Қарттарымыз «қарттар үйіне» неге барады?

img 20220610 wa0060 Қоғам

Бұрындары «қарттар үйі» деген ұғым қазақ тарихында мүлдем кездеспеген еді.

«Қарттарымыз – қазынамыз» деген халық едік. Өкінішке орай, батыстан бастау алған бұл үрдіс біздің елді де айналып өтпеді. Осындай жағдайдан-ақ қазіргі кезде немере-шөберелеріне ақыл айтып отыратын қариялардан гөрі, төрт қабырға ішінде көгілдір экранға үмітсіз телміріп отырып, балаларына керексіз болып қалған қариялардың қатары көбейгенін байқаймыз.

– Атаң қайда? деп сұраса, – қарттар үйінде, – деп айтатын ұрпақ өсіп келе жатыр. Қарттар үйі қазір қазыналы қарияларымыздың «қарашаңырағындай» болып кетті. Жыл сайын қарттар үйінің саны артып келеді. Шашын ақ басып, күш-қуаты таусылар шақта қаншама ата-әжелеріміз осы қарттар үйін паналауда.
Бейнетінің зейнетін көріп, ақылын айтып отырар шақта бауыр еті балалары «қарттар үйіне» өткізеді деп кім ойлаған?

Ертеректе ақсақалын абызға балаған елдің ұрпағы қазіргі кезде осы жағдайға бой үйретіп алған. Осының бәрі түптеп келген кезде адамгершілік құндылықтардың азайып, тәрбие осалдығының белгісі деп топшылауға болады.

Ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған дініміздің өзінде ата-ананы құрметтеу туралы өте көп айтылған. Ата-анамызға жақсылық жасау – ол біздің ұрпақ ретіндегі борышымыз.

Аида Мұратова,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, журналистика кафедрасының II курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз