«ӨНІМІМІЗ ӨЗГЕНІКІНЕН КЕМ ЕМЕС», – дейді отандық кәсіпорын басшысы

Қазіргі таңда әлемнің назарын аударып отырған Еуразиялық экономикалық одақ құру жайы мезгіл мінбесінен, күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Бұған бей-жай қарамайтындардың қатарында қазақстандық бизнес субъектілерін, халық шаруашылығына қажетті түрлі тауарлар мен өнімдер шығаруға маманданған отандық компаниялар мен кәсіпорындардың өкілдері де көптеп саналады. Бұл санатта Атыраудағы «Касхим» ЖШС-ін де атауға болар еді. Осыған орай аталмыш кәсіпорынның директоры Этибар МАМЕДОВТІ сөзге тартып, ой бөліскенбіз.

– Бірден айтарым, біздің серіктестік те осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша қабылданған мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуы жоспарланған серпінді жобалардың бірін қолға алды, – деді сұхбаттасымыз. – Нақтылай кетсем, ол – техникалық мақсатта пайдаланылатын шпагат пен полипропилен қаптарын дайындап шығару жобасы болатын. Қазіргі уақытта осындай өндірісті межеленген мерзімінде жолға қойып, іске қосуға мүмкіндік беретін австриялық заманауи технологияны орнату және жіберіп-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық инженерлік-техникалық құрамды, жұмысшы мамандарды қоса есептегенде, күні бүгінде кәсіпорында 170-ке жуық адам еңбек етеді. Зауытты реконструкциялау шаралары аяқталып, толық қуатында іске қосылған уақытта бұған қосымша 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ел көлемінде цемент шығарумен, тау-кен және жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде тағам өндірісімен шұғылданатын ірі компаниялар серіктестіктің басты клиенттері немесе тапсырысшылары болып табылады.
Осы жайлардан хабардар қылған кәсіпорын басшысы Этибар Алиұлының айтуынша, бұған дейін Атырауда ғана емес, көршілес Орал қаласында, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарында ұйымдастырылған халықаралық бизнес-форумдар мен көрмелерде де басқаларының қатарында «Касхим» ЖШС-нің өнімдері қатысушылар мен кәсіпкерлердің назарына ұсынылып, оң бағасын алып, өндірістің болашағы барына, олар дайындап шығарған техникалық шпагат пен полипропилен қаптарының да сапасы мен төзімділігі жөнінен тиісті талаптарға сай келетіндігіне, өзгелердікінен ешбір кем түспейтіндігіне көз жеткізілген.
Әңгіме барысынан, мұнда Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасында құрылған Кедендік одақтың, одан қалды 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап күшіне енетін Бірыңғай экономикалық кеңістік тәрізді интеграциялық құрылымдардың да тигізер әсерінің аз еместігін аңғардық. «Касхим» кәсіпорнының еңбек ұжымы да ойға алған істерінің оңғарылатындығынан дәмелі. Осылайша, толық қуатында іске қосылып, тұтынушылардың талабын қанағаттандыратындай дәрежеге жетіп, жоғары сұранысқа ие болып жатса, өз өнімдерінің немесе тауарларының қай жағынан да қалыспайтындығына кәміл сенімді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз