ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН ЖҮК

«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері мен партия белсенділері бас қосып, Елбасының биылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралады.

– Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстан 2017 жылы қолданыстағы қосымша құн салығынан бас тартып, салықтың тек үш түрімен жұмыс істейтіндігін атап көрсетті. Олар – бәрімізге белгілі ортақ салық. Екіншісі – жеке кәсіпкерлерге арналған салық. Үшіншісі – шағын және орта кәсіпкерлік пен аграрлық секторға арналған арнайы салық. Елбасымыздың атап өтуінше, бұлар көлеңкелі экономикамен күресуде барынша тиімді болмақ.   Жолдауда айтылған тағы бір ай­рықша жағдай – елімізде жаңа инвестициялық және әлеу­меттік саясаттың жүзеге аса бастайтындығы. Әсіресе, же­ке­ле­ген бағ­дарламаларға сәйкес ел өңір­­лер­інде осы саясатты жүзеге асы­ру­дың нақты тетіктері көрсе­тіл­­гені болашаққа үлкен сенім туғы­зады, – деген аталмыш филиал төрағасы Ермекқали Юсупов Жолдаудан туындайтын міндеттерге де тоқталды.

Мемлекет басшысы экономикаға инвестиция тарту мәселесін жүйелі жолға қою қажеттігін баса айтқан болатын. Осы орайда ойын ортаға салған облыстық мәслихат депутаты Серік Ерубаев мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және бәсекелестікті өрістетуді де қолға алудың қажеттігін айтты. «Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге отандық және шетелдік инвесторларды тарту, «Астана»  халықаралық қаржы орталығын құру – бүгінгі маңызды міндеттердің бірі» дейді Серік Сәрсенұлы.

Ал, Саяси кеңес мүшесі Бақтыгерей Жұбанов Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға әрбір қазақстандық атсалысуы тиістігін, әр азамат еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, белсене еңбек етуі қажеттігін айтты. Сондай-ақ, облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов, Жастар қанатының өкілі Данияр Күмісбековтер ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз