АЛАШ ТАРИХЫ ӘЛІ ЖАЗЫЛЫП БІТКЕН ЖОҚ

Алашорда көсемдерінің Қазақ елінің тәуелсіздігі  идеясы бүгінде іске асырылып, халықтың арманы ақиқатқа айналды. Әлі күнге дейін Алаш қозғалысына тарихи да, саяси да баға берілген жоқ. Өзімен бірге аштықты, қуғын-сүргінді, ұлттық сана рухсыздығын ала келген кеңестік билікке кешенді зерттеулердің болмауы –   қозғаусыз жатқан мәселе. Әрине, қазір зерттеулер жоқ емес, бірақ олардың бәрі үзік-үзік.

Өткенді бағаламай, болашақты болжай алмаймыз. «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен облыстық ғылыми-практикалық конференция да «Алаш қозғалысының тарихын бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу» тақырыбында өтті. 

 Бағдарламаның маңызы  неде?

Конференцияға қатысушы ғалымдар мен профессор-оқытушылар Алаш қозғалысына арналған кітап көрмесін тамашалап, аталмыш тақырыпта салмақты баяндамалар жасады. Шараның Алаш қозғалысы идеяларының ХХІ ғасырда да өзектілігіне көз жеткізу мақсатында ұйымдастырылғанын айтқан тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет конференцияның маңыздылығына тоқталды.

 – Бүгінгі мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалары Алаш идеясының қайнар көзінен бастау алады , – деген Аққали Қабижанұлы Алаш идеясы мен Елбасы Жолдауының сабақтастығы турасындағы ойларымен бөлісті. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу, оны көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға тарату, олардың ХХI ғасырда да, әсіресе, қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғырту қажеттілігі жөнінде «Ақ жол» партиясы 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықты қамтыған ортамерзімдік Бағдарлама қабылдамақ. Бұл жөнінде баяндаған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбілхан Төлеуішев партияның Алаш идеясына байланысты бағдарламасы мен оның маңызы туралы әңгімеледі.

 – Кезіндегі Алашорда үкіметі бағдарламасының интеллектуалдық-саяси деңгейі сол уақыттың талабынан туындады. Ол сол кезеңдегі беделді саяси партиялардың бағдарламаларынан бір де кем емес. «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, Қазақ елін өзінің бөлінбейтін аумағы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Алашордалықтар бірінші мақсатын: халықтың арманы болған өзін-өзі билеу идеясын қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорданы құрып, аз уақытқа болса да іске асырды. Алашорда көшбасшылары екінші мақсатын орындауға күш салып, елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғылары келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Алаш мұрасын жалпы адамзаттық құндылықтар және ілгерішіл экономикалық ойдың үлгілері ретінде халықаралық деңгейге шығару және насихаттауға күш жұмсау қажет, – деді Ә.Төлеуішев.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағимов Батыс Алашорда жұмысына қатысқан атыраулық мұғалімдердің тағдыры туралы баяндады.

– Алашорданың батыс бөлігінің құрылған кезі Жайық өңірінде азамат соғысының асқынып, өлке тағдыры қолдан қолға өтіп тұрған кезең еді. 1919 жылы 27 желтоқсанда Күнбатыс Алашорда әскерлері Қызылқоғаның «Райгородок» ауылына орналасқан Елек корпусының штабын басып алды. Генерал Акутин бастаған ақ офицерлерді 500 казак орыс сарбазымен қоса тұтқындады. Екі күн бойы оларды құтқармақ болған казак-орыс әскерлерімен шайқасады. Қызылқоғаға кешігіп жеткен Қызыл армия бөлімдері Алашорданың Батыс бөлігінің әскери бөлімін таратуға кірісті.

Ақыры, ұзақ дау-дамайдан соң Қазәскериревкомның 1920 жылы 5 наурыздағы қаулысына сәйкес, Алашорданың батыс бөлігі таратылып, оның белсенді басшылары – Жанша мен Халел, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов, Беркінғали Атшыбаев «халықтан оқшауландыру» мақсатымен Ресейдің орталық губернияларына жер аударылды, – деген Ш.Нағимұлы Алашорданың батыс бөлігінде қызмет еткен Қызылқоға ауданының бірқатар мұғалімдеріне тоқталды. Оның айтуынша, Алашорданың батыс бөлігінде, қазіргі Қызылқоға ауданының аумағында жұмыс істеген Қаракөл, Қарабау, Кермеқас «Қызыл үйлерінде»  мұғалімдер қызмет еткен. 

Тәуелсіздік ізашары

 – Алашорда 1917 жылдың желтоқсанында ресми түрде құрылып, Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд, Бөкей Ордасын – барлығы 9 аймақтың 5 миллионнан астам халқын бір тудың астына біріктіруді ойлады. Әйтсе де, 578 күн ғана өмір сүрген Алашорда өз құндағында тұншықты. Бірақ, ол бүгінгі көк туы көгінде желбіреген Қазақстан тәуелсіздігінің ізашар бастауы еді ғой, – деп әріптесінің сөзін жалғаған өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев «Алашордадағы бөкейліктер» турасында әңгіме өрбітті, – Бөкей Ордасының жайы 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейін Астрахан губерниясына қарауына орай көбіне сол жаққа мойын бұрып, Оралға тек төңкерістен кейін ғана араласты. Оған дейін Уақытша кеңес құрылып, «ханско-ставочный комитет» деп аталатын жұмысшы-солдаттар кеңесі өмір сүрді. Оның өзі халықтың еркімен санаспайтын биліктің әскери тәртібіне негізделген орталық болып есептелді. Осы кезде Орда зиялылары Ресейде үкімет басына келген Кадет партиясының бағдарламасына сүйеніп, бөкейлік қазақтардың тәуелсіздігін талап етті… 

Конференция барысында сөз алған тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин «Алаш қайраткерлері және ұлт-азаттық қозғалыс» турасындағы ойын ортаға салды. Баяндамашыдан білгеніміздей, Алашорда өкіметі қазақтың ұлттық мемлекетін құру жолындағы алғашқы нақты қадамын бастады. Ұлттық мемлекеттің болмауы қазақ жерін одан әрі кеңестік жолмен, әдістермен отарлауды, Қазақ елін ұлттық, халықтық тамырынан, ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүрлерінен, тілінен, дінінен айыруды күшпен жүргізуге жол ашты. Сондықтан да, ғасырымыздың басындағы қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құруға бағытталған әрекеті сол кезеңдегі өмір талабынан туындаған бірден-бір дұрыс бастама еді деп қарауға толық негіз бар. 

Өткен күнде белгі көп

Өлкемізде тұңғыш ана тіліндегі «Ерік» (қазіргі «Атырау») газеті 1923 жылдың 1 сәуірінде Төлепкерей Өтеулиевтің редакторлығымен 500 данамен жарық көріп, оқырмандарға тегін таратылады. Газеттің алғашқы санындағы «Тірлік осымен табылады» деген бас мақаланы уезком хатшысы Т. Өтеулиев өзі жазады.

– Уездік партия ұйымының жетекшілігінде жүрген Төлепкерей Бисұлтанұлы қазақ тіліндегі «Ерік» газетінің қалыптасуына да уақыт таба білді. Газеттің босатылған қызметкері болмауы себепті, басылымды уақытылы шығару, таралымын төмендетпеу, мақала ұйымдастыру ісіне басшылық жасап отырды. Уездік партия және атқару комитеттерінің жауапты қызметкерлері Сейдмұхамед Мәмбетов, Шамсон Типеев, Ажырғали Сұлтанғалиев, Ғатау Махамбетовтерді газет жұмысына тартты. 1924 жылы 27 сәуірде өткен РКП (б) Гурьев уездік комитетінің бюро мәжілісіне төрағалық жасаған Т.Өтеулиев мәжілісте «Ерік» газетінің 1.03-26.04 аралығындағы сандарында жарық көрген материалдарды талқылай келе, газет жұмысының сапасын жақсарту үшін Орал губерниялық партия комитетінен бір редактор және бір әдеби қызметкер сұрауға шешім қабылдаған, – деп тарқатқанХ.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің деканы Қылышбай Сүндетұлы осы тұста Төлепкерей Өтеулиевтің «Кіші октябрьдің» көсемі Ф.И.Голощекиннің саясатына қарсы көзқарасы қалыптасқанын айтады.

Қазақ халқының болашағына шын берілген, саяси сауатты Төлепкерей Бисұлтанұлының Алашорда мемлекетінің армиясындағы қызметі және Адай округтік партия комитетіндегі хатшылық кезіндегі саяси ұстанымдары үшін сталиндік зобалаңға тап болды. Оны бір түнде тұтқынға алып, соңында Фатима атты әйелі және үш баласы жылап-сықтап қала береді. «Қазақстан партия ұйымын большевиктер партиясының құрамынан бөліп әкету, кеңес қоғамына іріткі салу» деген айыппен 1938 жылы 8 наурыз күні атылады.

 

Конференция барысында университет жанынан Алашорда ғылыми-зерттеу орталығын ашу ұсынысы да айтылды. Жалпы, қазақ қоғамы ұлттық тарихи мәселелерге қозғау сала беруі қажет. Тарихшылардың пікірінше, сонда ғана зобалаң жылдардың нақты бағасы беріледі. Ғалымдардың басын қосып, ойларын ортаға қосқан шарадағы түйін осы болды. Айтары мол мағыналы шараны «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов қорытындылады. Конференция тиісті қарар қабылдады.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз