ЖҮРЕКТЕРДЕ ЖАТТАЛЫП ҚАЛҒАН

Ақжарқын. Ақадал. Мейірбан. «Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоғаның Сағыз ауылындағы талай таланттарды түлеткен Кенбай орта мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен Нұрсұлу Қожырбаеваның асыл бейнесі осы ұғымдармен астасып жатыр...

 

Бала күнімізден тай-құлындай тебісіп өскен осы бір қара торы келген талдырмаш қыздың тұла бойы тұнған адамгершілік еді. Ұжымына сыйлы, шәкірттеріне үлгі тұтар ұстаз бола білуінің сыры да осында сияқты. Ол ешқашан ешкімді жатсынған емес. Ақжарқын мінезімен үлкенге де, кішіге де қамқор бола білген Нұрсұлуды бүкіл ауыл жақсы көретін. Иман жүзді, салиқалы, әр нәрсеге де байыппен қарайтын Нұрсұлуға деген шәкірт-терінің көңілі бөлек еді…

Ол Кенбай орта мектебінде ұзақ жылдар бойы  биология пәнінен сабақ берді. Талай шәкірттеріне осы бір қызықты ғылымның сырын ашты. Талай шәкірттің дұрыс мамандық таңдап, өз ісінің шебері болуына септігін тигізді. Аудандық, облыстық олимпиада жүлдегерлерін тәрбиелеп, мектеп абыройының артуына үлесін қосты. Оның елгезектігі, еңбекқорлығы ұжымда оң бағаланып, Нұрсұлу бедел биігінен көріне білді.

Дос-жарандарының арасында да Н.Қожырбаева ақжарқындығымен, мейірбандығымен ерекшеленіп келді. Ол он бір жыл бірге оқыған сыныптастарынан оқуға түсіп, еңбекке араласқаннан кейін де ажыраған емес. Әрқайсымызды іздеп, амандығымызды біліп, жақсылық хабарымызға қуанып жататын. Өте балажан да болды. Біздің балаларымызды көргенде «осылардың барлығы менің құлыншақтарым» деп шаттанатын. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ол білім берген шәкірттерінің жетістіктерімен де мақтанатын. Мектептегі тәрбие, ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында да үнемі белсенділік танытып Нұрсұлу жүретін.

 «Бәрі де жақсы болады. Өмірдің сынағына төтеп берген адам ғана мұратына жетпек» деген оның сөздерін Шолпан, Айтқали, Ұлдай, Шафих, Жұмагүл, Мизамбай, Шамшия, Мағзом, Қансұлу, Жұмабек, Ақмарал, Селбай, Меңді, Рая, Айымгүл, Байзол, Райса, Нұрмұқан, Жамал сынды сыныптас достары мәңгілік ұран етіп алғандай болды.

Жыл сайын біліктілікті арттыру курстарына барып, үнемі ізденіс үстінде жүретін осындай жарқын адамнан қапияда айырылып қаламыз-ау деген ой үш ұйықтасақ та түске кірмеген еді… Амал нешік,  асыл құрбымызды жоғары қан қысымы алып тынды. Содан бері де бір жылдай уақыт өтіпті. Өкініштісі, асыл достың артынан тұяқ қалмады. Ұстаздық етуден жалықпаған досымыз тұрмыс құрып та үлгермей кетті. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Расымен де, Нұрсұлу Қожырбаевадай асылдың артында ұстаздық аты, мәңгі көктем жарқын бейнесі қалды…

Серік ЫҚСАНОВ,

Сағыз селосы,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз