КОМСОМОЛ – БҰЛ ТАРИХ

Қазақстан Коммунистік партиясы Атырау облыстық филиалында бұрынғы комсомолдар бас қосты, естеліктерімен бөлісті. Кеңес Одағының ыдырағанына жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, комсомолдың туған күнін жалынды жастық шағы осы ұйыммен бірге өткен ұрпақ өкілдері ұмытпайды.

 

Алдымен, аталмыш партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев  80 жасқа толған мерейгерлер Мәдина Ғабдісәлімова мен Сәуле Лұқпановаларды құттықтап, естелік сыйлық, гүл шоқтарын табыстады. Өз кезектерінде қос мерейтой иесі де ризашылықтарын жеткізді.

– Бұрынғы комсомолдың бүгінгі жас қазақстандықтарға үлгі болатын тұстары аз емес. Жастарының басын қосқан комсомолдың идеологиялық жұмыстарының қарқыны, белсенділігі, ісіне берілген адалдығы мықты еді. «Комсомол біздерді Отанды сүюге, достықты қадірлеуге, адал еңбек етуге, оқуда озат болуға үйретті» – деп еске алған Мәдина Ғабдісәлімқызы жастық шағының комсомолмен байланысты болғанын айтты. Замандасының сөзін сабақтаған Сәуле Лұқпанқызы  «Бәріміз осы ұйымға мүше болудан бастап, тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік алдық. Спортпен айналыстық, барлық қоғамдық шараларға атсалыстық. Бұл бізге тек жетістіктер алып келді. Комсомол – менің еңбек жолымның шамшырағы. Сондықтан, қазіргі жастарды да осы рухта жаңаша тәрбиелеудің маңызы зор», – деді.    

Жиын барысында Комсомол жастар ұйымының 1918 жылы құрылғанынан бастап, оның құрамында 200 миллионнан астам жастың басы біріктірілгені айтылды. Комсомол ұйымдары соғыс жылдарында және тың игеру науқанында үлкен жігер танытты.

Александр Шмияновтың айтуынша, Қазақстандағы алғашқы комсомол ұйымдары бірінші кезекте темір жол бойындағы ауылдарда құрылған. 1921 жылы 13 шілдеде Орынборда Қазақстанның коммунистік жастар одағының І съезі өтіп, комсомолдарды халық шаруашылығын қалпына келтіруге, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге шақырған. Сондай-ақ, онда комсомолдың қатарына қазақ жастарын көптеп тартудың қажеттілігіне ерекше мән берілген екен.

– Осы съезден кейін комсомол ұйымдары Коммунистік партияға бағынышты бірыңғай жүйе болып құрылды. Партия тапсырмасын орындай отырып, комсомол саяси ағарту, жетім балаларға қамқорлық жасаумен айналысты. Сонымен бірге, комсомолдар қираған шаруашылықты қалпына келтіру үшін сенбіліктер мен жексенбіліктер ұйымдастыруға мұрындық болды, – деп естелігімен бөліскен Жұмиян Ахметов комсомолдың адамгершілікке тәрбиелейтін ұйым болғанын айтты.

Ал, Серік Медетов республикада,  облыста есімдері елге белгілі азаматтардың басым көпшілігі қазір комсомолдың ардагерлері болып табылатынын айтты. Комсомол қызметінен ірі мемлекет қайраткеріне айналған тұлғалар аз емес. Мәселен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ел тізгінін қолына алып, бүгінгі күні Қазақстанды әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосуды мақсат етіп отырған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1969-1973 жылдары Қарағанды облысының Теміртау қаласында комсомол жұмыстарын атқарған.

Кеңес дәуірінде авторитарлық, тоталитарлық режим болды деп жүрміз. Десек те, әр кезеңнің өзінің күнгейі мен көлеңкесі болады емес пе?!  Ал, оның  жақсы жақтарын да ұмытпауымыз қажет. Өйткені, ол – біздің өткеніміз. Комсомол — бұл тарих.

 Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз