«Көкжалдар» батырлыққа үндейді

1507519275 article b 1500 1 Қоғам

Бағзыдан бізге жеткен аңыз әңгімелердің бірінде түркі тайпалары жауларынан ойсырай жеңіліп, құрып кету қаупі төнеді. Сол кезде ұлттың сақталып, ұрпақтың жалғасуына  ғайыптан пайда болған Ана қасқыр құтқарған ұл бала себепкер болған деседі.

1507519275_article_b_1500_ (1)

Бұл аңыз бірнеше нұсқада сақталып қалған. Сондықтан да бүгінгі таңда түркі тектес халықтар өздерін «Көкбөріден тарағанбыз, Көкбөрінің ұрпағымыз» дейді. Әрине, көкбөрі — тотемдік бейне. Әр ұлттың, әр халықтың өзінің қасиетті санайтын тотемдік бейнесі болады. Мәселен, қырғыздар өздерін  Ана Бұғыдан тараған деп есептейді.  Джунглиде өскен «Тарзан» туралы да білмейтін адам жоқ шығар.

Әлбетте, бұл аңыздардың негізі  «Ұрпағымыз ұранды, қайсар мінезді, ержүрек болса екен, ешкімге бас имейтін, әділетсіздікке төзбейтін батырлар көп өссе екен» деген ата-бабалардың арманымен астасып жатқаны ақиқат.

Иә, көкжал қасқыр кегін ешкімге жібермейді, ұрпағы мен ұяластарын қорғап, керек болса олардың жолында жанын да пида етуге әзір. Ғалымдардың зерттеуінше,  қолға үйренбеген бірден-бір жыртқыш — қасқыр. Арыстан мен жолбарыстың торда тұрғанын, цирктерде қалай қолға үйренгенін тамашалап жүрміз. Көкжал – ешқашан торға қамалып, күні үшін басын имейтін тағы. Қазақ халқы ержүрек, мәрт жігіттерді қасқырға теңейтіні осыдан.

«Көкжалдар» фильмнің идеясы осы аңызға құрылған. Бүгінгі күнмен шебер байланыстырылған көрсетілімде бір аңшы қасқырдың арланын атып алады. Арланның серігі кек алу мақсатында ауылға келіп, тапа-тал түсте аңшының үш айлық баласын алып кетеді. Күнәсіз сәбиді қасқыр өлтірмейді, өз күшіктерімен бірге асырайды.

Арада жиырма жыл өтеді. Ақсу-Жабағылы қорығының ішінде қасқырлармен бірге адам тектес мақұлық жүргені жайлы қауесет таралады. Әуелде бұл алып-қашпа әңгіме аңыз сияқты естілгенімен кейіннен, шындық екені анықталады. Сөйтіп, оны ұстауға арнайы топ құрылады. Киноның негізгі сюжеті — қасқыр-баланы ұстау кезінде болған алуан түрлі шытырман оқиғалар.

Фильмнің басты мақсаты — көкжалдың текті мінезін негізге ала отырып, ел аузындағы аңызға сүйеніп, ұлт бойында жоғалып бара жатқан асыл қасиеттер мен адами құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру. Намысын оятып, рухын көтеру.

Фильм идеясының авторы және бас продюсер – Амалбек Тшанов, сценарийін жазғандар – Рамазан Құрманбаев пен Еркін Рақышев, қоюшы режиссері – Еркін Рақышев.

Басты рөлдерді сомдағандар — Жандос Исаев, Ержан Жарылқасынов, Арай Өмірова. Фильмге демеушілік жасаған – «Таң нұры» шипажайы директоры Нұржігіт Қалмырзаев пен «Уақып» қайырымдылық қоры  президенті Қайрат Айтбаев.

 Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз