Сеніміміз арта түсті

Қоғам
7 / 100

Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізгенін естіп, әлеуметік желі арқылы Мемлекет басшысының онлайн форматта өткен жиында сөйлеген сөздерімен толықтай танысып шықтым. Кеңесте Президентіміз қойнауы мұнайға толы өңіріміздің ел экономикасының дамуында ерекше орны бар екенін айта келіп, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары Атырау облысында  жүзеге асырылғанын айрықша атап өтті.

Өңіріміздің ел экономикасында қосқан үлестерін пайыздық мөлшерде айта келіп, аймақтағы кемшін қалған тұстарды, түйіні шешілмеген мәселелерді атап кетті.  Мәселен ол өткен жылы аймағымызда өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткендігін жеткізді.  Осы арқылы Президентіміз еліміздегі әр өңірдің ахуалымен толықтай таныс екендігін сездірді.

Осыдан соң өз тарапынан аймағымызды дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атап өтті. Олардың ішінде мұнай-газ өнеркәсібін дамыту, автожолдардың сапалылығын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, энергияны үнемдеу тәрізді өзекті мәселелердің жіті назарда болуын ескертуі  көңілімізде ризашылық сезімін ұялатты. Бұларға қоса елді-мекендерді сумен қамтамасыз ету және экология мәселесін де көтеруі өте орынды болды.

Иә, расымен де өлкемізден ағып жатқан Жайық өзені арнасының күннен-күнге тарылуы облыс халқының  бас ауыртар үлкен проблемасына айналғаны қашан.   Мемлекет басшысы көпшіліктің назарындағы осынау мәселеге дер кезінде қолдау білдіріп отыр. Жоғары жақтан жасалған осындай жанашырлықты көре отырып, біз өңіріміздің болашақта одан әрі гүлденетіне сеніміміз арта түсті.

Нұрпейіс МАҚАШЕВ, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған