ЖЫР-ЖАНИБА

- Алло, Жаниба апа, сәлеметсіз бе, Сіз туралы жазайын деп едім...
- Жаза ғой, айналайын...
Осы бір «айналайын» деген жалғыз ауыз сөздің өзінен төгіліп тұрған мейірім мен жылылық шуағы жетегінде ат басын белгілі айтыскер ақын Жаниба Қарасаева тұратын Таңдай селосына бұрдық. Томаға-тұйық ауыл тіршілігі көзге оттай басылды. Үй сыртындағы шапқылаған ауыл балалары, шеткеріректегі жайылып жүрген ірілі-ұсақты мал анадайдан көз тартып, ауыл сәнін аша түскендей. Бір қарағаннан-ақ жүрекке жылылық оятқан осы бір көрініс ауылда өсіп, кең даланың ойы мен қырында кеңінен көсілген қазақ баласының қай-қайсысына да ыстық-ау, сірә.

Ол сөйлеп отыр. Жанарын алысқа қадап, кейде ой жетегіне еріп кете ме, әлде елітіп кете ме, әйтеуір, үнсіз қалады…
Бала біткеннің барлығына тән алаңсыз балғын дәурен. Тұйықтау, дараланып, өзімен өзі болғанды жақсы көретін кішкентай Жаниба әкесі Қарасайға қатты еркелейтін. Он екі жасқа толған жылы қажымас қара нардай көрінетін асыл әкесі дүние салғанда балаң көңілден белгісіз бір сезім «пыр» етіп ұша жөнелгендей жүрегі селт еткені бар-ды. Пеш түбінде шүңкиіп отырған анасын көргенде ендігі қамқорлық өзіне емес, шүйкедей болып, шөгіп қалған анасына керек екендігін жанымен ұғынды.
Әкесі Қарасай Бақсай кеңшарында өмірінің соңғы сәттеріне дейін қойшы болып еңбек еткен. Анасы Мойыл әкесіне тұрмысқа шыққанда он алты жаста екен. Тұқым-тұяғының барлығы дерлік оба ауруынан қайтыс болады да, Мойыл ана ешқашан төркін көрмей өтеді. Ақынжанды, батырлар жырын жатқа айтатын, төте жазумен сауаты бар адам болған. Қарасай екеуінің бауырынан тараған балаларының алғашқы екеуі Қайырғали мен Қалентай Ұлы Отан соғысынан оралмай, сүйектері бірі-Белоруссияда, екіншісі Германия жерінде қалады. Одан кейінгі ағасы Нұрмұхамед мықты күйші болған, бүгінгі күні өмірден өткен. Байдолла ағасы Ақжар селосында тұрады.
Жаниба – кенже қыз, жалғыз қыз. Жарық көрген қыз балаларының барлығы он жасқа жете шетіней бергендіктен, әкесі оны көп қорғаштағанға ұқсайды. Сөйтіп, жергілікті әкім-қараның араласуымен ерке қызын он жасқа келгенде бірінші сыныпқа әзер береді.
Тумысынан бойында бір ұшқын байқалатын кішкентай Жаниба мектепте жүріп өлең жазып, өзінше «ақын» атанады. Ұстаздары Қанымзия мен Қамила апайлары да ұшқыннан жалын лаулайтындығын түсініп, жас талантты шыңдай біледі. Осылайша, Жанибаның қауырсын қанаты қатайып, тіршілік атты тұңғиық дүниенің біресе ана шетіне, біресе мына шетіне шығып, маңдайға жазған несібе-нәсіптің дәмін татып келе жатқан жайы бар.
1977 жылы Едігеталы деген жерде шопандар тойы болады. Сол тойда ақындар айтысы ұйымдастырылады. Новобогат ауданынан Сүндетқали Аманғалиев деген ақын шығады да, Бақсай ауданынан айтысуға тиісті ақын Оңайбай Әбуов белгісіз себептермен келе алмай қалады. Намысты қолдан беру жоқ. Бақсайлықтардың атынан сол ауданда хатшы болып жұмыс жасайтын Жаниба «халқымның абыройы үшін» деп қасиетті домбыраға қол созады. Новобогаттық ақын Махамбет ауданынан жалданып келген екен. Қарқыны басым, тіпті дес берер емес. Жанибаның да қалысатын түрі жоқ. Делебесі қозған көрермен айтыс ырғағына мүлдем елітіп алған. Бір кезде:
– Біз әлі кездесерміз болса нәсіп,
Жалданып ақын болу-бұл да кәсіп.
Жүргенің өз ішіңде ештеңе емес,
Ағай-ау, кеттіңіз ғой аудан асып, – деп бір қайтарғандағы халықтың қошеметін айтып жеткізу қиын. Осылайша, Жаниба алғашқы айтысының шымылдығын ашып, алғашқы жеңіске қол жеткізеді.
1982 жылы республикалық ақындар айтысы өтетін болып, сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Орынғали Қарасаев ағамыз Атырау облысының намысын қорғайтын бір топ ақынды жинайды. Іріктеуден Нұралы Әжіғалиев, Оңайбай Нәбиев, Сембай Бердімұратов, Жаниба Қарасаева өтіп, әсем қала Алматыға аттанады. Қазылар алқасындағы Қадыр Мырзалиев, Сәбира Майқанова, Сәкен Жүнісов сияқты тіл дарабоздарын көріп, Жанибаның жүрек соғысы бір сәт жиілеп кеткендей. Солтүстік Қазақстанның ақыны Кеңес Тынымбаевпен айтысатын болды.
Байқайды Кеңестің айналасында адам көп. Бірі келіп құлағына бір нәрселерді сыбырласа, тағы біреулері оңашалап кетеді. Жан-жағына барлай қараған Жаниба үрікпеді, ештеңеден шошынбады, сабырлы мінезімен қазақ қыздарына ғана тән ұяңдық көрсетті. Ол кездегі айтыстың керемет бір ерекшелігі – айтыс тақырыбы залдан, яғни көрермен талғамымен берілетін болған. Солтүстікқазақстандық ақынға «Қазақ келіні» туралы келсе, Атыраудың Жанибасына Шоқан Уәлихановтың 125 жылдығын жырлау тапсырылады. «Тақырыпты естігенде денем бір ысып, бір суып есімнен танып қала жаздадым. Шоқан туралы не айтам, сонау елдің батысында отырып, менің тілеуімді тілеп отырған жерлестеріме қай бетіммен қараймын?» деген ойлар санамнан бейне бір киноның лентасындай тез-тез өте шықты. Қарсыластың тақырыбы жеңіл. Домбырасының шанағын сабалап, әй келіп көсілтті дерсіз. Бір кезде бір алып күш қолтығымнан демегендей болды.
«Қазақтың атын жазған тарихқа,
Не теңеу тапсам екен ақиыққа
Оңайлау бір тақырып бермедің бе?
Халқым-ау, қамадың ғой тұңғиыққа»,-деп бір серпілдім. Осыдан кейін-ақ тынысым кеңіп жүре берді» деп еске алады Жаниба ақын.
Айтыс – қазаққа ғана тән өнер. Қазақтан басқа ұлтта айтыс жоқ. Сол себепті де ұлттық өнер деп ардақтап, көкке көтеретініміз. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған орақ тілді, өр мінезді ақындарымыздың болғаны тарихтан белгілі. Осындай тума өнерді жандарына серік еткен біздің өңірімізде Құмар Жүсіп, Сұраубай ақындар екінші республикалық айтысқа 1945 жылы қатысып, өңір намысын қорғаған екен. Содан кейін Атыраудан республикалық деңгейге ешкім шықпаған. 1992 жылы ғана, араға қырық жылға жуық уақыт салып, жай оғындай жарқ етіп Жаниба шықты ортаға. Атыраудан шыққан тұңғыш әйел-ақын, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген додалы топтың талайына түсіп, атақты Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпов, Әбдікәрім Манапов, Қонысбай Әбілов, Баянғали Әлімжанов сияқты дүлдүл ақындармен үзеңгі соғысты. Шүкір, абыройсыз болған жоқ. Қашан да айбынды Атырауының туын жоғары ұстады. Қазақ өнерінің бетке ұстар бұл ақындарымен Жаниба апамыздың осы күнге дейін арасы ажырамаған. «Телефонмен жиі хабарласамыз. Кейде телефон арқылы бір-бірімізді әзілмен қажап, айтысып та аламыз. Несін айтасыз, ол да бір дәурен еді ғой. Кім-кімнің болса да жанына жақын адамдары болады ғой. Солардың ішінде мен еліміздің ана бұрышы мен мына бұрышында тұрсақ та, жолдастық жібін үзбеген ақын достарымды қатты қадірлеймін. Сағынамын…» дейді ақын жүрегі.
Жаниба апай 60 жасқа келгенде белгілі айтыскер Әселхан Қалыбекова арнайы келіп, құтты болсын айтып, ақ жарма жырдан шашу шашады. Қолқа салып, өз еліне шақырады. Сөйтіп, Сыр мен Арыстың бойында Жанибаға арнап үлкен мерейтой ұйымдастырылады. Халықтың қошаметіне, ойдан-қырдан жиналған үзеңгілес ақындардың ыстық ықыласына бөленген оның қуанышында шек жоқ еді. Қазақ өнері қай жерде де қадірлі. Сол жолы оңтүстіктен бір кәсіпкер жігіт тебірене сөз сөйлеп: «жүрегі елімнің болашағы, халқымның ертеңі деп соғып тұрған ақын апа, қазақ даласы кең ғой, бұл да Сіздің еліңіз, жағдайыңызды жасайық, арамызда қалыңыз, Сіздің салиқалы ақылыңыз бен байыпты көзқарасыңыз біздің жастарымызға керек-ақ» деп ағынан жарылады. «Қазақ елінің қай бұрышы да бөтен емес маған. Бірақ, менің де өз туған топырағым, елімнің Сіздер сияқты ардақты азаматтары бар. Мен өз өңіріме керекпін. Мың алғыс ниеттеріңізге» деп ақын апа алғысын білдіреді.
Оннан астам облыстық, жиырмаға жуық республикалық айтыстарға қатысып, өзінің Атырауын ту ете білген Жаниба Қарасаева Қазақстан Республикасы суырып салма ақындарының лауреаты, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, «Атырау облысының №1 айтыс ақыны» деген дипломы да бар қолында. Халықтық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруды өзінің төл міндеті санайды. Алты жылдан бері Зәмзам Есщанова атындағы саз мектебінің жанынан ақындар сыныбын ашып, тума өнердің жалғасын табуына өз үлесін қосып келеді.
Бір мезетте әйел, ана, ақын болу оңай шаруа емес. Апай өзінің үкілі қара домбырасын кеудесіне басып, қалың көпшіліктің алдына тайсалмастан, еркін шығуы, ең алдымен, өмірлік қосағы Амангелді ағаның азаматтығы мен ол кісінің қазақ өнеріне деген ерекше ықыласының нәтижесі екендігін асқан ризашылықпен айтады. Елу жыл отасып, бауырларынан Нұрлан, Аян, Айдар атты үш ұл мен Самал атты қыз өрбіткен бұл мерекелі де берекелі шаңырақты бүгінгі күні он бір немере-жиендері думанды шаттыққа бөлейді. 95 жасқа келгенше енесінің көңілін тауып, инабатты келін атана білген Жаниба жылдар өте келе жазба өлеңге және құлашын кеңге сермер прозаға ден қойды. Оның қаламынан туындаған «Сүтақы», «Жүректің пернелері», «Елге оралу», «Махаббат киесі», «Өмір тіні», «Сыңар аққу» повестері мен шығармаларына қоса, газет беттерінде жарияланған уытты мақалалары Жанибаның намысшыл, ұлты үшін бәріне дайын өршілдігін көрсетеді. Солардың ішінде 1999 жылғы «Жас алаш» газетінің бетінде белгілі қаламгер Мұқтар Мағауиннің «Ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы» деген мақаласы жарияланып, онда екі әйел алу туралы мәселе көтеріп, бұл өзіміз үшін емес, болашағымыз үшін деген уәж айтуы ақынды бей-жай қалдыра алмады. Сөйтіп Жаниба «Сол еркектің ішінде сіз де барсыз» деген тақырыппен мақала авторына газет бетінде хат жолдайды. Тіл уытын шашып Жаниба сол мақалада ана атаулының намысын қызғыштай қорғады, әйелдің абыройы, әйелдің ар-ожданының қандай екендігін зердеге жеткізе білді.
«Менің басты тақырыбым – әйел, ана, тәрбие-тағылым. Бұларсыз тіршілік бос» дейді ақын апа әңгіме арасында. Кісіге салмақ салмай өз күшімен тіршілік етуді мақсат еткен, қанағатқа ғана бой алдырған Жаниба ана «ысырапшыл емес, еңбекқор, паң емес, кішіпейіл, іске икемді» деп балаларына риза болады. «Жасым біршамаға келсе де мені толғантатын нәрсе көп. Елімізге жан-жақтан келіп жұмыс жасап жатқандар ұрпағымызға зиянын тигізбесе екен, Жер-Анаға, туған табиғатқа залал келтірмесе екен деп тілеймін. Туған тіліміздің тағдыры жаныма тыным бермейді. Қыздарымыздың ішінде өзге ұлттың етегінен ұстап кете баратындары, ұлдарымыздың да басқа ұлтқа үйленіп, отау құратындықтары жанымды қинайды. Ұрпақтарының түр-түсі ғана емес, ой-өрісі де өзгеріп кетеді-ау, жазғандардың» деп қиналамын. Қызыл тілмен талай жерге барып едім, ендігі жерде қарым-қабілетім жеткенше ұрпағыма өнеге болатындай іс тындырсам деймін».
…Ақын апа тағы да үнсіз қалды. Маған бір сәт ой шетіне жете алмай мұңайып, жалғызсырап отырғандай көрінді. Жо-жоқ, қателесіппін, мұң емес екен жүзіндегі, жанары ұшқындап айналасына сергек қарап «мен ел болашағының қуатты да, бақуатты болатындығына сенемін» деді жымиып.
ТҮЙІН: Оның шығармаларына арқау болған тақырыптардың қай-қайсысына қарасаң да – тұнып тұрған ұлағат. Ананың тілімен жазылған сол құнды дүниелерді жастарға насихаттап, кітапханаларда оның шығармалары бойынша ғылыми конференциялар ұйымдастырылса, кездесулер жасалса, еш артық болмас еді. Сөз арасынан алпыс жасқа, тіпті алпыс бес жасқа келгенде де қолына бір шоқ гүл ұстатып, иығына камзол жабудың ешкімнің есіне келмегендігі қынжылтты. Сырттан біреу келсе, бар құрметімізді арнап, шабыламыз келіп. Ал, өз ішіміздегі жайсаңдарымызды елемей қалатынымыз неліктен? Ақын сый-құрметтен кенде емес. Қайда барса да халқы құшақ жая қарсы алады. Бірақ, өмір көші толастамайды. Кейінгі ұрпаққа ақынның айтары көп, оның тәрбиелік мәні бар әңгімелерінің берері мол.

Ағиба ҚАТЕШОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз