бар. Демек, экспедиция мүшелеріне Атыраудан еліміздің кешегісі мен бүгінгісін байланыстыратын мол мағлұмат, терең тағылым алуға болады.

Мұны экспедиция жетекшісі Евгений Рыбалко да қостады. Ол журналистерге берген қысқа сұхбатында:

– «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясының мақсаты – жастарды халқымыздың тамыры тереңге кететін көне тарихымен таныстыру, олардың санасына ортақ Отанымыз Қазақстан екендігін сіңіру. Баршаға мәлім, 362 әулие мекендеген Маңғыстау даласының әр тасы шежіреден сыр шертеді. Бұдан бөлек біз өзіміз болған өңірлердің тарихымен де жете танысуға тырысамыз. Экспедиция құрамындағы журналистер кейін осы сапарынан алған әсерлері жөнінде кеңінен жазатын болады. Қысқасы, әр өңірдің жастары бір-бірімен жақын танысып, терең байланыс орнатады, – деді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан экспедиция кітабына қол қойып, тілегін түсірді. «Күндіз есімізден кетпейтін, түнде түсімізге кіретін жалғыз Еліміз – Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне атыраулық жастар да өз үлестерін қосады» деп жазған екен Шыңғыс Жұмабекұлы. Расында да, солай емес пе? Бұған «АРЕС» колледжінің кіреберіс кең залына жиналған жастардың патриоттық әндерді шырқап, ұрандар тастауы куә.

Экспедиция мініп келе жатқан көліктерге әр қала өзінің эмблемасын қадауы қажет. Олардың жолындағы алғашқы ірі қала Атырау болғандықтан, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мұнайлы мекеннің белгісін өз қолымен бекітті.

Енді экспедиция құрамы жөнінде бірер сөз.  Оның сапында этнографтардан, журналистерден, фотографтардан, бейнеоператордан, әртістерден, т.б. тұратын 20 мүшесі бар. Атап айтар жай – жолға мінілген көліктердің бесеуі де қазақстандық кәсіпорындарда жасалғандығы. Маңғыстау облысы, оның орталығы – Ақтау қаласы туралы түсірілген деректі фильмді тамашалауға болады. Тоқтаған жерлерінде түрлі шаралар ұйымдастырылады. Әр шараның 16-29 жас  аралығындағы кемінде 300 шамалы қыз-жігіттерді қамтуы көзделген.

Осы экспедиция арқылы еліміздегі жастар саясатын насихаттау, Каспий жағалауының туристік әлеуетін паш ету, қазақстандық көліктердің сапасын жарнамалау  да жоспарланған.

…Атырауда аз-кем болып, біраз мағлұмат берген, өздері де қажетті деректер жинаған экспедиция әрі қарай Орал қаласына бет алмақ. Арғы сапар Ақтөбе, Қостанай, Петропавловск, Көкшетау қалаларына қарай  жалғаспақ. Каспийден Алтайға дейінгі аралықты аралайтын экспедиция сапарының соңғы нүктесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Астанада қойылады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Суреттерді түсірген Рахым Қойлыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз