«БИ – ІШКІ СЕЗІМНІҢ КӨРІНІСІ»

оны дамыту үшін жақсы жағдай жасау керек

Гүлсина Байкенова – есімі тек біздің облысқа ғана емес, елімізге танымал биші-хореограф, балетмейстер. Ол өз шеберлігімен көпті тәнті етіп, классикалық және заманауи балеттерді сахналап келеді. Сондай-ақ, Гүлсина – жас бишілердің білікті тәлімгері. Жуырда оның жетекшілігіндегі балет студиясының бишілері мен мүмкіндігі шектеулі таланттарға арналған «Адажио» дуэті Польшада өткен «Мәдениет шеруі – 2014» Халықаралық конкурсынан Гран-При сыйлығын иеленіп қайтты.

Қазақ топырағында туып-өскен татар қызы ұлтаралық достық, татулық, бірлік мәселесіне де көңіл бөліп, қоғамдық істерге белсене араласады. Қоғам қайраткері, белгілі биші бізбен сұхбаттасуға уақыт тауып, көкейдегі ойларымен бөлісті.

 

– Гүлсина Ғарифжанқызы, алғаш би өнеріне қалай келдіңіз?

Туған жерім – Маңғыстау өңірі. Бірақ, ата-анамның жұмыс бабымен Қырғызстанда да тұрдық. Отбасымызбен Қырғыз еліне қоныс аударғанда бес жаста едім.Сол елдің Жалалабад қаласында өнер мектебінде оқыдым. Оқуда белсенділігім үшін сол кездегі Ленин  атындағы шәкіртақыға да ие болдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітіріп, еңбек жолымды Ресейдің Челябі қаласында бастадым. 1992 жылы отбасымызбен туған жерім Қазақстанға қайта оралғаныма қатты қуандым.

Ұлтымыз татар болғанымен, Қазақ елінде өсіп-өнгендіктен, анамыз ылғи бізге: «Көршілеріңмен, жора-жолдастарыңмен, достарыңмен ұдайы тату болыңдар. Еліңді, қазақ халқын, олардың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, өнерін құрметтеңдер. Қазақстанның өркендей беруіне үлестеріңді қосудан тартынбаңдар, көмектеріңді аямаңдар», – деп достықтан қымбат нәрсе жоқтығын құлағымызға құйып өсірді. Әлі күнге солай. Мұны қазір өзім қыздарыма да айтып отырамын.

Әкем Ғарифжан Ғарифұлы Шоқанбаев, анам Флюра Сәбитқызы Зәрипова – мамандықтары өнер саласына қатысы жоқ болса да, ән мен би дегенде ішкен асын жерге қоятын адамдар. Отбасымызда апалы-сіңлілі үш қыз тәрбиелендік. Өздері өнердің маманы болмаса да, үнемі пластинка тыңдап, әуенге қызығып, бізді де өнерге баулитын. Тіпті, үшеумізге арнап, пианино аспабын да сатып алып берді. Кішкентайымыздан түрлі ұлттың әнін тыңдап өскендіктен, өнерге деген ынтамыз ерте қалыптасты. Альбина Көшкенбаева атты сіңлім бүгінде бейнелеу өнері, сызу пәндерінің маманы болып қызмет атқарса, ал, кіші сіңлім – кондитер-технолог маманы.

– Жиырма жылға жуық өнер саласында қызмет етіп келесіз. Сүйген ісіңіздің қызығы мен қиындығы қандай?

 1992-1994 жылдары Күләш Бәйсейітова атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында және Болат Аюхановтың басшылығымен ұйымдастырылған мемлекеттік классикалық би ансамблінің әртісі болдым. 1994 жылы отбасымызбен Атырау қаласына қоныс аудардық. Алғашында облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында хореограф-педагог болып жұмысқа орналастым. 1996-2000 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік университетінде би ұжымының жетекшісі мамандығын алып, алғаш рет Атырау қаласынан балет студиясын аштым. «Ресейдің құрметті қонағы», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мемлекеттік медалімен, 2012 жылы Ресей, Қазақстан, Беларусь, Украина елдері арасындағы халықаралық «Үздік адамдар» энциклопедиясына ендім. Қазіргі уақытта «Татулық» татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісімін. Бұл да үлкен жауапкершілікті іс. Ұлттардың бірлігі, достығы, татулығы – біздің асыл мақсатымыз. Осы орайда көптеген істердің ұйытқысы болып келеміз.

– Сіздіңше, би деген не? Олар несімен ерекшеленеді?

– Бидің түрі көп. Өзім классикалық биді жан-тәніммен ұнатамын. Өмірімнің жиырма жылын арнаған балеттің маңынан бір күні алыстаймын деп еш уақыт ойлаған емеспін. Сондықтан, мен үшін би деген – өмір. Мен облысымыздағы биге репертуар жеткілікті болғанын қалар едім. Біздің кәсіп сырттан қарағанда ғана жеңіл және әсем. Ал, шын мәнінде, балет деген – үнемі ізденістен тұратын қарбалас өмір. Біреулерге оңай көрінгенімен, қысқа шығармашылық ғұмырда әртіс анатомиясы түгелдей өзгереді. Өкінішке қарай, балетті таңдаған адам бәріне де дайын болуы керек.

Болат Аюханов айтпақшы, егер таңертең еш жерің ауырмаса, балетті тастау керек. Балет – қимылдың, ішкі сезімнің, терең философиялық ұғымның дүниесі. Мұнда сахнада құр әншейін секіре беру жөн емес. Әрбір секіріс пен қимыл музыкамен үндесіп жатуы шарт. Балет бишісіне актер бола білумен қатар, көрерменді өзіне тарта білетін шеберлік те керек. Актер музыкалық үнге қимыл-қозғалыспен жан бітіреді.

Дәл қазіргі уақытта той-томалақтарда би билеп, өздерінің нәпақасын табатындар баршылық. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Дұрыс айтасың, тойда келіссін, келіспесін жынданған адамдай жұлқынып билейтіндерді көремін. Соларға барып: «Саған халықтың алдына шығып өнер көрсету үшін үлкен дайындық керек» дер едім. Бірақ, еріккеннен емес, олардың биден нәпақа табу үшін, күнкөрістің қамымен жүргенін де жақсы білемін. Өйткені, тоқсаныншы жылдардағы жоқшылық кезеңінде нәпақа табу үшін базарға өнер адамдарының көпшілігі шыққан еді. Өнерді күнкөріс қамына пайдалануға болар, бірақ, өтірік билеп, өнердің киесін түсіріп көпшіліктің  алдына шығу халықты сыйламағандық деп білемін. Сондықтан, бимен тойға шықсын, бірақ кәсіби үйренген болсын дегім келеді.

– Еліміздегі би саласының даму деңгейіне қандай баға бересіз?

– Жалпы, елімізде би театрының репертуарын классикалық жоғары деңгейде ұстау қажет. Балеттегі шеберлік мектебін үнемі жетілдіре отырып, биікке көтеруіміз керек. Бұған мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау қажет. Елімізде өте талантты жастар көп. Мен оларды қазір Атыраудағы дарынды жастардан көріп отырмын. Тек оларға қамқорлық керек. Қамқорлық бар жерде жемісті еңбек болады емес пе?

Бүгінгідей нарықтық экономика жағдайында хореография мамандығына қызығушылардың қатары артты ма, кеміді ме?

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары еліміздегі балет өнері КСРО-да ерекше көрінді. Қазір қазақ балеті өнері әлемдік деңгейде көрініп келеді. Талай жас таланттар халықаралық байқауларда топ жарып жүрсе, оның көшбастаушылары қатарында шәкірттерім көрініп келетіні – мен үшін үлкен мерей.

Алайда, қазір би үйірмесіне мектеп жасына дейінгі және жасы үлкейген адамдар спорт орнына пайдаланатыны болмаса, арнайы маманданайын деп ешкім келмейтін секілді. Жас жігіттер биге емес, спортқа қарай бейім тұрады. Соған қарағанда, қазір хореография мамандығына қызығушылардың саны кеміді. Өйткені, көпшілігі қиындығы көп сахна өмірін емес, жоғары айлығы бар жұмыс жасау үшін техникалық, заманауи мамандықтарды таңдауда. Бірақ, біз өз тарапымыздан жастарды хореография мамандығына қызықтыру, баулуда біраз жұмыстар жасаудамыз.

Өзім жетекшілік ететін «Байкеновтер» балет студиясында бүгінде 5 пен 9 жас аралығындағы 68 тәрбиеленуші шәкірт бар. Олар бимен мектептен тыс уақыттарында шұғылданады. Байқауымша, мектептің жоғары сынып оқушылары сабақтарының қиындығына байланысты би үйірмесіне қатыса алмайды. Өйткені, олар тек жазғы демалыстарда келеді. Жазда биге қатысушылар саны жүзден астам болады.

Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз.

– Екі қыздың анасымын. Екеуі де өнерден құралақан емес. Үлкені Зарина Байкенова – менің жолыммен би өнерінің мұғалімі, хореограф, балет әртісі. Шәкірт тәрбиелеуде. Кіші қызым – Сабина Байкенова он төрт жаста, балет студиясының белді мүшесі. Оның ән айтатын ерекше қабілеті бар. Еуропада өткен ән байқауында лауреат атанып үлгерді.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алдағы уақытта балет әртісі, әрі педагог ретінде «Байкеновтер» балет студиясын жоғары деңгейге көтеріп, оның репертуарын биік классикалық дәрежеге жеткізуді мақсат етемін. Сол арқылы ұлттық және бүкіләлемдік өнерді дамыту. Сонымен қатар, облыста әрбір өнердің жеке театры болса екен деймін. Әсіресе, би өнерінен. Бұл біздің мәдениетімізді көтеруге және балеттен байқаулар өткізіп тұруымызға жол ашуға себін тигізеді деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз