Ерлік даңқы мәңгілік

1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен 500 адамнан тұратын жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысқан болатын. Кеше осы датаға байланысты Атырауда тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысушылардың әскери шеруі өтті.

Салтанатты шараның ашылуы әрі қарай тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Қазақстан сарбаздарына арналған ескерткіш жанында жалғасты. Шеруде Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннат Досқалиева, қалалық Ұлы отан соғысы және еңбек ардагерлерінің атынан Абат Кенжеғалиев сөз алып, тарихи датаның маңызына тоқталды.

Сонау 1988 жылы Ауған соғысы аяқталып, ол жерден Кеңес әскерлері шығарылды. Кеңес одағы ыдыраған кезде Тәжікстан шекарасы ашық қалды. 1990 жылы Тәжікстанда азамат соғысы басталды. Ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақты үлкен партиямен тасымалдады. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операциясы жүргізіліп, қақтығыс аймағында 35 қазақстандық сарбаз қаза тапты. Солардың жетеуі – атыраулықтар.

– Ең үлкен шайқас 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшахавр шатқалында болды. Сол жерде 17 қандасымыз көз жұмды, 33 жауынгер жарақат алды. Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста қаза болған ерлердің арасында Жылыой ауданының тумасы Ерлан Мырзағалиев, Махамбет ауданынан Қайнолла Дюсупов пен Алмалы ауылының тұрғыны Сәтжан Жалмурзиндер бар еді, – деп еске алған тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа қатысушы ардагерлер одағы республикалық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Қанат Қадырқұлов.

Өткен жылы осы соғысқа қатысқан Сәтжан Жалмұрзин білім алған Алмалы орта мектебінің алдында ескерткіш тақта ашылған.

Шара барысында сарбаздардың ерлігіне тағзым етілді. Сондай-ақ, сол әскери қақтығыстардан аман оралғандарға медальдар табысталды.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз