ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПАДИШАСЫ

Қазақстанның  Халық  жазушысы,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты Фариза  Оңғарсынова  өмірден  өтті

Даңқына  бас  иеміз

Ұлттық руханиятымыз орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Ұзын-ырғасы екі жылдай уақытқа созылған дауасыз ажалмен мігірсіз айқас біржолата тынды. Періште әуезді перен ақын мәңгілікке көз жұмды. Қазақтың жұлдызы быжынаған жазғы аспанындай зеңгір көгіне жарық самала мәңгілікке орнады.

 Өтіп бара жатқан дәурен-ай десеңізші. Фариза екеуміз бір жылдың, бір айдың төлі едік. Әдебиетке бірге келіп, жарыса жазып  едік.  Оның  жазғандарына өз жазғанымнан бетер қуанушы едім. Алған асуларына, шыққан шыңдарына еріксіз сүйсініп, ерекше тамсанатынмын. Шынында да, ол тал бойында бір міні жоқ ұлы ақын еді. Сондықтан да, оның туындылары жарық көрген бойда қалың оқырман қауымның жүрегіне жол табатын. Үлкен де, кіші де, әйел де, еркек те бірдей қадірлеп, төбелеріне көтеретін. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаңыз да, оны өз перзентіндей аялап, әлпештейтін. Ол ел арасында ақылман  Абайдай,  алдаспан  Махамбеттей, айтқыр Қасымдай,  ақиық  Мұқағалидай  айрықша қастерленетін. Нағыз бүкілхалықтық махаббатқа ие еді. Жұрт оны алмастай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көретін.

Оның ауырып жатқанын естіп бүкіл оқырман қауым дүр көтеріліп, тебіреніп-теңселіп кеткен-ді.  Шет елден  тезірек  айығып келуін тіледі. Жолын күтіп сарылды. Кезекті жыл кітабы деп ақынның «Дауа» атты жинағы  аталды. Соған арналып жер-жерде ұлы думан тойлар, жыр кештері өткізілді. Ауруханада жатқанында оның шығармашылығына баспасөзде арнайы беттер берілді. Шынайы тілеулестік лебіздер айтылды. Мұндай әр сөзінен от шарпыған ыстық махаббатты өз тұсында Абай да, Махамбет те, Қасым да, Мұқағали да көре алмай кеткен-ді. Олар өмір сүрген өгей дәуір өте қытымыр еді. Ал, Фариза көріп кетті. Бұлай болуы да әбден заңды еді. Өйткені, оның тұсында халық махаббатының жарқырай көрінуіне айдын жол ашылды. Оның үстіне Фаризаның өзі де соған лайық еді. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген осы еді.

Халық махаббатының айдынында жүзген ақын даңқы өзінің жеңімпаздық жолын жалғастыра бермекші. Ел сүйіспеншілігі еселене түспекші. Өйткені, Фариза соңына өлмес, өшпес мұра қалдырып кетті. Әрлі де нәрлі өлеңдерін қалдырды. Аяр ажал бәрібір дегеніне жете алмады. Ақ семсердей жарқылдаған жасын жыр әлі де өз дегенін істей бермекші. Аяулы ақынға деген ел махаббаты үстеген үстіне үстей бермекші. Мәңгілік ғұмырын бастаған ақын даңқына бәріміз бас иеміз.

Бақұл бол, Фариза!

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,

Халық жазушысы,

Қазақстанның Еңбек Ері. 

Қадірлі қарындасымыз  еді

Әдетте әсем самал есетін сонау Алатаудың баурайынан бұл жолы жаманат хабар жетті. Фариза қарындасымыз өмірден өтіпті. Халқымыз біртуар қызынан айырылыпты. Қазақтың қарашаңырағы қайғы жамылыпты. Ұлттық әдебиетіміздің қабырғасы қаусапты.

Ал, бұл қаза атыраулықтар үшін бірнеше есе ауыр. Фариза тұтас республикаға ғана емес, күллі әлемге мұнайлы мекенді танытты. Туған жерінің тұғырын тіктеп, туын көкке көтерді. Елінің еңсесін түсірмеді. Басқа басқа ғой, Мұқағали  тәрізді  марғасқа ақынның шығармашылығына арқау болған қарындасымызды  қалай  мақтасақ  та  татырлық емес пе?

Сонау алпысыншы жылдардың соңында мен Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. Ал, Фариза облыстық газетте қызмет істейтін. Содан бір күні алдыма келді. Партияға өтуге өтініш білдірген екен. Сол кездің өзінде аты шыққан ақын болатын. Болашағынан үлкен үміт күтетінбіз. Бірақ, кеуде қағып тұрған жоқ, сыпайы қылығымен есте қалды. Бюро мүшелері ешқандай қарсылық білдірмеді. Бірауыздан партия қатарына қабылдадық. Кейін партбилетті де өзім тапсырдым. Біраз уақыттан кейін ол Алматыға кетті. Ол кезде Алатаудың баурайы ақын-жазушылардың жиналған жері еді ғой. Талай жастың таланты сонда танылып, талабы тау қопарған. Фариза да сол шығармашылық ортадан өз орнын тапты.

Жалпы, Атыраудан шығып, елге танылған ақын-жазушылар аз емес. Солардың ішінде қыздарымыз да баршылық. Бірақ, Фариза қарындасымыздың орны бөлек болатын. Ол шығармашылық шабытын мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлігімен ұштастыра білді. Парламент Мәжілісінің қос мәрте депутаты болды. Сонау жылдары үміткерлер халықтың терең талқысына түсетінін, жұртшылық үздіктерін ғана таңдайтынын ескерсек, көпшілік сенімін арқалаудың да қаншалықты қиындығы түсінікті.

Фариза қарындасымыз Елбасымен еркін сөйлесетін аз ғана тұлғалардың бірі еді. Мемлекет басшысы да ақын қыздың елдік деңгейдегі мәселені қозғайтынын біліп, сұхбаттасып тұруға ерекше ынта білдіретін.

Міне, енді сол қарындасымыз да қайтпас сапарға аттаныпты. Қош дейміз. Барар жерің жұмақ, топырағың торқа болсын. Жұртыңның жүрегінде, еліңнің есінде қаларың кәміл.

Есен ТАСҚЫНБАЕВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері,

Атырау облысының Құрметті азаматы. 

Жұлдыздың жарығы өшпейді

Атыраудың мақтанышы да, маңдайалды жұлдызы да, мерейі де еді Фариза. Бүгінде қазақ поэзиясының падишасы, жыр әлемінің Хантәңірі, барша Қазақ елінің аяулы қызы бола білген Фариза Оңғарсынова Еділ-Жайық екі өзен аралығындағы  Манаш ауылында туып-өсті. Оның бүкіл өмір жолы бір ауылда бірге өскен менің көз алдымда. Мен оның ағасы Махизбен бірге оқып, араласып тұрдық. Фариза қарындасымыз қасымызда қатар өсті. Жастайынан зерек, ер мінезді, өткір ойлы болған еді. Мектепте оқып жүрген кездерінде-ақ оның өлеңдері облыстық газет беттерінде шығып тұрды.

1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірді. Одан соң аз уақыт мұғалімдік қызмет атқарды да, 1966 жылы облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне әдеби қызметкер болып орналасты. Мен ол кезде осы газетте бөлім меңгерушісі едім.

Фаризаның әдеби өмірге нағыз бетбұрысы осы облыстық газеттен басталды. Осында жүріп ол республикаға танылды. Ақын, журналист ретінде ойлы мақалаларымен, кестелі жыр-поэмаларымен көрінді. Кейінгі  жылдары ол өзі де «Менің тұсауымды кескен – «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясы, сондықтан мен бұл ұжымды ерекше қастерлеймін» деуі тектен-тек емес еді. Біздер, аға журналистер – мен және Саламат Хайдаров, Түсіп Бисекенов, Әбуғали Ғабдуллин және  басқалар  Фаризадай елі ардақтаған ақын қыз тәрбиелеп, ұшырғанымызды мақтан етуші едік.

Фариза Оңғарсынованы облыстық газет редакциясы ұжымынан 1968 жылы «Лениншіл жас»  газетіне қызметке жібергенде ақ  батамызды  бергенбіз. Соның бәрі қабыл болды. Ол елді аузына қаратқан адуынды ақын, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді…

Міне, бүгін ауыр қайғыға ұшырадық. Өкініш өзекті өртейді. Иә, ол  жұлдыз бола білді. Жұлдыздың жарығы ешқашан өшпейді. Сенің жырларың жүректерде жаңғыра түседі. Бақұл бол, аяулы Фариза қыз!

Шөпенғали ДӘУЕНОВ,

ардагер журналист,

Атырау қаласы.

Бүгін  неге

жылаттыңыз,  Апа?..

Бізді тастап, тастап асау Жайықты,
Бейуақта бетке алдың ба ғайыпты.
Күңіренткен күллі жұртты қазаңа,
Жоқтау жаза алармыз ба лайықты…

Асқағым-ай, алты алашқа ар болған, 

Сен де көштің опасыздау жалғаннан.
Өрт болып ең кезімізде жаураған,
Серт болып ең сәтімізде алданған. 

Аруанам-ай,бота көңіл боздап тұр,
Көне күннен жеткен күйді қозғап құр.
Қу шанақта безілдеген қос ішек,
Сағағынан үзілуге аз қап тұр.

Қарасаздан, Қарауылдан, Қаройдан,
Қаралы сөз қалың жұртқа тарай ма?!
Қара өлеңнің қақыратып кеудесін,
Қарғыс атқыр, ажал қалай тонайды, ә…

Алыстан-ақ айбарыңды сес қылып,
Жүруші едік, жалт етті де өшті үміт.
Өкінішпен өмір сүрген халық ек,
Кімді, қашан жоғалтқанын кеш біліп.

Сізсіз енді сағыныш боп таң атар,
Қазір бізге қала сұрғылт, дала тар.
Жұбатушы едіңіз ғой үнемі
Бүгін неге жылаттыңыз, жан-апа?!
Бүгін неге жылаттыңыз, жан-апа?!

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

 

 

 

Әр  санада – Фариза

Дүбірінен ғасырлардың,

Төбелері төңкерілген Нарыным.

Дүрілінен асырған мұң

Естіледі бабалардың зар үні.

Дүниені сапырғандай

Наз – қайғының сарыны.

Ағып түсті-ау поэзия нұр көгінен

Жарқыраған жарық жұлдыз –

Жар даланың тағы да бір дарыны!

Дана қазақ Фаризасы,

Маржан сөздің падишасы.

Жабылғандай сәуле шашқан  сахна

Асыл елдің саусағынан

Сусып  түсті гауһар көзді сақина.

Лираның үзілгендей алтын тіні «дың» етіп,

Дүние қалды дір етіп.

Пай-пай, заман, қандай еді жырлары,

Үзіле де рахаттана тыңдаушы еді

Паң даланың қырлары.

Шұғыламен күн сәндеген

Алатаудың  шыңдары.

Сұлулардың жүздерінен төгілгендей

Мөлдіреген нұрлары.

Әр сазында – махаббаттан елжіреп,

Жігіттерге үзіле айтқан сырлары,

Бал тамғандай мұңлы әні.

Пай-пай, заман, қандай еді жырлары?!

Ол өлеңін оқығанда

Сәукелесін сәндеп киген

Гүл жалт етіп қарайтын.

Ақ қайыңның майда самал

Шашын сәндеп тарайтын.

Жырларынан жылдар сөйлеп,

Тебіреніп ғасырлар.

Құм Нарыннан шыға келіп

Исатай мен Махамбеттей батырлар,

Сұңқар болат қылыштардан

Жарқ-жұрқ етіп ойнайтын-ды жасындар.

Қазағымның жадыраған көңілі

Алматының, Астананың,  Атыраудың өмірі

Фаризаның жырларымен сәнденіп,

Ғұмыр – дария тұрғанында әрленіп,

Әспеттейтін шығыс жақтан Таң келіп.

Уа, халқым, Фариза – Аққу

Кетті ұшып, қоштасып Нар Даламен.

Бірақ, қалды қасымызда ақ өлең,

Әрбіреуі ақ мақтадай пәк өлең.

Әрбіреуі үлбіреген сәбидей,

Нәрімізге айналып мына дүние – фәниде.

Әрбір өлең енді бізге Фариза боп сөйлейді,

Әрбір өлең сахнаға Фариза боп төрлейді.

Әрбір өлең Фаризаның жігерінен от алған

Әрбір өлең санамызға бұлақтайын құйылып,

Жауларына намысын еш бермейді.

Қайсар жырлар дәуірлерге ұласып,

Ешқашан да өлмейді!

Падишаның Алтын Тағы – әр қазақтың санасы,

Фаризаны тербетеді Алтын Бесік – Даласы!

Қадыр Жүсіп,

курстас жолдасы,

филология ғылымдарының докторы, профессор. 

 

Қайран  апам!

Сұм ажал дейміз. Қате сөз. Алланың бұйрығы, ақ жолы ғой, ағайын. Қабырғамыз қанша қайысса  да,  мойындалар  шындық  сол – бар мен жоқтың, пәни мен бақидың ортасын еншілеген бір ғұмырда татар дәм, көрер қызық та өлшеулі. Қазақ жырына қайталанбас құбылыс боп енген, мейірімімен мейманаңды тасытар, мінезімен мәймөңкеңді жасытар  Фариза апа да өтті дүниеден.

Іні болдық, аз-кем ілтипатына іліктік. Қорқып сыйлаушы едік. Сыйлап, қорқушы едік. Жас кезде жөнсіз қылық көрсетсек, «Фариза апам ұрсады» деп зыр-зыр қашатынбыз. Қаша-қаша біз де қартайдық. Ал, апамыз жасампаз жырымен, жарқын тұлғасымен мәңгілікке шеру тартты. Кешегі Кеңес дәуірінің өзінде аты Фазу Алиева, Сильва Капутикяндармен қатар аталып, Одақтық баспасөзде ұлы ақын деп мойындалған Оңғарсыновадай тұлға қазақта санаулы еді ғой.

Көңілде көп естеліктің көмбесі. Бір күні Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед шақырды. Айтқан тапсырмасы – «Алматыда апамның 70 жылдық тойын өзім өткіземін. Опера  және балет  театрында.  Сіз  «Фариза мен Мұқағали деген бір актілі пьеса жазыңыз. Уақыт тығыз. Таңертең дайын  болсын.  Академтеатрдың әртістеріне қойдырамын», – десін. 

Мұқаң кең құлашты азамат қой. Айта қаларлықтай салтанат өтті. Спектакль де көптің көзайымына айналды. Мұны айтқаным – апамның бізге деген өлшеусіз ықылас-пейілінің аз да болса өтеміне жарағанымды бүгін көңілі құрғыр медет тұтып отыр.

Қызуы бет шарпыған отты өлеңдерді жаза-жаза өртеніп кеткен апам-ай, иманың салауат болғай!

Рахымжан  ОТАРБАЕВ,

жазушы-драматург,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері. 

Қош  бол,асқақ  рухты ақын  Фариза!

Қазақтың айбынды ақын қызы Фариза Оңғарсынова туып-өскен Атырау өңірі көптен бері қар көрмей, күні кеше ғана қара жер ақ көрпесін жамылған болатын. Демек, ақын жанын ақ періштелер қорғаштап жүрген шығар деп ойлағанбыз. Алайда, мейірімсіз ажал ақынға құтылмастай құрығын салып үлгерген екен.

Қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас ауыр қазаға душар болып отыр. Әдебиет аспанынан  тағы бір шоқ жұлдыз ағып түсті. Бұл қаза тек поэзия сүйер қауымның ғана емес, қазақ халқының қайғысы деп білеміз.

Өсірген өжет етіп өлке мені,

Ерлердің ерлігімен көркем еді.

Тілімде найзағайдың ұшқыны бар, –

Тіл тартпай талай ақын өртенеді, – деп өзі жырлағандай, кәрі Каспийдің адуынды толқындарындай өршіл мінезді, асқақ рухты, найзағай тілді дүлдүл ақынның бақилық дүниедегі екінші әлемі басталып та кетті.

Түркі дүниесіне аты мәшһүр қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, қазақ  халқының көрнекті ақыны,  университетіміздің түлегі және Құрметті  профессоры, республикалық  «Тұмар» әдеби-көркем журналының бас редакторы  Фариза Оңғарсынқызының дүниеден озуына байланысты отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

Бейбіт МАМРАЕВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің ректоры,

профессор. 

Өмірден өр жүректі өлең  өтті…

Қазақ өлеңінің өр жүректі, асқақ рухты ақыны өмірден өтті. Махамбет тектес  өлеңі де, өзі де хас текті адам еді марқұм Фариза апам. Марқұм деуге де қимайсың. Жүрек қан  жылайды.

Бір кезде қазақ поэзиясын ерлер және қыздар поэзиясы деп қарау үрдіске айналған. Соны бұзған, поэзияда ешқандай шекара жоқ екенін дәлелдеген, жаңашыл, ойшыл, әдебиеттің бар саласына құлаш сермеген классик  ақынымыз еді. Артынан ерген жастардың қамқоршысы еді. Мені поэзия әлеміне жетелеп әкеліп, даудан да, жаудан да қорғайтын еді  қайран апам. Кеңес өкіметінің ешкімге қарсы сөз айтқызбайтын заманында Қазақ  радиосынан  әділетсіздіктер туралы ащы сөз айтып, қайсарлығын көрсеткен алмас қылыштай асыл апам. Біреу бір үлкен жиналыста Ленинді «кемеңгер» деп мақтап қоймағанда:

– Сол кісінің кемеңгерлігіне күмәнім бар, – деп сарт еткізіп залды бір сәт естен танғандай тыныштыққа тап қылған батыр апам. Сол кезде ондай сөзді айту үшін қандай жүрек керек!

Біз Фариза апаның ығында жүріп өстік, өйткені оны пір тұттық, табындық.

Осыдан он бес шақты күн бұрын сөйлескенде өзін қоя тұрып, менің жағдайымды сұрап шыр-пыр болып еді. Бір көргенге қатқылдау сияқты болғанмен, аса мейірімді, ел жағдайын, азаматтардың амандығын тілеп отыратын еді. Қазіргі қазақтың белгілі азаматтарының көпшілігі Фариза апаның ақылына жүгінетін, поэзиясына бүкіл халық бас иетін.

Міне, ажал алдында дәрменсіздігімізді  тағы бір  таныттық, ауызға ащы зардан басқа сөз түспейді.

Топырағың торқа болсын, поэзия Падишасы!

Шәкіртің  Қойшығұл  ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Қазақстан Жазушылар Одағы

Атырау облыстық филиалының директоры.

 

 

Қоштасу рәсімі 27 қаңтар күні өтеді

27 қаңтарда сағат 10.00-де Астана қаласындағы «Көрме»  орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын  Фариза  Оңғарсыновамен  қоштасу  рәсімі   өткізіледі.  Бұл туралы «Бәйтерек» медиа орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз