«СОЛ БІР СӘУЛЕ»

ақын  Әлия  Дәулетбаеваның жыр  кеші  осылай  аталды 

Өткен бейсенбіде Махамбет атындағы облыстық драма театрында Атырау облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Алтын топшы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Әлия Дәулетбаеваның «Сол бір сәуле» деген тақырыппен поэзиялық кеші өтті. Жырсүйер көрермен ақын қыздың кешіне көп жиналды.

Театр сахнасы ашылысымен ақын өлеңдерінен көріністер қойылды. Бір кезде әсем киінген ақын қыздың өзі де көрініп, жанашыр көрерменмен өз ойымен, өз жырымен бөлісе бастады. Бұл жерде театр әртістерінің ойнау шеберлігін де атап өткен жөн. Кештің осынау сахналанған көрінісінен кейін негізгі бөлімге кезек берілді.

Поэзия кешінің басты кейіпкері – ақын Әлия Дәулетбаеваны Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы, ҚР еңбек  сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев құттықтады. Ол өз сөзінде әдеби ортадан алыс жүрсе де, шағын ғана ауылдан шыққан ақынның талантына, тынымсыз еңбегіне таңғалатынын айта келіп: «Әлия – Фаризаның жалғасы!» – деді. Ол Әлияға былғары теріден жасалған ерекше сағатты тарту етіп, ақын қыз қанша өлең жазса, соның бәрін осы сағаттың есептеп тұратынын айтты.

Мұнан кейін сахнаға ақын қыздың Астана қаласы мен Маңғыстау облысынан келген ақын достары – Дәурен Берікқажы, Танакөз Толқынқызы, Нұргүл Маулина, Жанар Айлашева көтерілді. Олар еліміздің біртуар ақын қызы Фаризаға, оның ізбасар сіңлісі, құрбылары Әлияға арнаған өлеңдерін оқыды. Ал, Алматыдан арнайы келген өзі ақын, өзі әнші, өзі сазгер Роза Әлқожа атыраулық құрбысына ізгі тілегін жеткізіп, саусағына алтын жүзік салды. Өзін сағына тосып отырған атыраулық көрермендер мен ақын Әлия үшін «Фариза апа» әнін, одан кейін Әлияның өлеңіне жазылған «Қызыма», «Сен ғана» әндерін тұңғыш рет орындап берді.

Кеште, сондай-ақ, Әлияның сыныптастары мен университетте бірге оқыған достары да сөз алды. Бір сынып, бір топта бірге оқыған құрбысы, бүгінде мемлекеттік қызметкер  Римма Қобданова өз сөзінде ақын қыздың кісілік қасиеттеріне көбірек тоқталып, өмірлік қосағы Әлібек екеуінің шынайы сүйіспеншілігі туралы сыр шертті. Ақынның туған жері Индер ауданы әкімдігінен де өкіл қатысып, құттықтады.

Осынау жыр кешінің соңында Әлияның өзіне сөз берілді. Ол Қазақстан деп аталатын тамаша елдің перзенті болғанын мақтан ететінін айтып, осындай дәрежеге жеткізген бірден-бір адам – анасына деген перзенттік алғысын жеткізді. Сондай-ақ, жыр жолындағы киесі Фариза апа рухына бас иді. «Бүгін – өлең күні, өлең мерекесі. Есте қаларлықтай кеш өткізуге мұрындық болған Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи ініме, мені үнемі демеп жүретін Қойшығұл ағама, Рәшила апама, достарыма, сіздердей жанашыр оқырмандарыма – баршаңызға алғыс айтамын!» – деді ақын Әлия.

Бас-аяғы екі сағатқа созылған жыр кеші өнегелі сәттерімен өз көрерменінің көкейінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз