ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Қаржы саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бүгінгі маңызды проблемалардың бірі. Өйткені, қазіргі кезде осы саланың қызметін пайдаланбайтын тұтынушы кемде-кем. Бұл ретте банк жүйесінде тұтынушылардың құқықтары қалай қорғалып жүр? Осыған орай, облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің  ұйымдастыруымен облыстағы банктер мен сақтандыру компанияларының  басшылары бас қосқан «дөңгелек үстелде»  кеңінен сөз болды.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан халқы банктер қызметін көп пайдаланады.

Жиын төрағасы облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайысов банктер қызметіне тұтынушылардан  шағымдар мен реніштердің көптеп түсетіндігін  айтты. Жақында бір азамат банктен жылдық  үстеме мөлшері – 17 пайызбен несие алады.  Алайда, оның үстіне тағы да айтылмаған, бірақ келісім-шартта көрсетілген жылдық үстеме пайыз қосылған. Нәтижесінде, несиені өтеу 25 пайызды құраған.

Енді бір тұтынушы банктен алған несиенің қалған сомасы – 300 мың  теңгені өтегісі келген (несиені жапқысы),  бірақ оған кестеде көрсетілген сомадан басқа қосымша 30 немесе 40 мың теңге төлеу керек екендігін айтқан. «Бұл сома қайдан шықты?» деп сұрағанда, оған бұл соманың осы жылы болған теңге девальвациясына байланысты қосылғанын айтады.

Тұтынушының банкпен қарыз келісімшартын қарағанда, бұл келісім-шартта қарастырылған болып шыққан. Ал, бұл жағдай банк тарапынан тұтынушыға  түсіндірілмеген. Оның үстіне, қаржылық қызмет көрсету ұйымдары  беймезгіл уақытта қоңырау шалып, көрсетілген күннен бұрын несиені өтеу туралы ескертулері тұтынушылардың ренішін тудырады не болмаса сот шешімінсіз азаматтардың жалақы алатын карточкасын жаптырып тастау секілді өрескел жайттарға барады. Банктердің осындай жұмысына реніш білдірген тұтынушылардың арыз-шағымдарына Қазақстан Республикасы  Ұлттық Банкінің Атырау облысы филиалы күні бүгінге дейін тек ескертулер берумен  ғана  шектелген.

Қазақстан Республикасы  Ұлттық Банкінің Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаров, Халық Банкінің Атырау филиалы директорының орынбасары Назымгүл Сағынғалиева, сондай-ақ  Атырау облысының салық департаменті басшысының орынбасары  Айгүл Рзағұлова,  басқа да  банк басшылары тұтынушылардың өз құқықтарын жете білмейтіндігінен көп жағдайда банкінің қызметі мен мамандары атына айтылған арыз-шағымдардың барлығы бірдей шынайы бола бермейтіндігін алға тартты.

Отырыста қаржыгерлер ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп,  өзара пікір алмасты.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз