ҚАРА СӨЗБЕН ЖЫРЛАҒАН…

Отарбаев  оқулары  көркем сөз  оқу  сайысымен  қорытындыланды

Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының иегері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі Рахымжан Отарбаев шығармаларының оқулары өтті. Шара барысында көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық сайысы ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда бүкіл адамзат баласының санасын интернеттегі ойындар мен әлеуметтік желілер жаулап алғаны баршаға мәлім. Осы орайда жазушы-драматург Рахымжан Қасымғалиұлының шығармашылығын жан-жақты зерделеу және жастар арасында кеңінен насихаттау, кітап оқуға тарту, балғын оқырмандардың қабілетін жетілдіру, оларды қолдау мақсатында өткен бұл байқаудың тағылымы мол болғанын бірден-ақ атап айтқан ләзім.

Көркемсөз шеберлері додасының өткізілу тәртібі мен талаптарына келетін болсақ, әр қатысушы кітапхана ұжымы өздерімен бірге «Отарбаев оқуларын» өткізгендігі жөнінде фото-бейне құжаттарды сайысқа ала келді. Жұмыстарға осы құжаттар арқылы да баға берілді. Соңы көркемсөз жарысына ұласуы керек: Оқырман-талапкерлер жазушының «Біздің ауылдың амазонкалары» кітабына енген әңгімелері мен «Шыңғысханның көз жасы» атты туындысынан үзінді оқулары тиіс. Нақышына сай оқылып, мазмұн-мағынасы ашылуы үшін қатысушының әртістік қабілетіне де баға беріледі.

Отарбаев оқулары әуелі Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап кітапханасында «Қара сөзбен жырлайын» деген тақырыпта өткеніне куә болғанбыз. Облыстық балалар кітапханасында «Шешен тілді шебер суреткер», Атырау қалалық №1 кітапханасында «Теңіздей терең, даладай кең тұлға», Жылыой ауданында «Атыраудың дархан дарыны», Индерде, Құрманғазы ауданында «Талғамы биік дара тұлға», Қызылқоғада «Шабытты қалам иесі», Мақатта «Соғыстың соңғы бомбасы» тақырыбында оқырмандар конференциялары болып, соңында аталмыш байқау жалғасын тапқан болатын. Нәтижесінде екі облыстық, екі қалалық, жеті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен барлығы жиырма үміткер қатынасты.

Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский «Нағыз суреткер қаламынан туған дүние халықтық сипатқа ие болады. Халықтың мұң-қайғысы, арманы мен мұраты жеке бас мүддесінен жоғары тұрып, шын мәніндегі рухани құндылыққа айналады», деген екен. Шындығында да, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі, оның бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелері, жастардың жаппай қалаға үдере көшуі Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған дүниелерде шыншылдықпен суреттелген. «Нағыз өміршең шығарма өмірдің өзінен алынуы тиіс» деген академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың пікірі де осыған саяды.

Кешті ашқан Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев:

– Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова «Көрікті сөзден көркем ойды өрбітетін, шағын әңгіме-эсселері немесе повесть-романдары рухани құрғақшылыққа ұшырап талмаусырап, аңқасы кепкен оқырманның зәмзәм суын ішкендей шөлін қандыратын, қара сөздің поэтикасын жасындай жарқылдатып, жырға бергісіз етіп өрнектейтін, сол үшін де өзім жақсы көретін жазушыларым көп емес. Солардың бірі – Рахымжан Отарбаев» деген болатын. Бұл күнде шетел оқырмандарына да есімі мәшһүр болған қазақтың көрнекті жазушысы Рахымжан Отарбаев шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, олардың ішінен таланттыларын анықтау және қолдау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында біздің ұсынысымызбен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыс кітапханаларында осы шараны өткіздік. Соның қорытындысы – бүгінгі кеш, – деп атап айтты.

Ал, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың өзінің ойлы әңгімесі көрермендер жүрегіне жол тауып, сөздің парқын біліп, қадірін түсінетін жандарды ерекше тебірентті. «Адам өмірінде бір жұлдызды шақтар болады. Тірлікте талай алтынмен апталып, күміспен қапталған сәулетті сахналарда пьесаларым тамашаланып, жұртшылық жүрегінен орын алғанын көрдім. Керемет жұлдызым жанған сәттер де болды. Жер бауырлай өкінген кездерім де бар шығар. Қазақ пен қырғыздың әйгілі сахналарын көрдім. Бір ғана нәрседен сескенемін. Мен ешкімнен сөз сұрайтын адам емеспін. Сөз қадірін де бір адамдай танимын. Алайда, «туған топырақтағы аға-апалар, іні-қарындастар менің жазған дүниелеріме қалай қарайды?» деген ой көңіл толқытатыны сөзсіз. Ол — туған жерге деген мінәжат. Туған елге деген құрмет.

Менің жазушы деген атаққа ие болуыма көптеген адамдардың еңбегі сіңді. Сонау 1981 жылы 1 қыркүйекте «Мәскеу-Алматы» жүрдек пойызына өрмелеп мініп, бірнеше күн сапар шегіп Алматыға жеткем. Қонақүйлер мен жатақханалардан бір орын табылмай, бәтеңкемді басыма жастанып Панфилов паркіне түнегенім есімде. Сонда «менің соңымнан отыз жылдан кейін туған жерден ұшып келген қарлығаш» деп қолымнан жетелеп, жол көрсеткен Жұмекен ағамды, үйіне шақырып, ақ көңілімен аңқылдап жүріп көмегін берген қазақтың абыз да, әулие ақыны Әбу Сәрсенбаевты, шашы ақ күмістей жарқыраған қазақтың талантты да, біртуар сыншысы Зейнолла Серікқалиев ағамды, қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаны қалай ұмытайын?!

Әлі есімде, Алматыда пәтер жалдап, қиналып жүрген кезімде әйгілі ақын Олжас Сүлейменов үйіне шақырып, сейфтен 1 мың сом алып қолыма ұстатқан: «Қиналып жүрсің ғой, көмегім болсын» деп. Өмір желі олай-бұлай толқытып, сынға салған сәттерде Олжас ағамның сол кейпі көз алдымда тұратыны рас. Мен қиналып жүрген кездерде қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов дос көңілімен демеу болды. Ол кісімен он екі жыл бойы бірге жүрдік, дос болдық. «Әлемнің Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов менің жазған дүниелерім туралы «Рахымжан – қазақтың интеллектуалды прозасының жолбасшысы» деген болатын. Сол жандарға басымды иемін. Жақсылықтарын ешқашан ұмытқан емеспін. Ұлым Ермерейге де осыны аманат етемін. Осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиевке, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиевке, Ғ. Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлжанай Қалиеваға және барша қатысушыларға алғысымды айтамын» деп жазушы жүрекжарды тілегін арнады.

Сонымен, дулы доданың жүлдегерлерін ұлығылайтын сәт те келіп жетті. Гран-При иегері – Атырау облыстық ұлттық гимназияның 10 сынып оқушысы Ақтыныс Мақсотова. Бірінші орынды Индер ауданының Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жібек Зинелова қанжығасына байлады. Ал, екінші орынды Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 9 сынып оқушысы Ораз Елмұрат пен Атырау медицина колледжінің студенті Бекзада Қадырбайқызы бөлісті. Үшінші орын Дамбы ауылындағы Амангелді орта мектебінің 11 сынып оқушысы Фариза Мұстахимоваға, Индер ауданындағы көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Айдана Төлентайға, Құрманғазы ауданындағы Гагарин орта мектебінің 8 сынып оқушысы Марта Сидағалиеваға бұйырды.

Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының арнайы сыйлығымен Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 9 сынып оқушысы Жақсылық Апуажанов пен Атырау қаласындағы №35 мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы Мархаба Оразова, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы сыйлығымен Х.Досмұхамедов атындағы университет студенті Әди Жоламанұлы мен Жылыой ауданындағы Есқайыр Халықов атындағы №7 орта мектептің 9 сынып оқушысы Бақтыгүл Үмбетова марапатталды. Барлық қатысушыларға Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы атынан алғыс хаттар мен 10 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз