Тасқа жазылған шежіре әлі күнге құпиясын ашатын емес

Жылыой аумағы «жеті жұрт көшкен» киелі Маңғыстау жерінің бір тарихи бөлігі болып табылады. Осынау құйқалы өңірде өмір сүрген сан ұлт, сансыз халық  тарихынан, тұрмысынан, өмірінен мағлұмат берерлік жәдігерлер жетерлік. Солардың бір парасы – құлпытас, қойтас, сандықтас, бестастарға, сан түрлі тамдарға  қашалып жазылған жазулар мен ою-өрнек, суреттер.

Атақты ғалым Әлкей Марғұлан: «Қазақтың сәулет өнерінің ең таңдаулы үлгілері Оңтүстік, Орталық Қазақстан мен Каспий маңындағы Маңғыстау, Сағыз, Жем бойында көп сақталған. Басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да қайтыс болған жандарын мәңгі есте қалдыру  үшін олардың қабірінің басына өз заманының стиліндегі құлпытас пен күмбез көтеру сынды тамаша дәстүрлері бар» – деген болатын.

Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатты түрде, жоғары дәрежеде тойлаған еліміз егемендік алғанымызға 25 жыл толу мерекесіне дайындық кезінде тарихи-мәдени мұраларды зерттеу ісі жедел қолға алынып, тасқа қашалған тарихимызды зерделеуге үлкен мән беріліп,  мезгіл-мезгіл ғылыми экспедициялар шығарылуда. Бұл іске білікті маман, білімді ғалымдар тартылып отыр.

Маңғыстаулық өлкетанушылар М.Ақмырзаев пен Ә.Мырзағалиев эпитафияны, яғни, мәдени-тарихи ескерткіштердегі жазуларды  басты-басты төрт топқа бөледі.

Олар – генеологиялық, ғұмыр деректік көрсеткіштер, кәсіп, әлеуметтік жағдай туралы көрсеткіштер,  хабаршы деректер және поэтикалық эпитафия.

Құлпытас, там, күмбез мазарлардағы көне жазуларды мұқият зерттеп,  зерделесе,  тарихтың талай ақтаңдақ беттерінің сыры ашылар еді. Өкінішке орай, эпитафиялардың ішкі мәнін жете ашып оқитын мамандар бізде әлі тапшы.

Тастағы тарих – бұрмалауға келмейтін, халқымыздың өткенінен мағлұмат беретін, сыры терең жылнама. Оны зерттеу, зерделеу – бүгінгі  ұрпақ мойнындағы қасиетті парыз.

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ,

өлкетанушы, Қазақстан Журналистер Одағының   мүшесі.

(Суреттерде:  Жұбан тамы  мазары, қойтастар,  құлпытастар).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз