Жазушы жинағы – татар тілінде

    Татарстанның астанасы Қазан қаласынан жан сүйіндірген жақсы хабар келіп жетті. Жазушы-драматург, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Рахымжан Отарбаевтың повесть және әңгімелер жинағы «Шыңғыс ханның көз жасы» деген атпен жарық көріпті. Қазақтың Ұлы Абайдан бастап, классикалық әдебиетін қалыптастырушы ақын-жазушыларының, ағартушыларының туындыларын басып шығарып, тұсауын кескен Қазан баспасы міне, тағы бір жақсылыққа жаршы болып отыр. Аталмыш дүниені орыс тілінен татар тіліне аударған — жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Гаяз Исхакый атындағы сыйлықтың лауреаты Флера Тарханова. Кітаптың аннотациясында: «Бұл жинаққа танымал қазақ жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың татаршаға тәржімаланған повесі һәм хикаялары енгізілді. Олар сізді қазақ халқының мінез-құлқын, тұрмыс-салтын, табиғатын, тарихын арқау еткен оқиғалар дариясына сүңгітеді, автордың өзіне тән тілі, стилі, т. б. таныстырады» делінген. «Кереш сүз» деген кітаптың кіріспесінде атағы алты алашта асып, шетелдерге жеткен, туындылары қырғыз, қытай, орыс, араб, ағылшын, француз, итальян, болгар, монғол тілдеріне аударылып, аталмыш елдердің баспаларынан оқырмандарына жол тартқан жазушы-драматургтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы айтылған. Жинаққа Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты повесі мен «Актриса», «Тоқтышақ», «Аспандағы ақ көбелектер», «Американың ұлттық байлығы», «Біздің ауылдың амазонкалары», т.б. әңгімелері енген.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз