МАХАББАТ МҰҢЫ

немесе қыз алып қашу салтымызда бар ма еді?

Қыз алып қашу дәстүр ме, қылмыс па? Бұл әрекет көршілес кейбір елдерде заңға қайшы деп саналады. Мәселен, айырқалпақты ағайындар қыз алып қашуды қылмыс деп танып, арнайы жаза тағайындап та қойды. Осы мәселе жақында еліміздегі бірден-бір заң шығарушы орган – Парламент мінберінде де көтеріліп, депутат Камал Бұрханов «мұндай қадамға барған жігіттерді он бес жылға соттау керек» деген ұсынысын да білдіріп көрді. Жалпы, бұған біздің қоғам қалай қарайды екен? Осы сауалды біз де талқылау алаңына тастаған едік.

Батыржан Мансұров, Атырау облысының Бас имамы:

– Еш таныстығы жоқ ер азаматтың қызды еріксіз тұрмыс құруға мәжбүрлеуі  адам құқын аяққа таптау болып табылады. Оның үстіне, мұндай жолмен басы қосылып жатқандардың ақыры жақсылыққа ұласып жатқан жоқ. Көбі дәм-тұзы жараспай, ажырасып жатыр. Демек, еріксіз үйленудің соңы жақсылыққа апармайды. Бұл Ислам дінінің заңдылықтарына да қайшы келетіні рас. 

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін өсиет етіп қалдырды. Бірақ, некелесіп үйленудің өзіндік шарттары бар. Алғашқы шарттарының бірін шариғат термині бойынша «ижәб» және «қабул» дейді.

 «Ижәб» деп – бірінші боп үйлену ниетін білдірген ер кісі сөзін айтамыз. Мысалы: «Мен сізді өзіме жар етіп алдым» дегені сияқты. Ал, «қабул» болса – бірінші айтқан ер кісінің сөзіне қыз баланың келісім беруі. Мысалы, «Мен де сізге жар болуды қабыл еттім» дей отырып, әлгі кісіге тұрмысқа шығуға ризашылығын білдіруі. Сондай-ақ, үйленуден бұрын құда түсу – Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі үшін де, өзгелер үшін де құда түскен. Құда түсіп, сөз салудағы мақсат – қалыңдықпен қоса, оның ата-анасының пікірін білу. Өйткені, неке қиюдан бұрын екі жақтың келісімі болуы қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйел адамның некесін айтқызып немесе рұқсатын алып қана қиюға бұйырған. 

Әбу һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жесір әйелдің келісімі, ал, қыздың рұқсаты алынбайынша неке қиылмайды» деп айтты. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Қыздың рұқсаты қандай болады?» деп еді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «үндемеуі» деді» делінген. Сондықтан да, неке қиярда міндетті түрде қыздың рұқсаты болуы керек. Исламда қыз бен жігіттің ата-аналарының батасы мен ризалығын алу – парыз. Алла Тағала Құранда: «Оларға жанұяларының рұқсатымен үйленіңдер» деп ескерткен (Ниса сүресі, 25-аят).  

Айбек Қадырәлиев, 
Атырау қалалық Әділет басқармасының басшысы:

– Ата-бабамыздың салтында қызды алып қашу ұғымы бар. Дегенмен, бұл жерде міндетті түрде қыздың келісімі болатын. Ал, еріксіз алып қашу адам ұрлағанмен тең. Мұндай іс бойынша адамды ұрлаған тұлғаға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің талаптарына сәйкес бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондықтан, бұл мәселеге бөлек заң енгізудің қажеті жоқ деп санаймын. 

Заң жүзінде қыздың келісімі ескерілмей қалған жағдайда ол адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық жазаға тартылады. Бұл заңда анық-қанық көрсетілген. Сондықтан, қыз алып қашу дәстүрін реттейтін арнайы заңның қажеті жоқ деп санаймын.

Аркадий Ким,
Атырау қалалық мәслихат депутаты:

– Мәжілісмен Камал Бұрхановтың Қазақстанда қыз алып қашатындарға қатаң жаза қолдануды ұсынғаны белгілі. Рас, әсіресе кәмелетке толмаған қыздарды ұрлау өте күрделі мәселеге айналып отыр. БҰҰ-ның мәліметтеріне сәйкес, 2011 жылы елімізде ерте жастан некелескен қыздар саны жеті пайызға артыпты. Дәлірек айтқанда, 31 мың 433 бойжеткен 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 100 мың қыз-келіншек босанған болса, соның 23,5 пайызы балиғат жасына жетпеген екен. Мұндай келеңсіз жайттың бәрі қыз алып қашу әрекетінен туындап отыр. Әрі ерте жыныстық қатынасқа түсудің қыз бала саулығы үшін зиян екендігін, одан туған сәбидің де дімкәс болатынын ескергеніміз жөн.

Ұлтым кәріс болса да, осы елде туып-өскен соң қазақтың дәстүрін жақсы білемін. Сондықтан, жүрегің қалаған қызды айттырып, дәстүрден аттамай, отбасын құрғанға не жетсін! 

Қыз алып қашу дәстүрімізде бар деп жатамыз. Бірақ, қазақтың дәстүріне терең үңілсек, қыз беріп, қыз алысудың өзіндік салты, жөн-жорал- ғылары бар. Ертеректе мұндай алып қашулар қалыңдықтың келісімімен болған. Ал, көпшіліктің «бұл да дәстүр» деп айтып жүргені – бертін келе қолдан жасалып алынған «дәстүр». 

Бауыржан СИСЕНОВ, 
журналист:

– Еріксіз қыз алып қашуды дәстүр деп санамаймын. Жөн-жосықсыз «үйлену керек екен» деп, жігіт көзі түскен қызды алып қашып жатса, әрине, бұл – қылмыс. Мұндай әрекеттер, әсіресе, оңтүстік өңірде жиі кездесіп жатады. Ата-анасы әлпештеп өсірген аяулы қызын мүлдем танымайтын жігіттің алып қашуы – оның намысын аяққа таптағаны. Сондықтан, мұндай әрекетке барғандарды заңмен жазалаған жөн. Осы мәселеге орай Парламенттің заң шығаруды ойластырғаны өте құптарлық. 

Қыз бен жігіттің бір-біріне деген ыстық ықыласы, махаббаты оянып, жүрек қалауымен құрылмаған отаудың мәңгілік болмайтыны сөзсіз. 

Ата-ананың ақ батасын алып, отбасын құрғандар ғана баянды өмір сүреді дей аламын. Бүгінгі күні осындай әрекетпен еріксіз отбасын құрып, кейін бақытты бола алмай, әр күнін көз жасын сүртумен өмір кешіп жатқандар қаншама? Сондықтан, әлгіндей әрекетке барып, адам ұрлаумен тең қылмыс жасап жүргендерді заңмен жазалау қажет деп есептеймін.

P.S. Міне, соңғы кездері қыз алып қашуға қатысты ел ішінде айтылып жүрген пікірлер де әртүрлі сипат ала бастады. Біреулер мұны құптаса, енді біреулері қош көрмейді. Қалай дегенмен де, қазақы дәстүрімізден аттамай, шариғат заңдылықтарына бағыну керектігін естен шығармаған жөн-ау.

Дайындаған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз