«ШЕВРОН»: Жолы болған жобалар

5c53f5c91a8d3 Қоғам

Соңғы жылдары елімізде «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген ұғымы қолданысқа ене бастады. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Мұның кәдімгі кәсіпкерліктен айырмашылығы сол, өзіңмен бірге өзгелерге де, анығын айтқанда, әлеуметтің аз қамтылған және көмекке мұқтаж тобына пайда әкелуді көздейді. Атырауда да игі бастама иелері бар екен. Біз олармен тілдесіп, бұл бағытта қандай мәселелер барын, оны шешу үшін не істеу қажеттігін сұрастырдық.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қоймас бұрын оның мән-маңызын түсініп алған дұрыс. Осы ретте, атыраулық тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама жұмыстары бұл ұғымды көпшілік түсіне бермейтінін көрсетті. Демек, бизнестің әлеуметтік артықшылықтарын насихаттау керек.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін бір мысал келтірейік. Еуропада бір қымбат мейрамхана бар екен, онда бұрын сотталғандар мен нашақорлар қызмет көрсетеді. «Онда несіне қымбат?» деп ойлайтын шығарсыз, әрине. Тіпті, жергілікті тұрғындар тұрмақ, саяхаттап келген туристердің өзі де алдымен осында келеді екен. Ендеше, табыстың кілті неде? Мейрамхана басшылығы қаражаттың басым бөлігін қызметкерлерді оқытуға жұмсайды екен. Ендеше, адамның кім және қайдан екені маңызды емес болғаны ғой. Егер оны тиісті дәрежеде оқытып-үйретсе, табысқа қол жеткізуге әбден болады деген сөз. 

 «Жарқыра» — жарқын жобаларға жол ашпақ

Ал, бізде қалай? Қолынан іс келмесе де, дипломы барлар қызметке тұрады. Ал, он саусағынан өнер тамғаны бағасы жылдан-жылға шарықтап бара жатқан оқу ақысын төлей алмай әлек. Оның үстіне, темір торда жазасын өтеп шыққандардың жұмысқа алына қоймайтынын жүз пайыз сеніммен айтуға болады. Сонда не істеу керек?

«Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобалары өте көп. Біз солардың бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік. Әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында тыңнан түлен салған қолдау тетіктерінің бірі ретінде Бүгінде «Жарқыра» бағдарламасын айтуға болады. Ол әр жылға жоспарланып отырады. Негізгі мақсаты – жергілікті жердегі, соның ішінде алыс ауылдардағы кәсіпкерлердің бизнес-жобаларын жүзеге асыруға қол ұшын беру. Бұл арқылы түрлі әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді шешуді қолға алған жандар қаржылай көмектерге ие болуда.

Бизнес өкілдері арасында жүргізілген сауалнамада қатысушылардың көбісі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі ретінде табыстың аздығын көрсетіпті. «Жарқыра» бағдарламасында бұл жағы да есепке алынған. Алдымен, бағдарламаның басталғаны жөнінде хабарлама таратылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі екен. Кейін, ұсынылған жобалардың ішінен тек 25-і ғана іріктеліп алынады. Таңдалып алынған жоба иелеріне бинес жүргізудің қыр-сыры үйретіледі. Ақыры, әбден дайын болған кезде инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылады.

Инемен емдеушінің инсульт орталығы

Осындай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – бұрынғы дәрігер, қазір кәсіпкер Эльвира Айтуова. Ол Құлсары қаласынан шағын медициналық орталық ашып, бүгінде әлеуметтік кәсіптің нәсібін көріп отыр.

— Он жылдан астам уақыт емханада невропатолог болып қызмет еттім. Бұл саладағы тәжірибем өзім үшін жеткілікті болды деп санаймын. Оған қоса, инемен емдеу әдісін де игеріп алдым, оны қазір де ем барысында қолданамын. Сол кезде алдыма қаралуға келетін адамдардың түгелге жуығы инусльт алғандар болатын. Соңғы үш жылда олардың қатары үш есеге көбейді. Қазір бұл ауру жасарып кетті, яғни, 30-40 жас аралығын қамтиды.

Жүрек талмасына ұшырағандардың көп бөлігі қолдарын қимылдап, аяқтарын баса алмай қалады. Жап-жас жігіттер мен қыздар аяқ астынан мүгедек атанып, жұмысқа қабілетсіз болып шыға келеді. Енді бұдан әрі қалай өмір сүретінін білмей, әбден әбігерге түседі. Сөйтіп, біржола өмірден түңіліп, келешектен күдер үзеді. Қалған отбасы мүшелері де ауруға қалай күтім жасайтынын білмей дал болады. Осылайша, тұтас бір отбасы күйзеледі. Бұдан асқан қандай жан жарасы бар? Осы кезде «оларды қалайда қоғамға қайтару керек» деп шештім. Бұл менің өмірлік басты мақсатыма айналды десе де болады, – деді ол бізге ағынан жарылып.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жас дәрігер «Еуразия» қоры арқылы мемлекеттен 2 миллион 600 мың теңге грант алып, арманына қол жеткізеді. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арнайы жер телімін бөліпті. Бүгінде орталықта көрсетілетін тегін қызмет  арқасында бір айда 20-30 адам өз отбасына оралып отыр. Мұнда реабилитолог, массажист, логопед, психолог және басқа да мамандар еңбек етеді. Олар соңғы кезде жүйке ауруларының күрт өскендігін, соған байланысты да емдік шаралардың жүргізіліп отырғанын айтады. Расымен де, қазір біреуге сәл артық сөз айтсаң, қаны басына шапшып шыға келеді. Сондықтан, неврологиялық қызмет аясын кеңейту де – кәсіпкердің алдағы жоспарларының бірі.

Таңқалдырған «Таңсәрі»

Келесі кейіпкеріміз – Шәрбат Бисербаева қос мәрте грант иегері атанып, екі жобаның тұсауын кескен. Үш баланың анасы осыған дейін «Шеврон» компаниясында жұмыс жасап келгенін, енді бизнеске бет бұрғанын айтады.

— Бала кезден ұстаз болуды армандаған едім. Соған енді ғана қол жеткіздім. Мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болып, «Таңсәрі» атты жаңа балалар театрын аштым. Ондағы тәлімгерлер мүмкіндігі шектеулі, бірақ өмірге, өнерге деген құлшынысы шексіз жандардың шығармашылығын шыңдап келеді. Мұнда тегін де, ақылы түрде де қызметтер көрсетіледі.

Атырау қаласында Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі жабылса да, оның түлектері театрдағы дайындақтарын үзген емес. Егер оларға үйірме жұмысы ұнамаса, келмес еді ғой. Шүкір, Македонияның Прилеп қаласында еліміздің атын әлемге танытқан, «Звездочки» атты халықаралық муызкалық балалар байқауының жеңімпазы Санат Асуат секілді жұлдыздарымыз жетерлік. Енді алдағы уақытта екінші жобамызды жүзеге асырмақ ойымыз бар. Ол – халықаралық балардың өнер лицейін ашу, – дейді ол.

Артық салмақтан арылғыңыз келе ме?

Ал, Жылыой ауданының тұрғыны Балерке Күнбаева – ауданда тұңғыш рет фитнес залын ашқан  кәсіпкер. Онымен тілдеспек болғанымызда ішкі толқынысын жасыра алмады. Көп сөзге жоқ кейіпкеріміз ойындағысын қысқа да нұсқа жеткізуге тырысты.

— Кәсіпкер ретінде газет тілшісінің алдында алғаш сөйлеп тұрғандықтан, қобалжып тұрмын, – деп бастады сөзін ол. – Мен үй шаруасымен ғана айналысқанды қанағат тұтпадым. Қалайда, пайдалы кәсіп көзін табуға тырыстым. Сөйтіп жүргенде ойыма артық салмақтан арылуға көмктесетін фитнес орталығын ашу туралы ой келді. Тез арықтаудың тың жолын іздеп, нақты жоспар құрдым. «Каспий банктен» екі миллион теңге несие алып, дене шынықтыру залын аштым. Кейін, мемлекеттен де қаржылай көмектер алдым. Осылайша, небәрі 26 жасымда қыз-келіншеткерге арналған фитнес орталығын аштым. Алғашқы келушілердің бірі алты айда 41 келі салмақ тастады. Алғашқыда тез арада арықтайтынына сене қоймаған ол кейін қатты таңқалып, көзіне жас алғаны да бар. Шынымды айтсам, бұған өзім де сенбеген едім.

Ал, одан алты айда арықтаудың сыры неде екенін сұрағанымызда ол тәсілді дұрыс қолданбаса нәтиже бермейтіндіктен құпияда ұстайтынын айтты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз