АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ АҚИЫҒЫ

Өткен ғасырдың орталау тұсында облыс көлемінде ақындар айтысы ерекше дәуірледі. Оған жеке мұрағатымдағы мына сурет дәлел бола алады.

Айтыста айтылған сын-ескертпе, ойлы пікірлер бойынша аудандық партия комитетінің бюросы,   не атқару комитетінің мәжілістерінде мәселе қаралып, талқыланып, шаралар алынып жататын. Ауданымызда Қарабау селосының тұрғыны, абыз жырау, айтыскер ақын Дияр Жолаевтан айтыскер ақындар бата алып жүрді. Төлеубай Ысқақов, Төлеген Жаңабаев, Қабижан Сағиев, Мағзом Шүкіров, Аққожалар сахна төрінің сәні еді. Сондай ақындардың бір тобы мына суретте көрініс тапқан. Ал, осылардың ішінен елге сыйлы, беделді,  абыройлы, ақындығымен елді аузына қаратқан Леп Оразовты айрықша атар едім. Ол 1953 жылдары қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында атақты ақын Ғафу Қайырбековтермен қатар оқып, өлең өлкесінде сөз маржанын бірге терген.

 Сол уақытта даталы күндер, ел атайтын мерекелер ақындар айтысынсыз өтпейтін. Жұрт та айтысты асыға күтетін. Жасқайрат ауылынан  айтысқа түскен Леп көздіқаралық ақын Аманқос Сабыровқа қарата:

«Аты шулы Ақкөл бардық аралап,
Бар мәнісі көңілді жайлап барады-ақ.
Сол көлдерді мекендеген елдердің
Мақсатымыз шаруа жайын қарамақ.
Жер еді бұл табиғаты тамаша,
Көздің нұры еш тоймайтын қараса.
Сымбаты мен ұсқынынан айырылған
Қайшыменен шашын қиған балаша.
Аштық келіп сәбилердің есігін,
Кереметтің көрдіңіз бе кесірін.
Жаялықпен бітеп қана қойыпты,
Терезенің көзі түскен тесігін».
Қоғамдағы түйткілді мәселелерді ол ешқашан шет қалдырмайтын. Кейбір ауылдағы орақ түспеген шабындықты, шабылғандары жиналмай қурап жатқандығын да өлеңіне арқау етіп, халықтың мұң-мұқтажын шынайы жеткізіп отырды.
«Қоғалы көл, наурыздағы жайқалған
Сол көлдердің шөбі қандай майталман,
Шабындық көп, көк балауса құралай
Арғы шетін Асылбектен қайтарған», – деп, алқаптағы шөптің ысырап болуына ақын осылай жанайқайын білдірді.
Маңғыстау мен Атырау бір облыс болып тұрған кезде халық ағарту саласының мықты маманы, әйгілі «Ақбөбекті…» жатқа соғушы айтыс ақыны Уәйіс Қайралаповтың атағы дүркіреп тұрды. Міне, біздің Ілақаң да осы Уәйіспен сөз жарыстырып айтысқа түсті:
«Колхозға Ералиев атындағы
Баруды әркімдер де мақұлдады.
Өйткені, көрсеткіші көтеріңкі,
Жоспар да біршамаға жақындады.
Ералиев сегізжылдық мектебі-ай.
Орны жақсы оңашалау шеткері-ай!
Жарды жарға жамаған соң жаптырып,
Шіркін, дүниенің берекесі кеткені-ай!
Директоры – әріптесім Қорғанбай,
Оқасы жоқ, болса бастық болғандай!
Өсіреміз екі бөлме жапсырып,
Деп баяндайды көп қиналмай толғанбай.
Медпунктін бар деуге де қимадық,
Жаңа келген жас маманды қинадық.
Көреміз деп кіріп барған ішіне
Советімен екеуміз-ақ сыймадық!» – дейді ол мәселені көлденең қойып. Сол кезде Лептің сөз саптауына қарап бой түзеген, ой түзеген ақындар қатары да біршама болды. Одан үйренді, ол да білгенін үйретуден жалықпады.

Төлеп Тілегенов,

еңбек ардагері.

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз