Атыраудың айып тұрағында 500-ден астам көлік тұр…

avrnkegk Құқық

Атырау қаласындағы айып тұрағында 500-ден астам жеңіл және жүк көлігі, мотоцикл мен қайықтар қаңтарулы тұр. Бұл техникалар мұнда сот шешімімен жеткізілген. Оның көптігіне қарап, заң бұзушылықтың да жиі орын алатынын байқауға болады.

Жауабы жоқ сұрақтар

– Айып тұрағына негізінен мас күйінде рульге отырған, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ немесе жалған нөмірлермен жүрген, жол жүру ережесін өрескел түрде жиі бұзатын жүргізушілердің көліктері әкелінеді. Жол апатына ұшыраған, иелері құқық қорғау органдары қызметкерінің талаптарын орындамаған техникалар да қойылады, – деді Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Нұрберген Түсіпқалиев.

Айып тұрағы бұрын «Арнаулы автобаза» мекемесінің ауласында болған еді. Ол кезде мұнда жеткізілген әр көлікке күніне 800 теңгедей төлем есептелген. Осылайша, жинақталған бережақ үлкен соманы құрайтын. Иелерінің оны төлеуге мүмкіндігі келмей, техникалар айлап-жылдап тұратын. Бүгінде бірінің үстіне бірі қойылып, текшелей жиналған көліктердің дені осы болса керек.

Осыдан екі жыл бұрын ғана Атырау қаласы әкімінің қаулысымен ақылы автотұрақ қаржы төлеуден босатылды. Сол кезде жүргізушілердің көпшілігі мүліктерін алып кеткен. Жантүршігерлік жол апатына себепші болған «темір тұлпарлар» да осы жерге жиналған. Биыл елді шулатқан ломбардқа қатысты тәркіленген автокөліктердің бар екендігін білдік. Қымбат маркалы техникалардың дені армян және ресей мемлекеттік нөмірімен тіркелген.

Енді бір жерде көліктің дөңгелектері, жүксалғышы, бампері, басқа да бөлшектердің бөлектеніп тұрғаны көзге түсті. Олардың бетіне «сатылады» деп жазылып қойылған. Жол бастап келе жатқан әкімшілік полиция басқармасының өкілінен «оны рұқсатсыз «шешіп» алған ба, әлде қожайыны сатуға қойды ма?» деп сұрадық. Алайда, сұхбаттасушымыздан оған тұшымды жауап ала алмадық. Аталған нысан күзетшілерінен де сыр суыртпақтау мүмкін болмады. «Бізге осы тұрақты күзету тапсырылған.

Сол міндетті атқарып отырмыз. Басқа ештеңе білмейміз» деді олар. Артынша, қызметкердің бірі ««бірдеңе» деп қойып, жұмыстан шығып қалатын жайымыз жоқ» деп қалды. Соған қарағанда, көліктердің жекелеген бөлшектеріне ешкім жауап бермейді. «Бастысы – жеткізілген машиналар өз орнында тұрса болды» деген солақай көзқарас байқалады. Айтпақшы, қоршауы сенімсіздеу көрінген атшаптырым аумақты екі адам күзетеді.

– Өзіңіз көріп тұрғандай, автотұрақта тозығы жеткен техникалар өте көп. Мұндағы иесі іздемейтін көліктерді утилизацияға кімнің жіберетіні белгісіз. Бір күні қожайыны пайда болуы да мүмкін. Қазір жол ережелерінде талап күшейді. Бейнеқұрылғылар да заң бұзушылықты бірден анықтайды. Осы себептен күніне 30-40 құқық бұзушының темір тұлпары айыптұраққа жеткізіледі. Рейдтік шара кезінде бұл сан еселенуі де мүмкін. Жүргізуші айыппұлды төлегеннен кейін әкімшілік полиция бөліміне барып, төлем туралы түбіртекті көрсетеді. Көлікті қайтаруға рұқсат алғасын осында келіп, машинасын әкетеді, – дейді Н.Түсіпқалиев.

Оның айтуынша, тұрақта салығын төлеуге асықпайтын жүргізушілердің де көлігі тұр. Салық органдарының өкілдері борышкерлердің мүлігіне сот шешімімен бұғат қою шарасын қолданады. Мұндай жағдайда жүргізуші сот орындаушының шығынын да өтеуге міндеттеледі.

Шаң басқан «Мерседес»

Қаңтарылып тұрған әр көліктің тұраққа келу тарихы бар. Мәселен, «Рено» көлігінің қожайынына алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, мамандар сот шешімімен сатуға қойыпты. Көптің қолы жете бермейтін «Мерседес» машинасының шаң басып тұрғанына екі жылдан асқан. Иесінің алиментке бережағы болып, сот орындаушысы оған қатысты «баласына төлейтін борышын өтеп болғанша тұрақта тұрады» деп қаулы шығарған. Белгілі болғанындай, борышкер қарызының жартысынан көбін төлепті.

Әділет департаментінің аға сот орындаушысы Мейрамгүл Зайнеденовадан білгеніміздей, жыл басынан бері шектеу салынған 17 көліктің 3-і айыппұл тұрағына қойылған. Бұл деректер тек мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісіндегі атқару ісі бойынша екен. Оның ішінде алимент, салық, айыппұл өндіру құжаттары бар. Тәртіп сақшысымен бірге айыппұл тұрағының қақпасына жақындадық. Шыға берісте қарсы жолыққан Нұрлан деген жігіт көлігін алып кетуге келіпті. Күзетшіге рұқсат қағазы мен құжатын көрсеткен ол бізге ренішін айтып жатты.

– Кеше мені «Автоураганмен» тоқтатып, көлігімді алып кетті. Түсінгенім, жол ережесін бұзып, камераға түсе беріппін. Оны өзім байқамаппын да. Соған байланысты жинақталған айыппұл қомақты қаржы болып отыр. Ал, соны бірден хабарласа, қалтама салмақ салмай бірден төлеп тастаймын ғой… – деді көлік жүргізушісі.

Түйін Айыппұл тұрағындағы көліктердің қай жылдан бері тұрғаны, кім қойғаны, айыппұлы қанша екендігі белгісіз. Оған қатысты деректерді есепке алып отырған жауапты мекемені таба алмадық. Тәртіп сақшылары, сот орындаушылары, басқа да құзырлы органдар тек өздеріне қатысты мәліметтерді ғана ұсынды. Өйткені, ақпараттардың бірыңғай базасы жоқ. Сондықтан, облыс орталығында басыбайлы мамандандырылған айыппұл тұрағын салу қажеттілігі туындауда. Бұл қордаланған біраз мәселе шешімін табуға себепші еді…

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз