БІЗ ҚАЛАЙ ӨРТ СӨНДІРУШІ БОЛДЫҚ?

Руханият

Журналистердің кәсіби мерекесіне орай, бүкіл төтенше жағдай бөлімшелеріне тілшілерді өрт сөндірушілердің бір күнімен танысуға шақырған болатын. Олардың қатарында біз де бір күнімізді осы өрт сөндіру қызметіне арнадық.  Сөйтіп, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бөліміне бардық.

Таңның шапағымен бірге сапқа тұрған жауынгерлерді бөлім бастығының орынбасары Бейсенбай Мәулімұлы түгендей бастады. Саптың ішінде біз де тұрмыз.

Сөйтіп, жаттығу сынағынан өтетін кез де келді. Осы ретте атап айту керек, бөлімше биыл жаңа жаттығу жарақтарымен қамтылған екен. Соның бірі – көлемі шамамен 6х6 метр болып келетін, ішіне түтін жіберетін бөлме. Оған қарама-қарсы бөлмеде жүгірмелі саты бар. Ол жауынгердің баспалдақпен жоғары жүгірген кездегі шапшаңдығын арттыруға арналған. Сондай-ақ, биіктігі үйдің тоғызыншы қабатына дейін жететін саты да бар.

Біз жұмысымызды әуелі түтін жіберетін бөлмеден бастадық. Оның ішіне өртте қалған адамдардың дауысы шығатын колонка орнатылған. Бұған кірерде командир жүйкеміздің қаншалықты мықты екенін сұрап, «егер психологиялық тұрғыда әлсіз болсаңыздар, бас тартуға кеш емес» деді. Біз, «Ақ Жайық» газетіндегі әріптесім Анастасия Пастухова екеуміз, «өртпен алысуға дайынбыз» деп, нар тәуекелге бел будық.

Сонымен, дабыл қағылды. Басымызға каска, бетімізге баллонға жалғанған противогаз, үстімізге от өткізбейтін қалың костюм кидік. Противогаздың баллондарын арқамызға асындық. Бүкіл киіміміздің өзі жиырма килограмнан кем емес.

Міне, өрт болып жатқан нысанның бөлмесіне кірдік. Түтін арасынан ең алғаш көргеніміз – еңбектеп жүрген адам ғана сыя алатын, бұрылыс-қалтарысы көп тор ұяшықтар болды. Іші түтіннен әзер көрінеді. Жол бастап жүрген жауынгер «осы торлардың ішімен еңбектеп өтеміз» деді. Бұйрықты орындауға кірісіп кеттік. Тасбақаша тырбынып, еңбектеп келеміз. Жан-жағымыздан шыңғырған әйел, жылаған баланың төбе құйқамызды шымырлатқан дауысы шығады. Арасында жалынның гүрілімен қатар, тарс-гүрс еткен құлақ тұндырар дыбыстар да естіледі.  «Мынаны күнде көріп жүрген жауынгерлердің жүйкесі неткен берік» деп ойладым. Бір мезгілде өте тар жіңішке тұрбаға тап келдік. «Бұған қалай сыяр екенмін» деп ойлаймын. Оның үстіне арқамда томардай ауыр баллон бар. «Нар тәуекел» деп ұзындығы үш метр тұрбаның ішіне кіріп кеттім. Енді мұның ішінен жыланға  ұқсап ирелеңдеп өтпесең, өзге амалы жоқ. Сөйтіп, алға жылжып келе жатыр едім, қақ ортасына келгенде кептетілдім де қалдым. Енді не артқа, не алға жылжи алмай тырбаңдап жатырмын. Менің алдымда жол бастаушы жауынгер бар еді, сол жігіт артына кері бұрылып келіп, қолын созып зорға дегенде сүйреп алып шықты. Не керек, әйтеуір, бір сәтте қара терге малшынып, тынысымыз тарылып жүріп бұдан да өтіп шықтық. Сөйтсек, алда бұдан да қиыны тұр екен. Алдымызда ұзындығы сегіз  метрдей, ал бойына адам әзер сиятын тұрба жатты. Сыртын отпен қыздырып қойған. Соның ішінен Настя екеуміз жыланша ирелеңдеп тағы өттік. Одан шыққан соң үлкен алаңқайда өртке оранып тұрған бөшкеге жүгіріп жеттік. Сол сәтте айналаны азан-қазан қылып, өрт сөндіру көлігі де бөшке жанына тұра қалды. Қара түтіні буырқана будақтаған алып аждаһаның қызуы он метрдей қашықтықта тұрған адамның бетін қаратпайды. Мен өзімше қолыма ұстаған көбік шашқыш шлангамды жақындап барып шашпақшы болып едім, жалынның қызуы бетімді бір шарпып өткенде шланга түгілі өзімнің қайда қалғанымды білмей қалыппын. Бетіме тиген от емес, тек қана оның қызуы еді. Ал, өрт сөндірушілер осынау «тозақтың» ішінен қаншама адамды құтқарып жүр десеңізші?! Содан не керек, өртті сөндіру кәсіби мамандардың өздеріне бұйырды.

Ендігі сәтте биіктігі тоғыз қабат үйге жететін сатыға шығу керек болды. Бұл кезде  Настя, қыз бала ғой, қатты шаршаған еді. Сатыға мен шықтым. Әдетте жауынгерлер, егер өрт оныншы қабаттан жоғары орналасқан үйлерде бола қалса онда осы сатымен тоғызыншы қабаттың терезесінен кіреді де, әрі қарай биік қабаттарға жаяу жүгіреді екен. Яғни, саты тоғызыншы қабатқа дейінгі биіктікке арналған. Алдағы уақытта одан да биігін алу жоспарда бар көрінеді. Бізге төменнен қарап тұрған бөлімнің баспасөз қызметі маманы Жанар Қаржаубаева: «Төменге қарама, басың айналса айт, кері түсіреміз» дейді. Әйтеуір, абырой болғанда, басым айналған да жоқ, төменге де қорықпай қарадым. Ал, шындығында шайқалақтап тұрған қоршауына екі-үш адам әзер сыятын саты өте қорқынышты еді.

Сонымен, бір күнімді өрт сөндіруші сарбаздармен бірге өткізіп, олардың қызмет барысында күнде көретін қиындықтарын сезінгендей болдым. Командир де бізге риза болып, алғысын айтып, кәсіби мерекемізбен құттықтап, әдемі қойын дәптер мен қаламсап сыйлады.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған