ЕШКІМ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ…

Биылғы жылы Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдауға байланысты игі шараларды ұйымдастыруға шақырып, жалпыұлттық бастама көтерген болатын.

 

 Ұлы Жеңіс үшін шайқасқан майдангерлеріміздің және тылда қалып жеңісті асыға күткен, сол кездегі бозбала мен жанкешті еңбек еткен аналарымызды   құрметтеу  баршамыздың міндетіміз деп санаймыз. Осындай игілікті іске үлес қосу мақсатында   Балықшы елді мекенінде орналасқан №10 «Құлыншақ» балабақшасында Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.

 Соның ішінде «Ерлік – елге, ұрпаққа ұран» атты мерекелік шараға Жеңістің 70 жылдығына орай мемлекеттік медальмен марапатталған еңбек ардагерлері: Нұрмағамбетов Құрымбай, Шұғаев Қоңырат, Жұмиева Рабиға  құрметті қонақ ретінде бүлдіршіндер ортасына  шақырылды.

Ата-аналардың белсене қатысуымен «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» атты қолөнер байқауы, жас бүлдіршіндеріміз орындап берген «Кестелі орамал» тақырыбындағы әдемі қойылым ардагерлерді ардақтаудың,  қазына қарттарымызға құрмет көрсетудің  бір белгісі ретінде   болды. Шараға шақырылған еңбек ардагерлері кішкентай бүлдіршіндердің мынадай шараға үлкен адамдай үлес қосқанына дән риза болып, өздерінің басынан кешкендерін, Ұлы Отан соғысы кезінде 13-14 жасында жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге араласқанын, жеңістің оңайлықпен келмегенін балаларға үлгі-өнеге аларлықтай, қызықтыра әнгімелеп берді. Рабиға әжей балалардың өнерлеріне рахмет айтып, әлемде тыныштық мәңгілік болсын деп бүгінгі іс-шара өскелең ұрпақты елін сүюге, қорғауға, өз елінің патриоты болуға тәрбиелейтінін айтып өтті.

9 мамыр тарих бетіндегі ең қымбат мереке болып саналатындықтан, ұжым мүшелері, бүлдіршіндер шара соңын ән-биге ұластырып, бейбітшілік құсын ұшырып, еңбек ардагерлеріне сый-сияпат көрсетті.

Қ. Өтегенова, «Құлыншақ» балабақшасының психологі, Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз