«КІСІ КЕЛЕ ЖАТЫР!»

Шәйдеш – біздің бастық. Біздікінен бұрын да талай мекеменің тізгінін ұстап, арқалығы абажадай креслоға отырып үйренген тажалдың өзі. Жайшылықта алып-ұшатындай ештеңесі жоқ, өзімізбен әзілдесіп, қауқылдасып қалады. Бастық болған соң көбінесе аудандағы әкімдіктің күн сайын сағыздай созылып, біріне-бірі жалғасып жататын жиналыстарынан қалмайды. Кейде жұмысқа кежегең кейін тартып, не келгеніңді, не келеріңді білмей сөлбірейген кезінде «бастық кетсе, ындықтың түбіне неге кетпейді осы» деп қалатынымыз да бар. Аудандағы жиналыс болған соң әлгі Шәйдешіміз кей-кейде жоғарыдағылардан сөз естіп те қайтатыны бар. Оны өзі жария етіп, бізге айтпағанымен сеземіз. Сезетініміз – ол келген бойда бәрімізді жинайды, жинайды да ананы сұрап, мынаны сұрап қинайды, ұрысқан болады, өзінен- өзі бүлініп, кабинетте ұшып бара жатқан шыбынды қуады, телефон шыр ете түссе трубкасын баса қояды, саусақтарымен үстел тықылдатады.

Осыдан-ақ белгілі — бастығымыздың ауданнан айналайын естіп келмегені. Көңіл айтайын десең кісі өлгендей ештеңе жоқ, тек сол көңілді ау құрып, аулау ғана қалады. Көңіл аулау үшін де ептілік пен септілік керек. Бастықтың көңілін аулауға әркім де әуес. Дегенмен, мұндайда жылмандағандар ғана алдыңды орап кетеді.
Қойшы, әйтеуір, сол Шәйдеш бастығымыздың ауданнан алып келетін хабарларының ең жаманы бар. Ол – «кісі келе жатыр» деген хабар. Шәйдекең кешегі дүйсенбіде ауданға кетіп, қайта келгенінде машинасы тоқтамай жатып оны тосып тұрған бәрімізге қолын көтере түскен. Онысы белгілі – «маған жиналыңдар» дегені. Темекінің соңғы сантиметрін сорып-сорып жіберіп, енесіне жүгірген қозыдай Шәйдештің кабинетіне қарай жөңкідік. Тырқ-тырқ еткен үстел аяқтарының дыбысы тынып, көзілдірігі бар да, көзілдірігі жоқ та көздер Шәйдешке қарай бағытталды. Шәйдеш те көзілдірігінің үстінен сүзеген бұқадай бұқшия бір қарады да: «Сәрсенбінің сәтіне кісі келе жатыр, дайындалыңдар» деді.
– Ойбай, қайдан келе жатыр?
Бұл — бойлай да бастыққа келсе болды шыбын тигендей шыжбыңдап қалатын Қопалақтың сауалы.
– Қайдан болсын, облыстан-да. Шамасы, еркегі бар, әйелі бар — бір жеңіл машина толып келмекші. Ал, қалай дайындаламыз?
Басекең сұраулы жүзбен бәрімізге қарады. Отырғандардың қабақтарын қардан да бетер бірдеңе жауып кеткендей. «Кісі келе жатыр» деген сөз «соғыс басталды» дегеннен ауыр.
– Биылғы мәжілістердің біртәкелдері бар ма осы, жазылған ба?
Бұған жауапты Сәңкібай селк ете түсті. Шамасы, түгел болмағаны ғой. Бірдеңе деп күбірлей түсіп еді, бастық тез тыйды.
– Ең болмағанда былтырғы он екіні биылғы он үшке ауыстыру қиын ба осы. Давай, тездет!
Дауыс әмірлі шықты, қарсы жақтан «ім» дегеннен басқа жоқ.
– Осы кабинеттеріңде басы артық мүлік, дүние деген үйіліп жатыр. Тіпті, бұғалтірияда компьютерден көп нәрсе жоқ. Қане, жоқ қылыңдар. Қазір шөпірге айтайын, апарсын, апаратын жеріне.
Онысы бізге белгілі. Бастық былтыр да сөйткен. Жүргізушісіне жинатып, актісін жасатып, үйіне тасыттырып алған. Оған кім не десін?!
– Бір кабинетке шәй дайындаңдар. Шұбат, бауырсақ, сүт, қаймақ дегендей…
– Келетін кісілердің де өңештері бар шығар. Қаланың өңештері еркек, әйел деп талғамайды деуші еді?
Бұрын дөкейлер келгенде арақтың сыртын орамалмен ұстап, рюмкелерге сыздықтатып құйып үйренген жігітіміз Кәуікбайдың үйреншікті сауалы бұл.
– Қараңдар өздерің. Ішпесе алдарынан қайтсын. Кісі кетсе артында қалатын ел бар дегендей…
«Бастықтың мұнысы жөн» дегендей еркектер жағы бір қозғалақтап қойды.
Мұндай шаруада бойлай да бухгалтер жүретіні белгілі. Оны үйлестіретін Күнімай деген келіншек. Бастықтың да Күнімайсыз күні жоқ. Әдеттегідей бастықтың көзі соған түсті.
– Үш мыңнан ақша жинамасақ, басқалай ақшаның көзі жоқ.
«Жоқ» деген сөзге біз үйренгелі қашан. «Кісі келеді» деген сұмдық сөздің бәрімізге салар ең ауыр салмағы — осы. Қалтасынан қырық тиын шықса, жанын қоярға жер таппайтын заржақ Зарабай зарлауға ауыз аша бергені сол еді, бастық: – Жарайды, онда, келістік, – деп жиналысты жапты.
Мінеки, содан бері сүргін. «Кісі келеді» деген суық хабар түсте үй-үйімізге жетті. Үйге жеткен соң белгілі, ол хабар бүкіл ауылға жетті. Көшеге шықсақ танитындар, көбісі шал-кемпірлер де: «Осы сендерге кісі келейін деп жатыр дегенді естіп едік, келді ме?» дейді кәдімгі жұбататын адамдай. «Келген жоқ. Бірақ, келеді» дейміз нық түрде саптағы жауынгердей. Өйтпегенде қайтесің? Үш мыңдықтар ұшып барып, Күнімайдың қолына түскен. Ертең сәрсенбі. Келе ме, келмей ме, ол жағы белгісіз. Бастығымыз Айнамай деген келіншекті Меңзекеш деген құмалақшыға жіберген екен, «келсе келеді, келмесе келмес, бірақ, өкше көтерулі», – депті.
«Сол өкше менің өкшем болмағай» деп Шәйдеш бастық мінеки шалқайып отыр…

Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз