САҒЫЗҒА СУ ҚАШАН КЕЛЕДІ?

Құрметті «Атырау» газетінің редакциясы! Біздің Сағыз селосы тоғыз жолдың торабында орналасқан, халқының саны сегіз мыңға жуық. Халықты таза ауыз сумен қамту жөнінде округте біраз жұмыс жасалып жатса да, Сағыз өңірі сумен толықтай қамтылмай отыр. 2014 жылы «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы бойынша ауылішілік су құбыры тартылғанмен, ол толықтай нәтижесін бермей келеді. Су қондырғыларын, су желілері жаңғырту, қайтадан салу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге аспауда. Тартылған желілердің ақаулары жетерлік. Тындырымды істің нәтижесі жоқтықтан су желілері күні бүгінге дейін толық іске қосылмаған.

 

Үстіміздегі жылдың басынан бері 3-ші қазақ ауылға таза су мүлде жіберілген жоқ. Жіберілген күннің өзінде су графигі сақталмайды. Облыстық «Атырау» газетінде (№89, 11.08.2015 ж.): «…Қызылқоға ауданының ауыл-селоларында да халық таза ауыз судың қызығын көріп отыр,» – деген сөз бар. Бұған біз толық қосылмаймыз. Өйткені, таза ауыз судың қызығын әлі көргеніміз жоқ.

Аталарымыз «Су – тіршілік нәрі» деп өте орынды айтқан. Сусыз өмір бола ма? Ауадай қажет судың ауылымызға тезірек келуіне ықпал етулеріңізді сұрап, өздеріңізге хат жолдап отырған жайымыз бар. Құрметті редакция! Шөліркеп отырған ауыл тұрғындарына қолұшын береді деп сенеміз.

Т.ӘЛДЕН, А.АХМЕТОВ,

Т.ҚОРҚЫТОВ, Қ.РАХМЕТОВ, Е.АТШЫБАЕВ, Ө.САРБАСОВ,

Н.МЕКЕЕВ және тағы басқалары,

3-ші қазақ ауылының тұрғындары,

Сағыз селосы,

Қызылқоға ауданы.

Редакциядан:

Біз ауыл тұрғындары хатының көшірмесін Сағыз ауылдық округі әкімдігіне жолдап, одан төмендегіше жауап алдық:

«Сағыз ауылында 2013-2014 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «Баймен» ЖШС ауыз су желілерін тарту жұмыстарын жүргізіп, іске қосқан болатын. Жүргізілген желінің ұзындығы – 130 шақырым. Үстіміздегі жылдың 26 тамызы күнгі №9 хаттама бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінде аудандық мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру жөнінде тендер өтті. Тендер нәтижесі бойынша жеке кәсіпкер Әмірхан Садықов жеңімпаз болып танылды.

Қазіргі уақытта кеткен кемшіліктерді жою, яғни ақауларды жөндеп, тұрғындарға тұрақты түрде ауыз су беру үшін «Баймен» ЖШС мен жеке кәсіпкер Ә.Садықов тиісті жұмыстарды атқаруда. Әзірге «АтырауТеміржолЖылу» ЖШС мекемесі тұрғындарға ауыз суды арнайы автокөлікпен тасымалдау арқылы толық қамтып отыр. Ал, алдағы 2016 жылдан бастап тұрғындарға құбырлар арқылы ауыз су берумен айналысатын арнайы мемлекеттік мекеме құрылады деп жоспарлануда».

Міне, Сағыз ауылдық округі әкімдігінен келген жауап мазмұны осындай. Мәселе шешіледі дейді. Бірақ, қашан? Осы сауалдың нақты жауабын кім береді?

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз