ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ СИМВОЛЫ

Мемлекеттік рәміздердіқалай құрметтеп жүрміз?

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің айқын көрінісі, символикалық айырым белгісі. Осы орайда айта кететін және ойландыратын бір жай - біз осы басты құндылықтарымызды қаншалықты құрметтеп жүрміз?

…Осыдан екі жылдай бұрын қабырғалы елдің Туын қарапайым шүберектен «ажырата» алмаған оқиға жұрт жадынан шыға қойған жоқ. Бәзбіреулер көк Туды жерге жайып қойып, онымен қоқыс тасып жүрді. Бұл оқиғадан кейін арнайы жиын өтіп, шара алынды. Дегенмен, бұл анайы көріністің көңілге көлеңкесін түсіргені анық.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Рамазан Камел келтірген кейбір деректер де маңыз беретін жай секілді. Мемлекеттік рәмізді аяқасты етудің бір мысалы – бірде Атырау қаласының жас тұрғыны автокөлігінің капотына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын заңсыз қондырып алыпты. Тәуелсіздігіміздің белгісін лас техникасына жаба салған әлгі адам мұның заңға қайшы екендігін ұғынбапты. Көлігін қала көшелерінің бірінде тоқтатқанында «мен не істеппін?!» деп таңғалған көрінеді.
…Кувейттегі нысана көздеуден өткен чемпионатта келімсек спортшылардың Мемлекеттік рәміздерге деген селқос көзқарасын байқатты. Бұл жолы жеңімпаз спортшымыз Мария Дмитриенко Әнұран шырқалған сәтте қолын кеудесіне қойып тыңдап тұрды. Селт еткен жоқ. Ал, әлгі әуез Әнұран емес, елімізді әжуалаған біреудің әнсымағы болатын. Кейін шәкіртінің кемшілігін жуып-шайғысы келген ұлттық команданың бас жаттықтырушысы Анвар Юнусметов БАҚ өкілдері алдында барынша ақталып бақты. «Менің ойымша, Мария Дмитриенко Қазақстанның Әнұранын білді, ал, қолын жүрек тұсына қойған себебі, ол сол арқылы Туымызға құрмет білдіргісі келді» деді Юнусметов.
Кезекті шу төрткүл дүниенің бір бұрышындағы Эквадор елінен шықты. Айшылық алыс жерде жатқандықтан, көз көріп, құлақ естімейді десе керек, бұлардың «Masosh» деген компаниясы Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасын «ұрлап» алыпты. Оған азды-кем өзгеріс енгізіп, өздерінің бет-бейнесі (логотип) ретінде қолданған. Оңтүстікамерикалықтарға біздің рәміздің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі, терең мағыналылығы ұнаған көрінеді. Сол себепті, «жиендік» жасап, бар дүниені қолды еткен. Әйтеуір, мәселеге Елтаңба авторы бастап, ақпарат құралдары қоштап, республикамыздың Сыртқы істер министрлігі араласқаннан соң ғана дау-дамай басылды, эквадорлықтар кешірім сұрап тынды. Әйтпегенінде, құндылығымыздың кімнің қолжаулығына айналатынын кім білсін?!
Осындай келеңсіздіктер тиісті құрылымдардың мәселені қайтадан ой елегінен өткізуіне, талқыға салуына мәжбүр етті. Нәтижесінде, Мемлекеттік рәміздерді аяқасты еткендерге қатысты заң күшейді, талап ұлғайды.
Қазақстанның Туы, Әнұраны мен Елтаңбасы басты құндылықтарымыз екендігін елдің әрбір тұрғыны терең ұғынғаны жөн болар. Қазақ елінің әрбір азаматы оны құрметтеумен бірге, рәміздеріміздің мәртебесін өсіріп, үнемі қорғап, барлық жерде мақтаныш етіп жүрсе, нағыз патриоттық деген осы болар!

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз