ЖЕБІРЛЕРДІ ЖЕҢГЕН ЖАН

Еліміздің жемқорлық атты жегіқұртпен күресті Совет Одағының шекпенінен шыққан мемлекеттер арасында бірінші болып бастауы тегін емес-ті. Өйткені, үлкенді-кішілі билік тұтқасын ұстағандардың халық қазынасын талан-таражға салуы іргелі мемлекетті де іштен ірітетін қатерлі дерт екені қапысыз. Ендеше, бюджет қаржысының орынды жұмсалуын, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын қадағалайтын уәкілетті органға жүктелер міндет те жеңіл емес. Кәсіби еңбек жолын осы бір жауапты саладан бастап, өмірінің соңына дейін табан аудармастан жемісті еңбек еткен қаржы саласының білікті басшыларының бірі Жеңіс Исләмғалиұлы Дүйсенғалиев еді.

ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

Гурьев қаласындағы Абай атындағы орта мектепте жүргенде-ақ есеп-қисапқа жүйрік Жеңістен ұстаздары физика-математика мамандығына таңдау жасар деп үміттенетін. Алайда, ол әке жолын жалғастыруды ұйғарып, Петровский атындағы машина жасау зауытының жұмысшысы атанды. Екі жылдан кейін әскери борышын өтеуге аттанды. Сарбаздар қатарындағы күнделікті оқу-жаттығу денені шынықтырып қоймай, ой-сананы да ширықтыра түсті. Мамандық таңдауға байыппен қарай бастады. Жүрек дүрсілі бағдар тілін қаржы саласына бағыттай берген.
«Тәуекел түбі – жел қайық» дегендей, 1966 жылы әскер қатарынан оралысымен Семей қаласындағы қаржы-экономикалық техникумынан бір-ақ шықты. Тәжірибелі оқытушылардан тәлім алып, мамандықтың қыр-сырына қанықты. Оқу орнын ойдағыдай аяқтап, Гурьев облыстық қаржы басқармасына экономист қызметіне қабылданды. Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіріп алды.
Ел экономикасын алып организм десек, қаржы – сол дененің тұла бойына қан жүгіртіп тұрған жүрегі. Ал,бюджеттің ақшасы тиын-тебеніне дейін тиімді жұмсалып жатса елдің абыройы, халықтың мерейі. Өкінішке орай, бұл арман ғана. Мемлекет қазынасынан ебін тауып қарпып қалуды көздейтін, осы жолда небір құйтұрқы амалдар ойлап табатындар аз емес еді. Олардың жалған құжаттарын әшкерелеп, сұғанақ қолдарын қалт жібермей қиып түсетін қырағылық, кәсіби шеберлік ауадай қажет. Осынау мемлекет алдында тұрған жауапты міндеттерді айқын сезінген жас маман аз жылда-ақ іскерлігімен көзге түсті.

ЖЕГЕНДЕРІ ЖЕЛКЕСІНЕН ШЫҚТЫ

1970 жылы медицина қызметкері Ғашия Абайқызымен көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Жас отбасының жауапкершілігі мен қызмет міндетін қатар алып жүруге тура келді. 1971 жылы ҚазССР Қаржы министрінің бұйрығымен Жеңіс Дүйсенғалиев Гурьев облысы бойынша Қаржылық бақылау басқармасының бас бақылаушы тексерушісі болып тағайындалды. Ол кезде елде мемлекеттік және кооперативтік меншік болатын. Басқармаға облыс аумағындағы барлық мекеме, кәсіпорын, шаруашылық субъектілерінің қаржылық ахуалын қадағалау, бюджет түсімін толықтыру міндеті қойылды.
Арада екі жыл өткенде қазыналы түбек өз алдына шаңырақ көтеріп, Жеңіс Дүйсенғалиев Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық бақылау басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Айналдырған үш жылда қазыналы түбектегі тексеру-қадағалау жұмыстары жолға қойылып, Жәкең Гурьев облысы бойынша қаржылық бақылау басқармасының бастығы болып қайтып оралды. Ол кезде қазіргідей салық басқармасы, қаржы полициясы деген құрылымдар болған жоқ. Сондықтан негізгі салмақ та осы басқарма қызметкерлеріне түсетін-тұғын. «Алтынды көрсе, періште жолдан таяды» деген. Ақшаны ойласа, көздері ойнақшып, жұтқыншағы бүлкілдеп кететін жемқорлар жоқ емес. Олардың құрық бойламайтын талай қулығы тексерушілердің қырағы назарынан қағыс қалмай, әлденеше мәрте әшкере болды.

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕГЕН…

Жәкеңмен ұзақ жылдар қызметтес болған қазір ҚР Қаржы министрлігінің Атырау облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары Ғилаж Бекмұқанов былай деп еске алады:
– Ағай қызметкерлерін жинап, жұмыс барысын сұрап отырады. Бәріміз не тындырып жатқанымызды баяндап береміз. Арамызда Меңдеш деген ардагер болды. Содан «Мәке, пәпкелерді ақтарғаныңа біраз болды, не шығып жатыр?» десе, «қарап жатырмын ғой, жалған деректер «мен мұндамын» деп бүлкілдеп жатса екен» деп күлдіргені бар. Жәкең сонда да ренжімейді. «Жастарға өнеге көрсетіп, жұмысты ширату керек» деп қоятын…
Жеңіс Исләмғалиұлы өмірінің жарқын бір тұсы еліміздің тәуелсіздік алуымен сабақтасып келген-ді. Елбасының 1992 жылғы 17 наурыздағы «Қылмыс пен жемқорлықтың ұйымдасқан түрлерімен күресті күшейту шаралары туралы» Жарлығы бұл салаға түбегейлі өзгеріс әкелді. Жаңа құрылымдар пайда болды. Қаржы министрлігінің жанынан Қаржы бақылау комитеті құрылып, Жәкең оның Атырау облысы бойынша басқарма бастығына тағайындалды. Елдегі меншіктің түрі көбейіп, шет елдермен бірлескен кәсіпорындар құруға талпыныстар байқалды. Осыған орай жаңа басқарманың да штаты кеңейіп, жұмыс ауқымы өсті. Бұрын он бес адам қызмет істесе, енді олардың қатары жүзге жетті.
Жәкең кадрларды іріктеуге көп мән берді. Қазіргі Қаржы бақылау инспекциясының бастығы Меңдіхан Лұқпанов, тәжірибелі маман Болат Қуанышев сол тұста қызметке қабылданған еді. Аудандарда бөлімшелер құрылып, 5-6 адамнан штат бекітілді. Олардың бәріне орын жасақтау, басқарманың материалдық-техникалық базасын жақсарту, жұмыстың тиімділігін арттыру сияқты қыруар шаруаны атқаруда ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған сол қарбалас күндер жүрекке де едәуір салмақ салып кетіп еді.
Қан қысымына қарамай, Алматыдағы комитеттің алқа мәжілісіне де өзі барды. Басшылық басқарманың атқарып жатқан жұмысына оң баға беріп, «алда Атырау іргелі экономикалық аймаққа айналады. Әйгілі «Шеврон» корпорациясымен бірлескен кәсіпорын құрылып жатыр. Оның айналасында да көптеген мердігер мекемелер болмақ. Соған әзірлік жасай беріңдер» деген кеңес айтыпты. Таулы жердің климаты жүрекке жайлы тимейтіні мәлім. Жәкең де сол сапардан едәуір ауырсынып келіп, ауруханаға жатты да, аз күнде жарық дүниемен қош айтысты. Сүйікті ұлы Аманкелдінің студент атанған жүрекжарды қуанышын естуге де тағдыр жазбапты. Қазақ мүшел жасты «сын көпір» деп бекер айтпаса керек.
– Жер ортасына да жете алмай, қамшы сабындай қысқа ғұмыр кешсе де, дос-жарандары көп болды, – деп мұңая еске алады жұбайы Ғашия апа. – Мәскеу, Алматыдағы комитет қызметкерлері, аудандардан жиналысқа келіп жатқандар бар, әйтеуір, үйден қонақ арылмайтын. Ағайын-тумаға да қамқорлығы аз тиген жоқ…
Балдыздарының бірі Тұрсын апа «біздің үйде тоғыз той болды, солардың бәрі де жездемнің көмегімен ойдағыдай өтті» деп ағынан жарылады. Тұрсын апа бүгінде Марат атты өмірлік серігімен қызы Ақмаралды қияға қондырып, жиендер сүйген бақытты отбасы.
Жалпы, Дүйсенғалиевтерді қаржыгерлер әулеті десе болғандай. Ақтолқын әкенің ізін басып, міне, жиырма жылдан бері инспекцияда бас бақылаушы тексеруші. Қарындастары Мырзагүл мен Гүлнар, інісі Ғинят, келіні Мейрамгүл бәрі де – осы саланың майталмандары. Ұлы Амангелді – облыстық прокуратурада белді қызметкер. Өмірде ізіңнің өшпегені, ісіңнің жалғасқаны деген осы да.

Аманғазы ЖҰМАҒАЗЫҰЛЫ,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз