«ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕР»

ІІ облыстық отбасылық ансамбльдердің байқау-фестивалі осылай аталды

Отбасы күніне орай жексенбі күні қаладағы Исатай – Махамбет алаңында ерекше шара өтті. Ол ІІ облыстық отбасылық ансамбльдердің байқау-фестивалі болатын. Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиевтың айтуынша, ауқымды байқауға биыл облыс бойынша 7 отбасылық ансамбль қатынасты.

Қаланың орталығындағы өнер думанын тамашалауға халық көп жиналды. Фестивальдың шымылдығын алғашқы болып Құрманғазы ауданынан келген Нарешевтар отбасылық ансамблі ашты. Одан соң қатынасушылар сахнаға бірінен соң бірі көтеріліп жатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолғы фестивальға Индерден басқа барлық ауданның өкілдері қатынасты. Олардың дайындаған өнерлері де ерекше. Сондықтан, жұртшылық қатынасушыларды қошеметтеп, қолпаштап отырды.
Қоғамдағы отбасының мәртебесін көтере отырып, дәстүрлі салтымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттау, оны келер ұрпаққа аманаттау мақсатында өткен фестивальда жүлделі орындар берілген жоқ. Дегенмен, қатынасушылардың барлығы да марапатсыз қалған жоқ. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың гала-концертіне ұласты.

Бек АЙДАРАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз