Қоғам

ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

Үстіміздегі аптаның алғашқы күндерінің бірінде ҚР тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Басқосуды департамент басшысының бірінші орынбасары Е.И.Уәйісов кіріспе сөзбен ашып, күн тәртібіндегі мәселенің мән-жайын баяндады.

ҚАЖЕТТІЛІК НЕДЕН ТУЫНДАДЫ?
Біріншіден, кедендік одақ жағдайында Ресей мен Белоруссиядан халық тұтынатын тауарлар, соның ішінде азық-түлік өнімдері ішкі нарыққа кедергісіз тасымалданатын кезде, аталған одаққа мүше елдердің саны ұлғаю мүмкіндігі артады. Оның үстіне, таяуда Еуразиялық экономикалық одақ құрылады, деп күтілуде. Мемлекет басшысының өзі атап көрсеткендей, мұның сыртында ағымдағы жылдың аяғына дейін еліміздің Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіру ықтималдығы және бар.
Екіншіден, елде жүргізіліп отырған саясат та негізінен кәсіпкерлік қызметті қорғап, мемлекеттік қадағалаушы органдардың бақылау-қадағалау функцияларын шектеуге бағытталған. Осы тұрғыда, Елбасының биылғы ақпан айындағы арнайы Жарлығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілетін жоспарлы тексерулер тоқтатылатын болады. Бұдан былайғы жерде, мұндай шаралар бизнес субъектілерінің қауіптілік дәрежесіне қарай, яғни соның есебімен ғана жүзеге асырылады.

ҚАЙ МОДЕЛЬ БІЗГЕ ТИІМДІ?
Ерболат Инаматұлының айтуынша, шетелдіктердің тәжірибесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың төрт түрлі моделі қолданылады екен.
Бұлардың біріншісі –әкімшілік модель, мұнда тұтынушылық саясатты үйлестіруге қатысты барлық шешімдер мемлекеттік биліктің араласуымен шешіледі. Екіншісі – соттық модель, аты айтып тұрғанындай, мұнда проблемалардың шешімін табуы соттық процедураларға негізделеді. Үшіншісі – реттеуші модель, бұл жүйеде тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін мемлекетке тәуелсіз, парламентпен тағайындалған арнаулы органдардың (экономикалық соттар, қаржылық омбудсмен, т.с.с.) көмегіне жүгінеді. Төртіншісі – аралас модель. Еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын осы жүйе бойынша мемлекеттік орган тұтынушылық саясат үшін ғана жауап береді. Ал, тұтынушылардың бұзылған немесе нұқсан келтірілген құқықтары омбудсмендер мен сот органдарының қызметі аясында қалпына келтіріледі.
Жоғарыда келтірілген модельдердің қайсысы бізге оңтайлы, не болмаса мейлінше тиімді? Республикалық Агенттік басшылығының бүгінгі таңда бас қатырып отырған мәселесінің бірі де осы екенін білдік.

НОРМАЛАУ МЕН МОНИТОРИНГІЛЕУ НЕ БЕРЕДІ?
Егер де осыған дейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тексерулерді жоспарлы түрде жүзеге асырып, анықталған кемшіліктерге байланысты жазбаша ескертулер беріп, басқалай да жазалау шараларының алынуына ықпал етіп келсе, ендігі жерде бұған шектеу қойылады. Дегенмен, кәсіпкерге, қызмет көрсетуші немесе өнім өндірушіге рұқсат құжатын (сан.эпид.қорытынды) беру, азаматтық-құқықтық жауапкершілігін (санитарлық аудиттің негізінде) сақтандыру, қауіптілік критерийлерінің дәрежесі бойынша бағалаудың негізінде тексеру жүргізу функциясы сол күйінде сақталған.

ҚАУІПТІ ӘРІ САПАСЫЗ ӨНІМНЕН ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?
Айрықша маңыз берілуге тиісті мәселенің бірі-тұтыну рыногын қауіпті және сапасыз тауарлардан, нақтырақ айтқанда, күнделікті тұтынылатын азық-түлік өнімдерінен сақтау болып табылатындығы даусыз. Бұл салада қандай шараларды жүзеге асыру қарастырылғандығы, қай жағына баса назар аударылатындығы жайында облыстық департаменттің санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Мәриям Меңдіғалиева мәлімдеді.
Хабарланғанындай, қандай өнімді болмасын қауіпсіздендіру арнайы бекітілген техникалық регламенттермен реттеледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы саны 88 ұлттық техникалық регламент қолданысқа енгізілген. Бұдан бөлек, кедендік одақ шеңберінде 34 техникалық регламент бекітіліп, бүгінгі күні соның 24-і заңды күшіне енген. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы да жетеуі және 2015 жылы қалған үшеуі де еліміздің аумағында әрекет ететін болады. Мұның сыртында, осыған дейін қолданыста болып келген «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің жобасына да ішінара өзгерістер енгізілген болып шықты.
Алдағы уақытта келеңсіз жағдайларға тосқауыл қою мақсатында елімізге шеттен келетін немесе өзімізде дайындалып, сыртқа шығарылатын азық-түлік өнімдерінің немесе тұтыну тауарларының қауіпсіздігі туралы Бірыңғай мәліметтер базасын жасақтаудың интеграцияланған ақпараттық жүйесін енгізу мәселесі күн тәртібіне қойылған. Бұдан басқа да жұртшылық назарын аударатындай қызықты ақпараттар мен дерек-дәйектер журналистердің қаперінен тыс қалмады.
Баспасөз конференциясында, сондай-ақ, облыстық департамент басшысының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі жөніндегі орынбасары Амантай Жүмағалиев, сараптамалар орталығының жетекшісі Өтеміс Апуов та өз салалары бойынша қысқаша хабарлама жасап, біраз жайлардан құлағдар қылды.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button