ҚҰПИЯ ҚЫЗМЕТТІҢ САРДАРЫ

Халық арасында «әр  адам дүниеге келген сайын түнгі аспандағы жұлдыздардың саны көбейеді» деген сенім бар.  Расымен де, түнгі аспанды бір сәтке тамашалап көрсеңіз, адамдардың да сол жұлдыздар тәрізді екенін байқайсыз...

Мәселен, біреулер жарыққа шыққаннан гөрі, тасада жүргенді қалайды. Оның жұлдызы әлсіз жалтырайды. Ал біреулер сабырсыз, өздерінің өміріне жиі өзгеріс енгізеді – олардың жұлдызы біресе жарқырап, біресе құбылып тұрады. Ал енді үнемі жарқырап, түнгі аспанға ерекше шұғыла шашып тұратын жұлдыздар болады. Олар ізгі жандардың жұлдызы болса керек. Осындай ерекше жұлдыздың иесі деп атауға болатын адам – Әміров Маннап Уапұлы.

Бозбала шағында Кеңес Армиясының қатарынан оралған кезде Маннап автокөлік жүргізушісі қызметін ұршықтай үйіріп әкетті. Тума – таныстары: «Уаптың баласы азамат болады» деп тамсанды. Еңбек жолында айтарлықтай жетістіктерімен дараланып жүруінің  бір себебі – оның қалыптасқан түзу тәрбиесінің жемісі. Қай іс болмасын, жауапкершіліктен жалтармайды. Өз қызметін табандылықпен атқаратыны ескеріліп, Маннап сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Гурьев облысы бойынша басқарма бастығы генерал-майор Б.Саппаевтың жүргізушісі қызметіне қабылданды. Аз уақыттың ішінде елгезектігімен, өз  ісіне деген жауапкершілігімен танылған оған марқұм Бисекеңнің қолдауымен «сержант» әскери шені аттестация арқылы берілді.

Жұмысқа ұйымдастыру қабілеттілігін таныған кадр бөлімі оны қарсы барлау бөліміне жедел автокөлік жүргізушісі етіп тағайындайды. Бұл шешім Маннапқа құпия қызметтің кейбір әдістерін және қырағы болуды меңгеруге жол ашты. Сол кезде жоғарыда аталған қарсы барлау бөлімін полковник Есенбай Сәбитов ағамыз басқаратын. Ол қарауындағы қызметкерлерді шындыққа, таза еңбекке тәрбиелей білген басшылардың бірі болды. Осындай көпті көрген білімді, сауатты чекистің қарауында қызмет ету Маннап үшін үлкен тәжірибе болды.

Маннап Гурьев мұнай өңдеу зауытына, содан кейін Теңіз кен орынына әр түрлі шет елдерден келген мамандардың арасында көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін жабық тәсілдермен қарсы барлау жедел іс операцияларының нәтижелі өтуіне ат салысқандардың бірі. Одақ кезінде облыстың шет ел тұрғындарына жабық болып келгені белгілі. Оған себеп – жер астындағы мол мұнай қоры, «Азғыр», «Тайсойған» сынақ полигондары және өзге де өндіріс құпияларының көп мөлшерде шоғырланғандығы еді. Осы мәселелер жөнінде жүргізілген істерге де Маннап көп қатысты.

1980 жыл болатын. Гурьев балық консерві комбинаты шығаратын қара уылдырықтың заңсыз жолмен шет елдерде таралуының жолын кесу және тез арада айыпкерлерді әшкерелеу міндеті Маннап істеген бөлімге жүктелді. Күрделі шаралар арқасында осы іс көп созылмай анықталды. Айыпкерлердің үстінен қылмыстық іс көтерілді. Сол іс бойынша тінту жұмыстары бір күннің ішінде Гурьевте және Ресейдің бірнеше қалаларында жүргізілді. Жиырма бес айыпкердің пәтері тінтіліп, айғақ заттары табылды. Аталған істің қорытындысы Кеңес Одағының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде талқыланып, оған оң баға берілді.

Сол кезде аталған іс-шаралар бұқаралық ақпарат беттерінде жарық көрмесе де, ел экономикасының талан-таражға салынбауына, өнеркәсібінің алға дамуы саласында орган қызметкерлерінің еңбегі зор еді.

Маннап Уапұлы – шынайы офицер. Жүктелген тапсырманы міндетті түрде абыроймен орындайтын дара тұлға. Осындай қасиеттері оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатарындағы бөлім бастығына, майор шеніне жеткізді. Ол отставкаға шыққаннан кейін де қоғамға қызмет жасаудан бас тартқан жоқ. Бүгінде Атырау қаласының арнайы автобазасының бас инженері. Қаламыздың тазалығын жақсартуда және оның инфрақұрылымын көркейтуге атсалысып жүрген орта буын басшы қызметкерлердің бірі.

Жұлдызың сөнбесін. Маннап інім! Қашанда жоғарылап, жарқырай бер!

Муталик ТАЙТЕНОВ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз