ЕЛ БОЛАШАҒЫ – АГРОСЕКТОРДА!

Экономика – мұнай мен газдан ғана тұрады десек, қателесеміз. Себебі, шикізатқа ғана негізделген экономиканың болашағы бұлыңғыр. Осы мәселені ерте бағамдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі Жолдауларында өндіріске негізделген экономиканы дамыту қажеттілігіне баса назар аударып келеді. Сол мақсатта мемлекеттік бағдарламалар да  қабылданды. Осы тұрғыдан алғанда, аталған ауқымды жұмыстардың бастауында ауыл шаруашылығының тұрғаны қуантады.

Бір кездері «Ауыл жылдары» жарияланды. Соның нәтижесінде «болашағы жоқ» деп табылған ауылдар орталықтандырылып, урбанизация үрдісі реттелді. Сөйтіп, инфрақұрылым мәселесі шешілген толыққанды ауылдар пайда болды. Халық көбейген жерге жұмыстың керек екені белгілі. Осы орайда, Мемлекет басшысының қолдауымен шағын және орта бизнесті дамытуға жасалған оң қадамдарды атап өтуге болады. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары аясында кәсібін бастаймын деушілерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, жергілікті агроөнімдер дүкен сөрелеріне түсе бастады. Алысқа бармай, Атырау облысын мысалға алар болсақ, ағайынды Балжігітовтердің, Аманжол Есқараевтың, Владимир Розметовтің ауыл шаруашылығы өнімдерін халық қазір базарлардан іздеп жүріп, сатып алатын болды. Мұның барлығы – табысты жүргізілген  саясаттың нәтижесі.

Ендігі сөзімді кезінде өзім басшылық еткен Мақат ауданы туралы жалғастырсам деймін. Мақаттың экономикасын әдетте мұнаймен байланыстырып жатамыз ғой. Ол дұрыс та болар. Бірақ, кезінде сол өңірде ауыл шаруашылығы саласының  тым тәуір дамығанын айтқым келеді. Ол кезде қосалқы шаруашылық жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Мақат жылқы, сиыр және ұсақ малдарды өсіріп, жылыжайларда көкөніс егіп отырды. Жергілікті өнім балабақшаларға, мектеп-интернаттарға, ауруханаларға жөнелтілетін. Санап отырсам, сол кезде Мақатта онның үстінде қосалқы шаруашылық жұмыс істеген екен. Және де ол кездері мал басы 52 мыңға дейін жетіпті.

Бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтіп, кәсіпкерлер арасында өнім өткізуге байланысты мәселелер туындап жатыр. Осы орайда, кезінде Мақат өңірі Индер ауданымен арада келісім жасасты. Ондағы мақсат – ауданға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты алып отыру.  Осындай келісім-шарттар бүгінгінің тауар өндірушісіне ауадай қажет секілді. Өйткені, қазіргі нарық өзгерістерге, экономикалық тербелістерге жедел бейімделгіш кәсіпкер үшін ғана жұмыс істейді.

Мақат ауданында ауыл шаруашылығын дамыту жайы қозғалған кезде, біреулер «су жоқ», «жайылым жетіспейді» деген аргументтерді алға тартып жатады. Өз басым мұнымен аса келісе қоймаймын. Себебі, бүгінде Жайықтың суы Мақатқа келіп тұр. Оның үстіне, еңбек етемін деген адамға ел билігі бар мүмкіндікті жасап отыр. Және де еңбек еткен адамның ғана тұрмысы жақсы болатынын, нарықтық экономика дәлелдеді деп ойлаймын.

Рас, біз картопты Көкшетаудан, тіпті сонау Египеттен, жеміс-жидекті әрісі Әзірбайжан, Польшадан, берісі Шымкенттен, сүт, тауық өнімдерін Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерден, соңғысы Оралдан тасуға үйреніп алдық. Бұл картина тек соңғы үш жылда ғана өзгере бастады. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің агросекторға айрықша назар аударып, миллиардтаған қаржы бөлуінің нәтижесінде Атырау өзінің жұмыртқасын, шұбат-қымызын, емдік қасиеті мол ешкі сүтін шығара бастады. Егіндік алқаптар да айтарлықтай ұлғаюда. Бөдене өсіріп, оның жұмыртқасын нарыққа ұсынатын шаруашылықтар пайда болуда. Бірақ, қолда барға тоқмейілсуге тағы болмайды. Өйткені, бүгінгі заман ізденістер мен жаңалықтарға толы жаңа инновациялық төңкеріс дәуірінің  басталғанын көрсетіп отыр.

Біз тәуелсіздік атты киелі құндылықтың сыйлаған мол мүмкіндіктерін тереңінен бағалауға, оны ұтымды пайдалана білуге тиіспіз. Өйткені, мемлекет билігі халықты әлеуметтік қорғау жағынан ғана емес, қолдау тұрғысынан да бар жағдайды жасап отыр. Сондықтан да, Елбасының ұстанған саясатын қолдай түсу үшін де, ауыл жастарын агросектор саласында еңбек етуге шақырамын.

Ислам ӘБІЛҒАЗИЕВ,

еңбек ардагері,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз