МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ РЕДАКТОРЫМ

Бүгін облыстық «Атырау» газетінің бұрынғы бас редакторы және облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің бас директоры болған белгілі журналист Құмар Кенжеғалиевтің 80 жасқа толуына орай ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылады. Бұл – баспасөз саласына еңбегі сіңген қаламгер рухына деген кейінгі буын тарапынан зор құрмет. Біз де бүгін ізашарымыз, тәлімгер-ұстаз Құмекең туралы бұрынырақта жазған естелігімізді қайта жадымызда жаңғыртқанды жөн көрдік.

Бүгінгі күнгі пайымдауымның биігінен зерделесем, жаңадан қызметке кіріскен жас маманның келешек тағдыр-талайының қалай қалыптасары алдындағы басшысына да тікелей байланысты екен. Отыз екі жыл журналистік жолымда көзіммен көріп, көңілге түйгенімдей, атқарған ісіңе ауыз толтырып жылы сөз айта алмайтын, үнемі тұқыртып отырудан өзінше рахат табатын да бастықтар болады. Ал, керісінше, алға ұмтылған жастың қолтығынан демеп, терезесін тең ұстайтын, ізденісі мен еңбекқорлығы көрініп тұрғанымен, өмір тәжірибесі жетпей жататын жастың тауы шағылмасын деп жаманын жасырып, жақсысын асыратын да басшы болады. Міне, менің журналистік қызметті бастағандағы алғашқы редакторым Құмар Кенжеғалиев осындай биік парасат иесі болатын.

Құмекеңнің бойы да, сойы да редакциядағылардың бәрінен зор, сапқа тізердей болса, ерекшеленіп тұратын. Құдды жөнге көнбегенді жұдырығымен де жасқар тау тұлға дерсің. Ілкі әсерім сондай болғанмен, оның ешкімге күш көрсеткенін де, тіпті, әлдекімдерше жағымсыз сөздермен «тұздықтатқанын» да естімеппін. Қашанғы дағдысы — үлкен болсын, кіші болсын, алдына келгенді көтермелеп, қошеметтеп отыратын. Әсіресе, жастарға айрықша сенім артатын. Тап осы игі қасиетін өз басым ерекше ұнатқам. Өйткені, жиырмадан енді асқан, «қара сөзден сурет салам, өрнек тізем» деп алабұртып жүрген арманшыл жасқа қанат бітіріп, қиялын қияға самғата білу тек сұңғыла тәлімгердің ғана қолынан келер. Бар жазары мен нәтиже-базары көңіл-күйіне көбірек тәуелді шығармашылық жұмыс иесіне сенім арта жағдай жасау тек шынымен де үмітін үкілеген ұлағатты ұстаздың қолынан ғана келер. Міне, мен Құмар ағаның осындай өнегесінен ғұмырыма ғибрат алдым. Бүгінде өзім де редакция ұжымына басшылық жасап отырғанда алғашқы редакторымнан түйген тәлімімді темірқазық етіп ұстанатынымды жасырмаймын.

… Бірде таңертең редакция табалдырығын аттай бере хатшы қыз «сені редактор іздеп жатыр» деп кабинетіме соқтырмастан соңынан дедектете жөнелді. Құмекең әдеттегіше хал-жағдайымды, үй-ішінің амандығын сұрап алды да, байсалды қалыппен сынай көз тастады.

—  Исатай, саған ерекше тапсырма жүктегелі отырмын. Осында талай мықты журналистер бар ғой, бірақ, мына шаруа тек қана сенің қолыңнан келеді деп ойлаймын, — деді де, редакторым бір сәт менен жауап тосқандай үнсіз қалды. «Апырау, сонда осындағы мүйіздері қарағайдай қаламгерлердің емес, тек менің қолымнан келетіні қызық екен. Әлде ағай мені алдап отыр ма, әлде…» деген ой қас-қағымда санамды шарпып өтті.

—  Солай, қарағым, мұны тек менің ғана емес, газет органы саналатын облыстық партия комитетінің, обкомның бюросының тапсырмасы деп ұқ, —  деп және бір тіреп қойды редактор.

— Аға, мен коммунист емеспін ғой…

—  Болмасаң, боласың. Партиялық газетте жұмыс жасағандықтан, өзіңді қазірден бастап коммунистпін деп есепте, — деген Құмекең енді тапсырмасын нақтылауға көшті. — Мынау бір совхоз жұмысшыларының обкомға және редакцияға басшыларының үстінен жазған арыз хаты. Мұндай шағым бір рет емес, пәлен мәрте түсіп отыр, сондықтан, аса мұқият бол, жеріне жете тексеріп, сын мақала жазасың…

Редакторым тағы да бұл істі тек маған ғана сеніп тапсырып отырғанын қайталап, хатты қолыма ұстатты. Хатта не жазылғанын, нендей дау екенін, бұл сапар қалай соғарын әлі білмесем де, кабинеттен ерекше жігерленіп шықтым. Бүкіл облыстық газеттің редакциясында аса жауапты тапсырма маған ғана жүктеліп отыр ғой, ендеше, жалын атпай, шиыршық атпай көр!

 Хатпен мұқият танысып шықтым. Бір совхоздың (шаруашылықтың да, адамдардың да аты-жөнін атамауды жөн көрдім, өйткені, өткен өтті, өздерінің немесе ұрпақтарының бетіне шіркеу болмасын – И.Б.) директоры қарауындағы жұмысшыларға дөкірлік танытады, ешкімнің айтқанына құлақ аспайды, жазықсыз жандарды қудалайды. Тіпті, соңғы кездері совхоздың бас инженері мен оның сол ауылдағы балабақшада меңгеруші болып жасайтын жұбайын да орынсыз қудалаудың астына алыпты. Ақыры, балабақша меңгерушісі жұмыстан шығарылған. Партиялық тәртіпке шақырған совхоздың партком хатшысын да тоңмойын директор жүре тыңдайтын көрінеді. Осындай арыздар аупартком мен обкомға да жолданыпты.

 Сонымен, өзімше жоспарымды құрып алып, қара пәпкімді қолтығыма қысып, жолға шықтым. Совхозда төрт-бес күн болып, керек деген адамдармен түгел сөйлесіп, қажетті деректерді тексеріп, аупарткомға соғып, ондағылардың пікірлерін де білдім. Директордың өзімен кездескенімде көп жайға қаныққандай болдым. Жеті жыл аурудан тұрғандай удай арық баламен «шынжыр балақ, шұбар төс» директорың мүлдем сөйлеспеді десе де болады. Мұрнын шүйіре, менсінбей қарады. Турасын айту керек, обкомның органы — облыстық газеттің редакторы ерекше сенім артып жіберген маған мына қайдағы бір совхоздың жуан қарын директорының қылығы қатты тиді. «Қап, бәлем, көзіңнің еті өскен, совхозды әбден жекеменшік затыңдай көруге, айналаңдағы жұрттан өзіңді зор тұтуға әбден етің өліп кеткен екен, көрерміз…» деп қарапайым этикадан бейхабар бастыққа іштей жауығып аттандым.

Келісімен Құмекеңе кіріп, мән-жайды толығымен баяндадым. «Жаз, өткір етіп жаз, осы мәселе келесі аптада обкомның бюросында қаралмақ, соның алдында сенің мақалаң шығып тұруы тиіс» деді редактор. Мен екі күнде материалды дайын етіп, Құмекеңнің қолына бердім. Сол күні-ақ нөмірге салынған сын мақала ертеңіне оқырманды жағалап кете барды.

 Мақала жарық көрісімен-ақ редакцияға телефон соғушылар да, хат жолдаушылар да күрт көбейді. Бәрінің де айтатыны – «газеттің сыны уытты бола бастады, осыдан таймаңыздар», «сауап болған екен, ондай төрешілдерді осылай тоңқалаң асыру керек». Оқырмандардың айтқанындай, төрешіл тоңқалаң асты. Мақала обкомның бюросында қаралып, оның басты кейіпкері —  әлгі адамды менсінбейтін кердең директор орнынан алынды…

 Адам үшін ең қажет нәрсе — қандайма еңбегіңнің де әділ бағалануы. Дүниеде атқарған ісіңнің еленбей, керісінше жоққа шығарылуынан асқан азап жоқ. Жігерді құм ететін ондай аты басшы, заты қосшыға да татымайтын көркеуделер болады. Құмекең ондайлардың сортынан емес еді. Ол түймедейіңді түйедей етіп, жылы лебізін аямайтын. «Айналайын ҚазМУ – қарашаңырақ қой, онда Таукең (қазақ журналистикасының атасы Тауман Амандосовты айтады – И.Б.) бар, бізге дап-дайын журналист жіберіп отыр» деп лездемеде айдарымыздан жел ескізіп қоюшы еді. Оны бізден он бес-жиырма жас үлкен марқасқа ағаларымыз да бас шұлғи қостайтын. Бір ғажабы, сол кезде жас буынға деген кеңпейіл көзқарас, шынайы тілектестік ерекше болатын. Заманнан ба, адамнан ба, қазір кейде орынсыз аяқтан шалып қалушылыққа, сырттан пыш-пыш сөз айтушылыққа еріксіз куә болатынымыз бар. Еркектері орамал тартуға таяп жүрген мына күншіл заманда сол бір мамыражай кезеңді, көңілдері дарқан, арда мінез алдыңғы толқын ағаларды сағынады екенсің. Солардың бірі де, бірегейі  Құмар Кенжеғалиев ағамыз болатын.

Өз басым еңбекке алғаш араласқаннан азды-көпті еңбегімді әділ бағалай білетін басшыға тап болғанымды Алланың берген бір бақыты деп түсінемін. Сол кезде де кейбір кілауыз пенделер «бастықтың  руластарына іші бұрады, байқа, бала, далақтай берме» деп сақтандырғаны бар. Қолмен ұстап, көзбен көргенім жоқ, әуелден сөзге ергіштігім жоқ, Құмекеңнен ондай оғаш қылықты және көргенім жоқ. Редакцияда қызмет атқарғаныма екі жыл болғанда тілшіліктен аға тілшілікке жоғарылатты, одан жыл өтер-өтпесте арнайы шақырып алып:

— Айналайын, өзіңді жан-жақты көрсеттің, бөлім меңгерушісі болып жасауға даяр тұрсың, тек бос бөлім болмай тұр. Сондықтан да, мен обкоммен келісіп, арнайы құрылыс секторын бөлек ашуға рұқсат алып отырмын. Соған сені  тағайындаймын, айлығың бөлім меңгерушісінікімен бірдей болады, — деп сенім артты. Шынын айтқанда, қызметке келгеніме бас-аяғы үш жылға жетер-жетпесте осынша сенім көрсеткеніне іштей таңырқап, «рахмет, аға» дегеннен басқа аузыма сөз түспеді. Сол сәтте түйсігіме жетпесе де, кейіннен мен оның «әңгіме адамның жасында да, қанша диплом алғанында да емес, іскерлігінде, ізденімпаздығында, істі алып жүре алатындығында, соны санаңа сіңіріп ал» деген тағылымы екенін өмірлік ұстанымыма айналдырдым. Газетке бас редактор болып  келгенімде университетте оқи жүріп, тілші болып қызмет жасап жүрген Ерболат Қаменге сенім арттым. Мінезі де орнықты, қабілеті мол жас жігітті республикалық газеттің жауапты хатшылығына тағайындағанымда сырттағылар түгіл, өзіміздің ішіміздегі әріптестеріміз де түсіне алмай күңкілдеп жүрді…

«Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын…» дейді ғой халық нақылы. Ішіңде сүйсіністі ой-пікірлерің қордаланып, одан қажетіңді өз өміріңе тәлім етіп түйсең де, сол кісінің өзіне білдірудің реті келе бермейтіні де түсінікті. Әлдебір отырыста немесе кездескенде бас салып мақтау айтсаң — жағымпазданып көлгірсігендей боласың, оны өзі де, айналаңдағылар да түсінбей қалуы әбден хақ. Естелік жазып, газетке жариялар болсаң, оны да әлдебір есеппен жасадыға балайтындар табылмай қалмайды. Сөйтіп, менің алғашқы редакторым туралы өзіндік пікірімді білдіруімнің сәті  Құмекең 70 жасқа толарда ғана түсті. Онда да облыстық теледидар Құмар Кенжеғалиевтің шығармашылық өмір жолы хақында телеочерк түсіргенде көңілдегі көрікті ойларымның бір парасын ақтардым. Кейін кездейсоқ көшеде ұшырасып қалған маған Құмекең:

—  Айналайын, мен туралы жақсы сөзіңді аямапсың, рахмет, өркенің өссін, —  деп балаша қалбалақтады. Өзім қысылып қалдым.

— Аға, мен сіз туралы ақиқатын ғана айтып, өзімше нақты оқиғалармен әсірелемей жеткізгім келіп еді, — деп жатырмын.

— Алла разы болсын, айналайын. Сондай тапсырмалар бергенімді өзім ұмытып та қалыппын, сенің әңгімеңді тыңдап отырып, өткен күндерім қайтадан бір жаңғырғандай болды, — деп бір күрсінген еңгезердей ағаның бір сәт жанарына жас тұнғандай үні құмығып шықты. Өмірлік жарынан айырылып, жаны жалғызсырап жүргені ме екен, әлде өзінен кейінгі інілерінің ілтипатына көңілі босады ма екен?  Сәлден кейін бойын тез жинап алған ол қолымды қысып тұрып:

—  Міне, баяғыда талдырмаш қана болып алдымызға келіп едің, сен де үлкен азаматсың, жазғандарыңды оқып жүремін, абыройың арта берсін, құлдығым, — деп мейірлене қарады.

Құмар ағаның сол ағынан жарылған тілек-сөзі мен сол сәттегі мейірбан жүзі көз алдымда сол күйі жатталып қала берді. Бүгінде көзінің тірісінде інілік риясыз көңілімді сезініп кеткеніне ғана қуанамын…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз