ҚАМСЫЗ ҚАРТТЫҚ КЕПІЛІ

Биыл зейнетақы активтерін Бірыңғай

жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірудің негізгі кезеңінің аяқталғанына бір жыл толды. Зейнетақы активтерін бір қорға өткізу толық көлемде және ҚР Ұлттық Банкі бекіткен кесте бойынша жүргізілді. Осы алғашқы жылда

атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстыру мақсатында «БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры

Вячеслав Жұмыров журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Сандарды сөйлетсек…

«БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында қор қызметкерлері зейнетақы жинақтарына қатысты өткен және биылғы  жылдың алты айының көрсеткіштерімен таныстырып, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Осы басқосуда біз оқырмандар тарапынан жиі қойылатын сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Енді осы мәліметтерге кезек берелік.

2014 жылы қазақстандықтардың  жалпы зейнетақы жинақтары 784,4 млрд. теңгеге өсті. Соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 234,4 млрд. теңгеге жетті.

Өткен жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы жылдық көрсетілімде 6,31%-ды құрады. Ол 2013 жылғы жылдық көрсеткіште ЖЗЖ бойынша 2,2%-ды құраған табыстылықтан әлдеқайда көп.

Инвестициялық табыстың өсу тенденциясы 2015 жылы да байқалады. БЖЗҚ-ның 2015 жылдың бес айында алған және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бөлген инвестициялық табысы 121,82 млрд. теңгені құрады.  

Ағымдағы жылдың бес айында салымшылардың шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны – 10 014 027 бірлікті құраған. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,85 трлн. теңгеден асып түсті. 2015 жылдың төрт айындағы БЖЗҚ-дан жасалған зейнетақы төлемдерінің сомасы 64,57 млрд. теңгеге жетті, соның ішінде сақтандыру ұйымдарына 6,31 млрд. теңге аударылған.                                      

Жүз пайыз кепілдік

Салымшылардың зейнетақы жинақтары мемлекет қорғауында. Мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары мен кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшының зейнетақы төлемдеріне құқықты иемдену кезіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, іс жүзінде енгізілген міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуына («Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңының 5-бабы) кепілдік береді. Мұндай кепілдік әлем бойынша бірде-бір зейнетақы жүйесінде жоқ.

«Иесіз» шоттар да бар

Мәліметтерді қабылдау және деректерді салыстырып-тексеру кезінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары шамамен 28 мың қосарланған зейнетақы шоттарын анықтап біріктірді.

«Иесіз» деген терминнің өзі дұрыс емес. Бұл – деректемелерінде қате кеткен шоттар. Осы мәселе жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалыптасқан алғашқы жылдардан басталған. 2003 жылға дейін МЖЗҚ «ұйғарым бойынша» қор болып келген, яғни жинақтаушы зейнетақы қорларының бірімен тиісті шарт жасасып үлгермегендердің барлығы үшін жеке шоттар МЖЗҚ-нда ашылды. Ал, жұмыс берушінің бухгалтериясы салымшылардың деректемелерінде, әлеуметтік жеке кодта қателіктер жіберіп отырды. Тіпті әлеуметтік жеке код мүлдем көрсетілмеген жағдайлар да кездескен. Кейіннен салымшы деректемелері дұрыс көрсетілген зейнетақымен қамсыздандыру шартын жасасқан, ал, «ұйғарым бойынша» шартқа зейнетақы жарналарының түсуі тоқтатылған. Бірақ, оған бұрынғысынша инвестициялық табыс түсіп отырған. Сондай-ақ, шетелге кеткен, қайтыс болған салымшылардың шоттары да бар, олардың мұрагерлері көп жылдар бойы хабарласпаған.

Бүгінде осындай 600 мыңға жуық шот бар. Бұл шоттармен үнемі жұмыстар жүргізіліп, салымшылар сәйкестендіріліп, мұрагерлері табылып жатыр. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықпен бірлесіп салыстырып-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша базаны «тазарту» жөнінде қажетті шаралар қолданылатын болады. Ай сайын шамамен осындай 5 мың қате шоттар түзетіледі. Біріктірілген кезден бастап 2015 жылғы 1 мамырда олардың саны шамамен 54 мың бірлікке қысқарды.                              

Зейнет жинағы мұраға да қалады

«БЖЗҚ» АҚ-ында зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнет жасына жетпеген тұлғалар қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеу рәсімін ұйымдастырған тұлғаға «БЖЗҚ» АҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселік көлемінің шегінде, бірақ, ЖЗШ-дағы қаражаттан артық емес бір реттік жерлеуге төлем жасайды.

Жерлеуге бір реттік төлем жасалған соң алушы ЖЗШ-ындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы көлемінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық жерлеуге бір реттік төлем сомасына қосылады.

Заңның 31-33-баптарына сәйкес БЖЗҚ-нда зейнетақы жинақтары бар тұлға қайтыс болған жағдайда, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалады.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз