СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Исламофобиядан арылу үшін не істеу қажет? Діни сауатсыздықпен, радикалдық идеялармен күресудің нендей тиімді тетіктерін іске қосуға болады? «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасына» байланысты сала мамандарының пікірлерін ұсынып отырмыз. 

 

Тұрар ӘБУОВ,Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы:

Бәсекеге қабілетті  болса…

Кезінде бір данышпан: «Жастар өзінің ата-анасынан гөрі, заманына көбірек ұқсас келеді» деген екен. Сондықтан, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасының» қабылдануы – уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. 

 Ондағы мақсат – бәсекеге қабілетті дін мамандарын даярлау. Ол мамандар халыққа ислам дінінің негіздерін, дін атын жамылған дәстүрлі емес ағымдар мен ұйымдардың идеологиясын әшкерелей отырып, хақ ислам, ханафи мәзһабын дәріптейтін болады.

Тағы бір жаңалық, мешіттердегі діни сауат ашу курстары ендігі жерде Құран Кәрім әліппесі, ғибадат, ақида секілді пәндермен ғана шектелмей, қазақи салт-дәстүрмен біте қайнасып, ұлттық санаға сіңіскен, этикалық құндылықтарға негізделген ислами ұстанымдардың ерекшеліктерін насихаттайтын болады. Ең бастысы, стратегия жастардың діни сауат ашуға деген қызығушылығын оятуға жол ашады. 

Мұхан ИСАХАН, Дін істері комитетінің Исламды зерттеу бөлімінің басшысы:

Оқытудың жаңа әдіснамасы қажет

Медреселерде бірыңғай оқу бағдарламасы һәм діни білім берудің сапасын арттыру мәселесі оң шешімін тауып отыр. Десек те, ұстаздардың біліктілігін шыңдау, медреселер үшін қазақ тілінде жазылған діни оқулықтар шығару мәселелері өткір тұр.

Өйткені, оқулық әдіснамасының жоқтығынан ұстаздар жағы көбіне діни кітаптарды басшылыққа алып немесе шет тілінде жазылған оқулықтарға жүгінумен келеді. Яғни, оқыту методологиясы бір ізге түспегеннен кейін, мұның шәкірттердің білім алуына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Осы орайда мүфтиятқа әр пән бойынша «Үздік оқулық» бәйгесін  жариялауды ұсынар едім. Мұндай тетік жан-жақты пісіп-жетілген үздік оқулықтардың жазылуына жол ашар еді.

 

Мұхиддин ИСАҰЛЫ, теология ғылымының докторы:

Білімді елдің болашағы зор

Исламға күйе жағып жүрген лаңкестердің әрекеті әлемді алаңдатып отырғаны белгілі. Осы мәселемен күрес қайткенде тиімді болады? Міне, тұжырымдаманың осы тұрғыдан рөлі зор. Себебі, ел сауатты болса, жастардың көзі қарақты болса, ақ пен қараны, жалған мен ақиқатты өз санасымен саралап, өлшей алатын ұрпақ қалыптасса, ондай елдің болашағы да жарқын болады. 

 

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы:

Маман даярлаудың моделі

Бұдан былай мамандарға діни біліммен бірге, ғылым компоненттерін мейлінше үйлестірген, бакалавр, магистратура, докторантураның (PhD) бағдарламалары ұсынылып отыр. Яғни, діни білім мен зайырлы ғылымның нақты ықпалдасуына негізделген ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа моделі іске асырылмақ. Ендігі жерде қолға алынған бастаманың толыққанды жүзеге асуы маңызды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз