Қоғам

ЖҰМЕКЕНГЕ АРНАЛҒАН МҮШӘЙРА ПОЭЗИЯ МЕРЕКЕСІНЕ АЙНАЛДЫ

 

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев бастаған бір топ ақын-жазушылар даңқты жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоғын қойып, мектеп оқушыларымен, әдебиет сүйер қауыммен кездесті. Қошалақтан шыққан қоңыр ұлға арналған поэзия мейрамы әрі қарай аудан орталығы Ганюшкин селосындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Дәшін халық театры ұжымы жас драматург Артур Яхуданың «Жоқ! Ұмытуға болмайды!» атты моно-спектаклін қойды. Бұл драмалық шығармада Шәмші мен Жұмекеннің монологтары, құмдағы ауыл, соғыс жылдарының қасіреті өте жақсы суреттелген. Пьесадан кейін  Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектептің оқушысы  Еркеназ Қалижан Жұмекен ақынға арнаған өлеңін оқыды.

Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы туралы Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов жасаған баяндама үлкен ойға қалдырды. Ол осынау әдеби кештің  маңызын айта отырып, «Ұрпағым, саған айтам» жыр мүшәйрасын ұйымдастырған Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалына алғыс айтты. Мүшәйра ақынның кіндік қаны тамған топырақта қорытындылануының  игілікті іс екенін де айрықша атады.

Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының директоры, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Қойшығұл Жылқышиев, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Гүлзада Ниетқалиева,  халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегерлері, ақындар Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш, «Алтын топшы» жас ақындар клубының жетекшісі Артур Яхуда, мүшәйра жеңімпаздарын марапаттады.

Бас жүлдені «Бөгелек» лақап атымен бәйгеге түскен жылыойлық ақын Бүркіт Базарбаев иеленді. Бірінші орынды «Нұрғали» жасырын есімімен қатысқан құрманғазылық Нұрлығайын Нұғманов жеңіп алды. Екінші орынға «Колябай» псевдонимімен жыр ұсынған Қошқарбай Жақсиев лайық деп танылды. Үшінші орын ақындар Нұрым Ерғалиевке, Есмұхан Жанизинге және Асылбек Есжановқа бұйырды. Ақындар мінбеге шығып Жұмекенге арнаған өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, әділқазылар алқасы мүшелері де өлең оқып, шараның соңы поэзия кешіне ұласты.

Гүлзада РАХМЕТҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген

Асанәлі ҒҰМАРОВ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button