СУ – ТІРШІЛІКТІҢ НӘРІ

оның бағасы да шектен шықпағаны жөн

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Атырау су арнасы» КМК бойынша халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет бағаларына реттелетін тарифтердің енгізілуін қарастыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Басқосуды ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті директорының міндетін атқарушы Райхан Мизамғалиева ашып, мәселенің мән-жайына түсінік беріп, біраз деректерді келтірді.

Республикадағы су шаруашылығымен шұғылданатын кәсіпорындарды жаңғырту және реконструкциялау, сондай-ақ стратегиялық ресурстарды үнемдеу мақсатында ел көлемінде ауыз суды тұтынудың 2013-2015 жылдарға арналған тарифтерін қалыптастырудың жаңа механизмдерін енгізудің кешенді жоспарының жасақталып жатқандығын мәлімдеген ведомоство басшысы үстіміздегі жылдың 1 қазанында «Атырау су арнасы» басшылығы тарапынан қолданыстағы тарифтерді қайта қарап, мүмкіндігіне қарай өсіру жөнінде ұсыныс түсіргенін алға тартты. Атап айтқанда, осыған дейін қолданылып келген, үш текше метрге дейінгі қызмет ақысы 53,7 теңгеге (қосымша құн салығын есептемегенде), жылуды өздері өндіретін кәсіпорындарға 88,8 теңге, басқалары үшін 149,1 теңгеге теңгерілген. Ал, лас суды айдау немесе кәріздік жүйе қызметін пайдалану тұрғындарға 24,1, бюджеттік ұйымдар үшін 36,2 және басқа да тұтынушыларға 49,6 теңге/текше метр көлемінде белгіленген.
Бекітілген жағдайда, 2013 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді деп жобаланып отырған осындай шекті тарифтік деңгейлердің белгіленуі 2014 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның (сомасы 727,820 млн.теңге, яғни осыған дейін межеленген 420,7 млн. теңгеден екі есеге жуық шамада өсірілген) жүзеге асырылуымен, сондай-ақ энергияны үнемдеу бағдарламасы бойынша қолданыстағы насостардың қуатын тұтыну көлемін 30 пайызға дейін төмендетуге, сонымен қатар кәсіпорынның нормативтік-техникалық ысыраптарын мейлінше азайтуға мүмкіндік беретін жоспарлы іс-шаралардың атқарылуымен байланысты болып отырғандығын алға тартты.
Нәтижесінде, сумен жабдықтау қызметіне тұрғындардан алынатын ақы бір текше метріне 68,28, заңды тұлғалар үшін 189,70 теңге көлемінде белгіленсе, тиісінше канализация қызметінің тарифі тұрғын халық үшін 31,39, ал заңды тұлғалар үшін 122,12 теңгемен шектелген. Осылайша, тұрғындар үшін су ақысының қазіргі қолданыстағыдан 27,2 пайызға, лас суды айдағанға алынатын ақы мөлшерінің 30 пайызға дейін көтеріліп отырғандығы белгілі болды.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай сөз кезегін еншілеген «Атырау су арнасы» КМК директоры Андрей Ташлыков тарифтердің көтерілуіне бірден бір себепші болып отырған, жоғарыда айтылып кеткендей, кәсіпорын бойынша қабылданған инвестициялық бағдарламаға енгізілген шараларға қысқаша тоқталды. Оның мәлімдеуінше, салыстырмалы түрде алып қарағанда, көршілес Ресей еліндегі суды тұтыну тарифтері біздегіден үш еседей жоғары көрінеді. Осы ретте бірінші кезекте қолға алынуға тиісті шараның бірі – қызмет көрсету және тұтынылатын ауыз судың сапасын арттыра отырып, кәсіпорынның активтерін жаңғырту, біртіндеп энергияны үнемдеу технологиясына көшу болып табылатындығын жеткізді.
Тұтастай алғанда, кәсіпорынға қарасты қаладағы су тазарту құрылғылары мен қондырғыларында, су қысымын көтерудің сорғы стансалары мен канализациялық сорғы стансаларында барлығы 91 энергия үнемдеуші қондырғы орнату, соның нәтижесінде қолданыстағы агрегаттардың 30 пайызын ауыстыру көзделген. Қай салада болмасын, жұмыс сапасының жоғары болуы оны атқаратын мамандардың біліктілігі мен жауапкершілігіне байланысты екендігі даусыз. Жұмысшы-қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандырып, міндетіне мүдделілігін арттыру үшін алдымен жалақысын өсірудің мүмкіндіктерін қарастыру шарт. Мұның бірден-бір жолы көрсетілетін қызмет тарифтерін, құнын көтеру екендігін меңзеген кәсіпорын басшысы еліміздің өзге өңірлеріндегі коммуналдық қызмет бағаларымен салыстырғанда, аз-мұз көтерілген күнде де біздегі тарифтердің төменгі дейгейде қалатындығына назар аударды.
Осындай жайлардың бәрі сайып келгенде кәсіпорын бойынша тұтынушыларға ұсынылатын коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру жөнінде ұсыныс беріп, оны бүгінгідей қоғамдық тыңдауға шығаруға септігін тигізгендігін және бір мәрте мәлімдеген хабарламашы одан әрі 2014 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалысынан күтілетін нәтижелерді де тілге тиек етті. Мәселен, экономикалық тиімділік 77 млн.теңгені, соның ішінде, энергияны үнемдеуші жабдықтарды қолданысқа енгізуден 33 млн.теңге, су мен кәріз құрылғыларының нормативтік-техникалық ысырабын төмендетудің есебінен 44 млн. теңге үнемделеді деген есеп жасалынған.
Сондай-ақ, тағы бір қаперленгені, жаңа тарифтердің енгізілуіне байланысты осыған дейін қолданыста болып келген үш сатылы сараланған тарифтер алынып тасталынады. Мұндай қадамға барудың басты бір себептерінің бірі, бүгіндері суды тұтынушылардың 95 пайызы дерлік есептегіш құрылғыларды пайдаланады. Белгіленген инвестициялық бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылған уақытта бұл көрсеткіштің 100 пайызға дейін жету мүмкіндігін де жоққа шығармаған кәсіпорын басшысы қоғамдық тыңдауға қатысушыларды өз тараптарынан жолданған ұсынысты бірауыздан қолдауға шақырды. Мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін ескерген сараптамалық кеңестің мүшелері де мұны мақұлдап, келісетіндіктерін білдірді. Соңынан тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға да жауаптар қайтарылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз