ХАЛҚЫМЫЗҒА ҚАДІРЛІ ТҰЛҒА

Кісенбай  АСАБАЕВ,Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

Жылыой ауданы.

Биыл сексеннің сеңгіріне шығатын ақсақал ретінде айтайын, осы ғұмырымда бүкілхалықтық сайлаудың бірде-бірінен шет қалған адам емеспін. Елге сүйеу, егемендігімізге тірек болатын көреген басшыны көре де, оның ел алдында берген антына сене де білу керек. Қарапайым халықтың бір өкілі ретінде бұл – менің өз ұстанымым.

Халықты қиын жылдардың ауыртпалығынан, уақыттың талай сынынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығы, көреген саясаты алып шықты. Сөйтіп, елдің болашаққа деген нық сенімін қайта оятып, үміт отын маздатты. Ұлт Көшбасшысының уәдесінде беріктік, сертінде тұрақтылық, ісінде түпкі нәтиже барына елдің әбден көзі жетті. Сананы тұрмыс билеген заманда, әлеуметтік жағдайы жақсарған қалың бұқара ендігі жерде қоғамда болып жатқан өзгерістерге сын көзбен де қарауға жетіліп қалды.

Түптеп келгенде айтарымыз, қазіргі уақытта қарапайым халықтың көзі ашық, көңілі ояу, былайша зерделесек, ақ пен қараны ажырата алады. Бұрынғыдай ауыл-үйдің әңгімесінен гөрі, бүгінгідей әлеуметтік бағдар, саяси оқиғалар турасында қызу сөз жарыстырып, ой таластыратын болды. Бұған күні кеше өткен сайлаудың жоғары нәтижесі айқын дәлел. Теледидарда айтып жатқанындай, сайлауға қатысуға деген халықтың мұндай жоғары белсенділігі бұрын-соңды болмаған екен. Шынында, еңкіш тартқан қарттарымыз да, ертеңгі болашағымыз – жастарымыз да маңызды оқиғаны мерекеге айналдырып жібергендей емен-жарқын күйде болды. Мұны отандық және халықаралық байқаушылардың жарқын жүздері мен көтеріңкі көңіл-күйлерінен де аңғарғандай болдық.

Ия, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елі тыныштықтың, бірліктің, берекенің шынайы құнын біледі. Демек, Ұлт Көшбасшысына, елге тұтқа болар тұлғаға жаңылмай таңдау жасады. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазақстанда  соңғы жылдары оның идеясымен қолға алынған тиімді саяси,  экономикалық және әлеуметтік реформалар енді одан әрі мақсатты жүзеге асатын болады.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз