«ИСЛАМ ЫНТЫМАҚҚА БАСТАЙДЫ»

- Ислам дінінің «мемлекет» ұғымына деген көзқарасы, ұстанымы туралы не айтасыз?

 

– Ислам – «мемлекет», «мемлекеттілік» ұғымдарын дәріптейтін дін. Себебі, ислам келгеннен кейін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең басты айналысқан ісі имандылықты, исламды, ақыретті, Аллаға деген сенімді уағыздаумен бірге, қасиетті Медина қаласына көшіп келгеннен соң, мемлекет құру болды. Осылайша қоғамның құқығын қорғайтын, қарым-қатынастарын қалыптастыратын мемлекетті құрды. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) сол мемлекеттің басшысы болды.

Қандайма қоғам дамуы үшін, бейбіт өмір сүруі үшін, жеке құндылықтарын, өзінің мамыражай өмірін сақтап қалуы үшін мемлекет міндетті түрде болуы керек. Осыны жақсы білген біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мемлекет құрды. «Ел басшысы кім болады? Оның уәзірлері қалай болады? Сауда-саттық жүйелері қалай жүреді? Күнделікті жеке қатынастар, азаматтық қарым-қатынастар қалай болуы керек?» деген мәселелерді  бекітті.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жолын ұстанған ғұламалар, сахабалар, олардың шәкірттері осы жүйені дамытты. «Фиқһ» саласы, яғни «Ислам құқығы» осыдан келіп қалыптасты. Онда «қоғамда адамдардың құқығы қалай сақталады?», «міндеттері қалай болады?», «басшыға қалай бағынамыз?», «қарым-қатынас қалай болуы керек?» деген мәселелер жүйеленген. Кейін бұл заңдылық Тәуке ханның «Жеті жарғысында» көрініс тапты.

Ислам он ғасырдан астам уақыттан бері біздің дәстүрімізбен біте қайнасып келе жатыр. Демек, исламның мемлекет ұғымына қатысты қалыптастырған жүйелері барлық хандар дәуірін былай қойғанда, Конституциямызда да бар. Исламның басты мақсаты – адамзат ұғымын, адамның құқығын, жалпы адами ресурсты сақтау. Осы дүниелердің өзі ислам дінінің мемлекеттілікті толық қуаттайтынын білдіреді.

– «Мемлекет» ұғымына исламның көзқарасы туралы сұрақты тектен-тек қойып отырғанымыз жоқ.  Араб елдеріндегі ылаңнан кейін «тәуелсіз халифат құрамыз» деген содырлар әрекетінің халықаралық аренада қауіпті сипат алып бара жатқаны белгілі. Осы орайда Атырау өңіріндегі, жалпы еліміздегі діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Араб елдеріндегі ахуалға байланысты тақырыпқа тоқталуды жөн санамаймын. Себебі, исламның атын жамылған содырлардың жантүршігерлік қылмыстарға барып жатқанын ғаламтор беттерінен күнделікті көріп, оқып-біліп отырсыздар. Ақпарат нөпірінің көптігі сонша, оның қайсы ақиқат, қайсы алып-қашпа әңгіме екенін ажыратып білу мүмкін болмай қалды.

Ал, жалпыоблыстағы діни ахуалды бірқалыпты деп бағалауға болады. Себебі, облыс әкімі жанындағы терроризмге қарсы комиссияға мүше органдардың баршасы «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» аясында өңірдегі діни ахуалды оңалту бағытында қызмет етуде. Әрине, жекелеген проблемалар бар. Бұл жылдар бойы қордаланып қалған ахуалдың салдары болуы мүмкін. Егер осы бағытта қазіргі қарқынмен тұрақты түрде жұмыс жасалатын болса, ахуал түбегейлі оңалады деп сенемін.

– Оқырмандарымызға сабақ болуы үшін бұл сұрақ қойылуы керек сияқты. Айтыңызшы, дінге бөлінушіліктің ақыры қайда алып барады?

– Діни негізде бөлінген қоғам мүшелерінің біріне-бірі жаны ашуы мүмкін емес. Сол секілді, ондай қоғамда ауызбірлік пен ынтымақтың болуы да неғайбыл. Өкінішке орай, көптеген елдердің ішін алатайдай бүлдіріп жатқан сыртқы күштердің қалайтыны да, мақсаты да осы. Яғни, ел ішіндегі алауыздық.

Ұлттың, үкіметтің мүддесі және өзара ауызбіршілігі  қашан да барлық құндылықтан жоғары тұрады. Сондықтан, жастарды, жалпы еліміздің мұсылмандарын ешбір топтың жетегінде кетпей, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстаздары мен имамдарының пәтуасын құрметтеп, оны басшылыққа алатын «қарапайым мұсылман» болуға шақырар едім.

– Өзіңіз басшылық етіп отырған басқармаға қарасты Ақпараттық талдау орталығының жат ағымдардан жапа шеккендермен жұмысы туралы не айтасыз? Күні бүгінге дейін орталық нақты қанша адамға көмек көрсетті?

– Дәстүрлі емес діни ағым идеясына уланған азаматтармен жұмыс барысында көптеген жайттар байқалып жатады. Мәселен, олардың өздері шырмалған діни ағымнан шыға алмауына немесе шықпауына бір емес, бірнеше фактор себеп болып жатады. Ең негізгі себеп, дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде жүрген қаракөз бауырымыз өзін «ақиқат» жолында жүрмін деп есептейді. «Менің жолым нағыз дұрысы, мәңгілік бақытқа апаратын жол» деп біледі. Сондықтан, оған адасып жүргені қанша айтылып, ескертілгенімен, ол бұған шайтанның азғыруы, оны ақиқаттан адастырудың әрекеті ретінде қарайды.   

Тағы бір фактор, теріс ағымдардың көсемдері өздерінің ерушілеріне басқа пікірді немесе уағызшыларды, атап айтқанда елдегі дәстүрлі діни ұстанымның өкілдерін – мешіт имамдарын тыңдауды шариғатқа бұрмалап негіздей отырып тыйым салып, харам етіп тастаған. Осындай күрделі аудиториямен тікелей жұмыс жүргізіп отырған  «Ақпараттық талдау орталығы» мекемесі түрлі діни ағымдардың жетегінде жүрген, олардан зардап шеккен азаматтарға консультациялық, оңалту қызметтерін көрсетіп келеді. Осы бағытта арнайы «Оңалту жұмысы бөлімі» қызмет атқарады. Аталған бағыт бойынша теологтар, психологтар жұмыс істеуде. Өткен жылдың өзінде орталық 700-ден астам облыс тұрғындарына кеңес беріп, оңалту шараларымен айналысты. Бұл – өте күрделі мәселе. Сондықтан, орталықтың жұмысын бір ғана цифрлармен бағалау мүмкін емес.

–  Сұхбатымызды қорытындыласақ, жас буынды жалған идеологияның қармағына түсуден сақтандыруда тағы нендей тетіктерді іске қосу керек деп ойлайсыз?

– Жас буынды түрлі зиянды идеологиялардан сақтауда барлық заманауи тәсілдерді қолдану қажет. Себебі, жастар өз заманының тәсілдерімен ақпаратты тезірек қабылдайды. Жастардың әртүрлі діни уағызшыларға еруінің бірден-бір себебі, олар өздеріне үлгі боларлық тұлғаны іздейді. Ал, біздің үйдегі ата-аналарымыз, мектептегі мұғалімдер, университеттегі оқытушылар кей жағдайда жастарға үлгі бола алмай жатыр. Сондықтан, жас буынға тәрбие беретін тұлғалар сол міндетін лайықты атқаратын болса, біздің жастарымыз бөтенге еліктемеген болар еді деп ойлаймын.  

Әңгімелескен

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз