ҚҰПИЯ ХАТТЫҢ ХИКАЯСЫ

(Мұрағаттық  зерттеу)

Мұрағаттық деректер. Олардың әншейінде елене бермейтін ғажайып қасиеті бар. Тылсым тіршіліктің сан алуан хабаршысындай, көңілге тоқ сезімдер ұялататыны өз алдына, әсіресе, араға жылдар, тіпті, ғасырлар салып оқыған тұста, өткен өмірдің кейбір қас қағым сәттерін қайтадан елдің көз алдына нақ бедерлі де құнды деректерді жайып салады. Бұл жағынан алғанда мұрағат бір сыр сандық, асыл мұра

екеніне сенім беки түседі.

 

Осы орайда қазақтың алғашқы ағартушы-демократтары Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың ел алдындағы еңбектері, демократиялық ой-пікірлері жайлы құнды деректердің баршасы мұрағат қазынасынан ертелі-кеш табылып жатыр. Бұл мәселенің Абай шығармашылығы, өмірін зерттеп жинақтауға да ерекше қатысы бар.

«Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне, әсіресе, салып өтер бір жай, ақын жөнінде орыс тілінде сақталған деректер туралы. Анығында, Абайдың өмірбаянын оқыған кісінің бәріне мәлім нәрсе, оның патша ұлығымен, қызметшілерімен кеңселерде аса көп рет кездесулері туралы болады. Крестьян начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал-губернаторлар) кеңселері барлығының мұрағаттарынан Абай жөнінде әлі де бірталай жаңалықтар табуға болатын тәрізді» деп кезінде дұрыс жол сілтеген Мұхтар Әуезов еді.

Соның бірі де бірегейі – Абайдың бұл дүниеден өтерінен бірер жыл бұрын ақын ауылына Семей ояз бастығының өзі бастап келген қарулы топ қоршап тұрып, үйін және оның өне бойын сұқтана тінтуі болып табылады. Тобықты елі ішінде аңыз ретінде таралып кеткен осы бір оғаш оқиғаны бір топ Абай замандастарының естелігі ретінде баспа бетінде 1940 жылы тұңғыш рет шығарушы – абайтану ілімінің негізін салушы, заманымыздың заңғар жазушысы – Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

 Ұлы жазушы тарапынан төрт рет өзгертіліп жазылған нұсқалардың ішінде Абай өмірбаянының 1940 жылғы екінші нұсқасының алар орны ерекше. Абай өмірбаянының осы екінші нұсқасын қайта толықтырып, соны деректермен жетілдіру және «Абай» романының алғашқы кітабын қосарлана қатар қағазға түсіру – М.Әуезов үшін тіпті де кездейсоқ емес еді.

Мәнді мағлұматтарды мол қамтыған ақынның 1940 жылы латын әрпімен жарық көрген екі томдық шығармаларының екінші томында «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам, тағы басқалардың айтқан әңгімелері» деген тақырыпта М.Әуезовтің жазбасы басылған екен. Міне, осы жазбаның бір жерінде патшалық билікке қарсы басқа жақтағылармен жазбаша байланысы бар саяси сенімсіз адам емес пе екен деген күдікпен 1902 жылы ақын үйі тінтіліп, Абай атына жазылған бөгде бір адамның хаты іздестірілгені қысқаша белгі беріп қалады. Тінтілген үйінен және ақынның бойынан табылмаған сол бір хатты ақыры әйелі Еркежан өз қалтасынан шығарып, оязға берген екен. Алайда, естелікте хаттың нақты мазмұны немесе одан туындаған зардаптар жайында ешқандай әңгіме болмайды.

Әрине, естеліктің аты естелік. Оның артық, кем соғып жатар тұстары бола береді. Міне, бұл олқылық 1950 жылы Қазақ ССР орталық мемлекеттік мұрағат қызметкері В.Киреев тапқан дәйекті деректермен біршама толықтырылды (Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архив, Қор-15, тізбе-2, іс-339). Мұрағаттық деректер негізінде ұлы ақынның басынан өткен сол тосын ауыртпашылық туралы танымы мен нанымы мол алғашқы мақала «Казахстан» альманахының 1950 жылғы №12 санында жарық көрді.

Мұрағаттық деректерге сүйенсек, ұлы ақын үйіне тінту, шындығында, 1903 жылы көктемде жүргізілген. Ақын өмірінен хабарлары мол Тобықты елінің қариялары М.Әуезовке айтқан әңгімелерінде тек бір жылға ғана жаңылысқан. Осы бір ақын өміріндегі қапалы да оқшау оқиға 1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторына берген төмендегідей жеделхатымен басталады. «Қосшығұловтан почта қолхаты табылды. Ол 1902 жылы 6 маусымда Батовскідегі Садуақас Шормановқа, Зайсандағы Кеншиновке, 1903 жылы 7  наурызда Семейдегі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек.

«Романов, Бас штабтың Ақмола облысындағы әскери генерал-губернаторы, генерал-майор».

 Әр тарапқа хат жазып, полицияны дүрліктіріп жүрген Қосшығұлов деген кім? Абайға жазған хат бар ма? Бар болса, айтары не? Бұл дүрлігудің аяғы немен тынды?

Рас, мұрағат қойнауында бір ғасырдан астам жатқан осынау құжаттардың мазмұны айналасында кейінгі елу жыл бойында анда-санда болса да Абай өмірін зерттеушілер, кейбір тарихшылар сөз қозғап жүрді.

 Абайтану ғылымының, Абай дәуірін, оның өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеуде ерекше орын алар бұл деректерді ақынның туғанына жүз жетпіс жыл толу қарсаңында қалың оқырмандарға тағы бір рет ұсынуды жөн көрдік.

Мұрағат деректеріне бақсақ, қазақ жұртының тіршілігі мен тағдырына қатысы бар қысталаң шақта ел ағасы деп санап, Семейдегі Абайға почта арқылы хат жолдаушы – Көкшетау мешіті жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов екен. Сөйтіп, патша тыңшыларының құлбұраулы құрығы Ақмола облысы Көкшетау уезіне қарасты Көкшетау мешітінің молдасы Ш.Қосшығұловтың мойнына түскен.

Полиция Көкшетау мешіті жанындағы интернаттан, оның шәкірттері қолынан гектографқа басылған, арабша жазылған жүзден астам кітапшалар тауып алған. Осындай тінту барысында Қосшығұловтың қалтасынан Семей губерниясында тұратын Абай атына жолданған хаттың түбіртегі шыққан. Полиция осы іс төңірегінде қатты дүрлігіп, аталған хаттың ішінде үкіметке қарсы әлдебір оғаш пиғылдар бар ма деген күдікпен, оның мазмұнын білмек үшін жанталаса әрекетке көшеді. Осыған байланысты Көкшетау мешітінің бас молдасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі Қосшығұлов абақтыға жабылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалған.

Ұлы ақын есімінің полиция тізіміне ілініп, тінтуге душар болғаны осы Қосшығұловтың ісіне байланысты. Көкшетау молдасы Н.Таласов пен мешіт жанындағы интернат ұстазы Ш.Қосшығұлов және басқа би, молдалар патшалық Ресейдің отаршылдық озбыр саясатына қарсы сол кезде қазақ қауымы ортасында қылаң бере бастаған азатшыл, демократияшыл үнді тұтас қазақ өлкесін қамтитын дербес діни ұйым құрып, оны мүфтиге бағындыру дейтін әрекетке бағыттаған. Осы қимыл-әрекеттің ықпалын, пәрменділігін арттыру үшін Абай Құнанбаев сияқты жалпақ қазақ жұртына құрметті елдің адамдарына да иек артқысы келген.

Патша әкімдері сонау Петербургтен бермен тартып, Абай ауылына дейін қыруар тыңшылық жүйесін жедел құрып, ақыры жедеқабыл 1903 жылы сәуірде Семей уезінің басқаруымен келген жасауылды топ ақын ауылын қоршап алып, Абайдың өзінен, балаларының бәрінен жауап алынады. Семей уезі бастығының Абай (Ибрагим) Құнанбаев үйінде жазған масқара хаттамасының қазақшаға аударылған нұсқасы төмендегідей:

«1903 жылғы сәуірдің 25 жұлдызы. Мен, Семей уезінің бастығы Навроцкий, Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылғы 18 сәуірдегі №111 тапсырмасын орындап, Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаевтың ауылына келдім, губернатор мырзаның жоғарыдағы тапсырмасына сәйкес Құнанбаевтың қыстауы мен үйлерін мұқият тінттім және Құнанбаевтың сол сәтте үйінде болған балалары Мағауия мен Тұрағұлдан табылған хат-хабарларды тұтқындадым және оларды Шыңғыс облысының болысы Рыздықбай Құдайбердин мен уезд басқармасының іс жүргізушісі Оспанов секілді куәлердің көзінше арнаулы қорапқа салып, Семей уезі басқармасы мен Шыңғыс облысының мөрлерімен қаттап бекіттім және қорапты ішіндегі хат-хабарларымен әскери генерал-губернатор мырзаға тапсыруға қаулы еттім.

Ибрагим Құнанбаевты тінту кезінде менің оған қойған «Көкшетаудан әлдеқандай хат алған жоқпыз ба?» деген сұрағыма Құнанбаев былай деп жауап берді: «Биылғы қыста, осыдан екі ай бұрын Көкшетаудан белгісіз біреуден тапсырысты хат алғаным бар. Жауап хатыңызды Заит Башировтың атына жазарсыз депті. Белгісіз адам хатында Семей облысының құрметті қазағы есебінде Құнанбаевтан өкімет орындарының алдына қазақтардың мұсылман діни жиналысын құру туралы мәселе көтеруіне жәрдем етуін сұрайды».

Сол хатты маған беруін талап еткенімде Құнанбаев оны өзінің ұлы Тұрағұлға бергенін айтты. Осы арада тұрған ұлына «әкең берген хат қайда» деп сұрақ қойғанымда, бұл хатты ол Шыңғыс болысының болысы Рыздықбайға табыстағанын айтты. Тінтіп қарағанда, бұл хат соңғысының бешпет қалтасынан табылды.

Бұл хат тінту кезінде Құнанбаевтан алынған барлық хат-хабарларға қосылып, бір қорапқа қатталды. Ибрагим Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл Ибрагимовтан жауап алғанымда, ол әкесінен алған хатты жуырда Шыңғыс болыснайына өзге бір мақсатпен емес, оған шылым орауға бергенін, өйткені, оның әкесі де, өзі де бұл хатқа пәлендей мән бермегенін білдірді. Ибрагим Құнанбаевта Көкшетаудан келген хаттың сырт қабы сақталмаған. Жоғарыда айтылғандарды осы актіге жазып қоюға қаулы еттім. Қатысушыларға бұған қол қою ұсынылды. Бұл акт қатысушыларға оқылып берілді және тінту кезінде Құнанбаевтан алынған хабарлар олардың көзінше қатталып бекітілді.

 Семей уезінің бастығы НАВРОЦКИЙ.

Ибрагим Құнанбаев.

Мағауия Ибрагимов.

Тұрағұл Ибрагимов.

Болыс Рыздықбай Құдайбердин» (бәрінің қолдары қойылған).

Ал, Көкшетаудан келген хат мазмұны төмендегідей: «Ассалаумағалейкум! Жоғары мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибрагим мырза!

Сізге Ақмола облысының барша уезінің қадірмен адамдарының атынан өкілдік алып жазып отырмын. Мұндағы қазақ халқының мұқтаждық хал-жағдаяты 15 мамырдан әрмен қарай мағлұм болмақшы, өйткені, жиналған малды сатуға тура келеді.

Халық қамқоршысы ретінде Сізден, еш хабар-ошар ала алмадық. Ал, сізден әлдеқайда шалғайда жатқандар хабар беріп тұр. Жетісу облысында болатын кеңесті күтудеміз, әмбе тері-терсек сатылатын Семей жәрмеңкесінің өтетін мерзімін күтіп жүрген жайымыз бар. Мерзімі әлі бұрынғыдай. Жәрмеңкеден қазаққа келер пайда да шамалы, бұл жағын жұрттың бәрінен бұрын өзіңіз жақсы білсеңіз керек-ті.

Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті де. Барлық жай-жапсарды айтып ақылдасуға болар еді, амал не, қазақтың мүддесін, болашағын ойласуға кедергі жасап тұр ғой. Хатты мына жайға: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Абдулла Зиядуға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз, аламыз. Хат жазушы мына мен пақыр, әлі де көп дүние жазар едім, әзірше үндеместен осымен тәмам етемін.

1903 жыл, 6 наурыз».

 

Мұрағаттық істің 145-парағындағы хаттың сол кезде губернатор тілмашы орыс тіліне аударған нұсқасын қазақшалағандағы мазмұны осындай.

Хаттың араб әрпімен жазылған түпнұсқасы Қазақстан мұрағат мекемелерінің ешбірінен әзірше табылған жоқ. Табылуға тиіс деген үміт әлі де бар.

Осы бір мұрағаттық істі байыппен қараған кісіге Көкшетаудағы белгісіз адамнан Абай атына екі хат келгені байқалады. Бірінші – жоғарыдағы, 25 сәуірде уезд бастығы тінту жүргізіп, Тұрағұлдың қалтасынан тауып алынған хат. Бұл кезде полиция тұтқындаған Қосшығұловтан табылған түбіршек бойынша дерегі мәлім болған 7 наурызда Көкшетаудан жіберілген екінші хат Абайдың қолына әлі тимеген, Арқат почта-телеграф кеңсесінде «тұтылып» жатқан. Бұл екінші хатты кейін, бір айдан соң, 29 мамырда Абайға Семей оязының өзі ілесе келіп, ақынға екеуі көзбе-көз қарап тұрғанда табыс етілген. Ақын оны сол жерде оқып шыққан соң, хатты қорабымен ояздың қолына ұстатқан.

Тағы бір ерекше атап өтерлік жай, мұрағаттық құжаттарының ішінде осы екі хаттың түпнұсқалары сақталмаған. Тегі, олар табылған соң заттық айғақ ретінде үстінен қылмыстық іс қозғалған Ш.Қосшығұловқа арналған дербес іс-қағаздар құрамына қосылған болар дейміз.

 Бұл деректердің өте-мөте құндылығы, Абайдың өз заманындағы қоғамдық рөлі тек байтақ қазақ өлкесінің алуан түкпіріне атақ-даңқы жеткен ел ағасы есебіндегі беделі жайында куәгер деп бағалауға болады.

Патша үкіметінің әкімшілік органдарының іс қағаздарына топтасқан осынау шоғыр құжаттардың ішінде, біздіңше, өте-мөте екі құжаттың мазмұны алабөтен қымбат, берер мағлұматы бағалы екені даусыз.

Біріншісі – Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылы 23-қыркүйекте Абай (Ибрагим) Құнанбаев жайлы сонау Петербургтегі Ішкі істер министрлігінің департаментіне жолдаған мінездемесі. Түпнұсқа орыс тілінде жазылғандықтан оқырмандарға  оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

«Киргиз Чингизской волости Ибрагим Кунанбаев имеет от роду 60 лет, женат на трех женах, от которых имеет 20 человек детей. Обладает сравнительно большим состоянием (около 1000 лошадей и 2000 баранов).

Қунанбаев весьма развитый и умный. Он служил два трехлетия бием, три трехлетия управителем Чингизской волости, а затем по назначению от правительства прослужил три года управителем Мукурской волости. Служба Кунанбаева отличалась разумным управлением, исполнительностью, энергией, преданностью правительству и отсутствием фанатизма.

Одним из сыновей Кунанбаева по окончании курса Михайловского артиллерийского училища был произведен в офицеры и, будучи на службе, умер в Туркестанском округе. Ныне замужняя дочь его пишет и читает по-русски. Грамоте ее учил отец. Кунанбаев весьма интересуется литературой, выписывает книги, журналы и газеты.

В прежнее время он пользовался грамодным влиянием среди иногородского населения степи, но в настоящее время влияние его далеко не то. Он постарел, не принимает на себя руководства в партиях, хотя главари их часто обращаются к нему за советом.

В разговорах и суждениях своих с лицами Кунанбаев обнаруживает полное понимание государственных интересов и правильные взгляды на культурную миссию нашего отечества в наших азиатских владениях. Он с негодованием осуждает попытки мусульман-фанатиков противодействовать правительсту в его стремлениях. Искренность высказываемого убеждения, полагаю, достаточно доказывается его поведением.

Эти данные указывают, что Кунанбаев в политическом отношений не внушает никаких опасений и должен бы причислен к числу лиц вполне благонадежных.

ГАЛКИН,

военный губернатор

Семипалатинской области,

Генерал-майор.

«Исх.№203, 23 сентября 1903 г.»

 

Міне, патша әкімдері ұлы Абай туралы күдікті мағлұмат жинаймыз деп, ақыры оған осындай мінездеме жазуға мәжбүр болған.

Осы құжаттардың ішіндегі екінші бағалы мұра Семей уезі бастығының сол 1903 жылы 25 сәуірде Абай үйінде жазылған қаулысы дер едік. Бұл құжат та біздер үшін де, болашақ үшін де қасиеті жоғары бағаланатын және айрықша сипатты. Онда атақ-даңқы, асыл мұрасы асқақтай көтерілген заңғар Абайдың, дана Абайдың «Ибр. Кунанбаев» деп орысша жазған өз қолтаңбасының сақталғанында. Бұл қолтаңба «…Барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет» деп өсиет айтқан Абайдың, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын сүйіп оқып қана қоймай, оларды ең алғаш қазақшаға аударып, қазақ сахарасына таратқан Абайдың, өз кезінде орыс тілінде шығып тұрған көптеген газет-журналдарды жаздыртып алып оқыған Абайдың өз басының орысша сауаты, орысша әріптерді әліптеу мәнері жайында бұлтартпас дәлел болатын тарихи-ғылыми баға жетпес айшықты айғақ десек, артық айтқандық болмайды.

Ал, жоғарыда түпнұсқасы толық келтірілген әскери губернатор кеңсесінің ресми мінездемесі Абайдың тіршілік кәсібі, ел ішіндегі алар орны, өмірге көзқарасы, отбасы жағдайы, балаларының тәрбиесі мен сауаты жайлы мәнді мағлұматтар береді. Мұрағатта сақталған осы және басқа нақты құжаттарды ақынның шығармаларымен қабыстыра қараған кезде «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан», «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» деп толғанған азамат ақынның шыр-шырғалаңы, қабат-қабат өрелі өмірінің өзекті соқталары сүленіп шыға келеді.

Бұл құжаттардан Абайдың әр нәрсенің ұшығына жетпей, жарым шешім қабылдамайтын сақ әрі сабырлы, мінезі қиын-қыстау, тар жерде де сырбаз мінез танытып, оңды, ұтымды жол таба білетін, сергек те тапқыр, ақылды, қалың қауым, қоршаған орта, лауазымды шен-шекпенді адамдар арасында да, ағайын-туыс айналасы мен балаларының алдында да риясыз беделді, айбынды қияпаты қапысыз көрініс береді. Абайдың өз кіндігінен туған балалары Мағауия мен Тұрағұл сөздері мен әрекеттері де, «әке көрген оқ жонар» демекші, оңтайлы, көңілге қонымды, сасқалақ, ұшқалақ емес, үрейшіл ынжықтықтан ада, ел қадірлеген әкеге лайық тәлім-тәрбие көрген абзал азаматтар нышанын аңғартады.

Ал, қазақ елі ортасында сол кездегі абыройы асқар, беделі биік Абайды біліп, оған хат жазып жүрген Шәймерден Қосшығұлов кім?

Әзірше табылған мұрағаттық деректерге қарағанда, Шәймерден Қосшығұлов 1877 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысында дүниеге келген. Ол жасынан мұсылмандық құқық негіздерін үйренуге бой алдырып, оның қайырымдылық, имандылық және сауапшылдық қағидаларын халық арасында кеңінен насихаттауға атсалысып, зорлық-зомбылық әрекеттерге қарсы үн қатып отырған.

Сондай-ақ, Ш.Қосшығұлов ел арасына баспа өнімдерін көбірек тарату мақсатымен өзге шет жақтан кітап не газет шығаратын қорғасын әріптерін де әкеле береді. Міне, осы әрекетімен қоса Абайға жазған хатында үкіметке қарсылық әрекет бар деген негізде ол 5 жылға Үркіт аймағына сот үкімімен жер аударылады. Алайда, Шәймерден Қосшығұлов Романовтар әулетінің патшалық етуіне 300 жыл толуына байланысты алғашқы кешіріміне орай еліне оралады.

Бірер сөз Ш. Қосшығұловтың туған әкесі жайында. Соңғы жылдары қазақ мерзімді баспасөз беттерінде Абайдың әкесі Құнанбайдың қажыға баруы жөнінде біршама мақалалардың жарияланғаны аян. Міне, солардың бірінде (Р.Отарбаев. «Меккедегі төрт үй». «Парасат» журналы, 1992 жыл, №1). Құнанбаймен Мекке жаққа сапарлас болғандардың ішінде Қосшығұл Шопанұлы дегеннің де аты-жөні кездеседі. Бақсақ, бұл Шәймерденнің әкесі екен. Өйткені, ол сол кездегі Ақмола аймағын мекендейтін Атығай елінен Меккеге барып қайтқанға саяды.

 Халық арасында Ш.Қосшығұловтың беделі биік болғанға ұқсайды. Міне, сондықтан да, оны жерлестері халықтың ұлттық намысын қорғай білетін азаматы ретінде танып, Ресейдің Бірінші Мемлекеттік Думасына мүше етіп те сайлаған. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газеті 1906 жылғы 91-санында былай деп жазған екен:

«Омск. Членом Государственной Думы от Акмолинской област и избран социал-демократ Ишерский (врач-киргиз), от Семипалатинской области – Букейханов, от Акмолинской области – Косчигулов».

Қосшығұлов туралы тағы біраз дәйекті деректі 1906 жылы Мәскеуде М.Бойович дегеннің құрастыруымен шыққан «Мемлекеттік Дума мүшелері. Суреттері мен өмірбаяндары» атты (орыс тілінде) кітаптан да кездестіруге болады. Ол тарихи айғақ мынадай:

«Қосшығұлов Шәймерден – қазақ. Көкшетау молдасы. Білімді Бұқардан алған. Қазақ арасындағы халық сотына түбегейлі қарсы. Шариғатты жақтаушы. Мүшелікке сайланғаннан кейін оның орыс тілін білмейтіндігі белгілі болып, онысы «Мемлекеттік Дума сайлау ережесінің» 55-бабына сәйкес келмегендіктен, облыстық сайлау комиссиясы бұл сайлау қорытындысын жаратпай тастаған. Ол Ақмола облысы қазақтарының арасынан сайланған».

Әрине, Шәймерден молда жөніндегі бұл мәлімет Петерборға жалпы сайлау қорытындысы тұсында жетсе керек. Сол себепті де тиісті дауыс алған мүшелер қатарында тізімге енген. Ал, бірақ, оның 1906 жылы сәуірде басталған I Дума жұмысына қатыспағаны рас. Сондықтан да, оның суреті Бірінші Думаға қатысты кітаптарға да енбеген.

Ал, Шәймерден Қосшығұлов туралы тағы да сөз қозғар болсақ, ол да айтуға тұрарлықтай. Ол, әсіресе, 1907 жылы Петерборда тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Серке» атты  газетті шығаруды ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. Ш.Қосшығұлов 1932 жылғы ашаршылық зардабына ұшырап, Омбы қаласына қоныс аударған, сол жақта аштан қайтыс болған.

 

Түбегейлі іздеушісі келіссе, республикамыздың мұрағатынан да, Мәскеу мен Петербургтың, Омбы мен Ташкенттің мұрағат қазыналарынан әлі де талай-талай Абай туралы дәйекті деректер табылуы мүмкін. Бұған соңғы кезде Ресейдің орталық мұрағаттарынан табылып жүрген Абайдың Сенатқа хаты («Қазақ әдебиеті», 1981, 24 сәуір), сондай-ақ, 1876–1878 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде ақынның жазған ашық хаты («Қазақ әдебиеті», 1963, 16 шілде) куә болса керек.

Абай шығармашылығын талдау, халыққа таныту, тарату жөнінде бүгінде қыруар іс тындырылып жатқанын мойындай тұрсақ та, ақын өмірін ғылыми тұрғыдан, мұрағаттық деректер негізінде зерттеуді жетілдіре, жалғастыра беру әрқашан да күн тәртібінен түспейтін борыш деп ұғуымыз ләзім.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ,

бұрынғы мұрағат қызметкері, Қазақстан  Журналистер  Одағының мүшесі.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз