ОЛАРДЫҢ АРМАНЫ АСҚАҚ

Елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты конкурс өткізіліп жатқаны белгілі. Таяуда осы конкурс облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында «Үздік студент» және «Ақылдылар» номинациялары бойынша жалғасты. Оған облысымыздағы орта арнаулы оқу орындары мен мектеп-интернаттарда білім алып жатқан мүмкіндігі шектеулі студенттер мен оқушылар қатысты. 
Сайыстың бұл түрін облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова ашты.

«Ақылдылар» номинациясына мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі оқушылар, мектеп олимпиадалары мен турнирлерге, интеллектуалдық конкурстарға қатысушылар, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары өз бақтарын сынаса, «Үздік студент» номинациясына үлгерімі жақсы, оқуда ерекше жетістіктерге жеткен, студенттік өмірге белсене араласып жүрген студенттік қозғалыстар мен конкурстардың, турнирлердің жеңімпаздары қатысты. Олардың бәрі де білім-білігінен, қолынан келетін өнерімен, үздік әлеуметтік идеясымен өзара сынға түсті. 
Конкурсты тамашалаушылар жылыойлық мүмкіндігі шектеулі бала, бірінші сынып оқушысы Махамбет Нұржанұлының оқыған өлеңдері мен «Көк тудың желбірегені» әнін тебірене тыңдаса, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Ғалия Лұқпанованың өзі шығарған «Жетімнің монологі» өлеңіне көңілдері босады. Ал, өзінің әсем де қоңыр даусымен «Асыл арман» әнін тамаша орындап берген студент Айбек Идаятовқа көрермендер үлкен қошемет көрсетті.
Сонымен бірге жиналғандар Атырау политехникалық колледжінің студенті Шыңғысхан Ещановтың қолынан шыққан «түнгі шам» мен ойыншықтарға, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенті Ақбөбек Рашитованың дайындаған әдемі көрпешелері мен ыдыс ұстайтын асханалық қолғаптарына қызыға қарады. Сайысқа қатысушы балалардың қай-қайсысы да сахнаға көтерілген сәттерін пайдаланып, көкейлерінде жүрген ең ізгі армандарымен бөлісуді жөн санады. Мәселен, студенттер Владимир Маринов, Ақбөбек Рашитова, Нұржан Арыстаналиев туған Атырауымыздың гүлденіп, көркеюі үшін, ең алдымен, тазалық сақталуы керек десе, Ғалия Лұқпанова атыраулық балалар мен жастардың көкірек көзінің ашылуына балаларға арналған мерзімдік басылым шығарудың орны ерекше деп топшылайды.
Әділқазылар алқасының шешімімен сайысқа қатысушы балалардың бәрі де облыстық білім беру басқармасының арнайы «Алғыс хаттарымен» және бағалы сыйлықтар – планшет, жаңа үлгідегі флешкамен марапатталды. Ал қызылқоғалық тоғызыншы сынып оқушысы Мөлдір Елубай, индерлік екінші сынып оқушысы Жансая Биляшева және Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Айбек Идаятов конкурстың жеңімпаздары деп танылды. Енді олар республикалық сайыста Атырау намысын қорғайтын болады.
Атырау қалалық мәслихатының депутаты, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры Бақытгүл Хаменова жылыойлық оқушы Махамбет Нұржанұлына сыйлық табыс етті. Осындай құрметті өздерінің студенті Айбек Идаятовқа да көрсетті. Атап өтерлігі, студенттің алдағы жылғы 110 мың теңге оқу ақысы колледж есебінен өтелетін болды. Мұндай марапат Қызылқоға аудандық білім бөлімі тарапынан өз жерлестері Мөлдір Елубайға да жасалды.

Лиза СЕЙТІМОВА,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз