ЕЛОРДАДАН – ЖҮЛДЕМЕН!

Жуырда Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» ІX халықаралық шығармашылық балалар байқауында Еркінқала саз мектебінің «Сылқым қыз» музыкалық ансамблі Бас жүлдені еншіледі. Он және он үш жас аралығындағы сегіз жасөспірім «Сылқым қыз» және «Бейбітшілік» күйлерін шебер орындады. Оларды бұл байқауға дайындаған ұстазы Бибігүл Өмірзақованың рөлін ерекше атап өткен жөн.

Сондай-ақ, аталған өнер ұжымының мүшелері Аружан Сансызбай, Гүлім Мұқан және Ақбөбек Сапарғали соло жанры бойынша өнер көрсетіп, дипломант атанды. Ал, Айжүрек Қанатова жүлделі ІІ орынды еншіледі. Сондай-ақ, саз мектебінің жас домбырашылары да сенімді ақтап, жеңіс тұғырынан көріне білді. Ерқанат Қадыр І орын еншілесе, баянда шебер ойнаған Бекжан Мәулім ІІІ орын иегері атанды.

Жалпы, Нұрлыгүл Сапарова жетекшілік ететін Еркінқала саз мектебі бірнеше жылдар бойы өңірдегі үздік саз мектептерін қатарында келеді. Көріп отырғанымыздай, мектеп шәкірттері Астана төрінде мұны тағы дәлелдеді.

Сонымен қатар, еліміздің барлық аймақтарының өнерпаздары қатысқан байқауда Атырау қаласының мектептен тыс жұмыс орталығы вокал үйірмесінің 5-сынып шәкірті Шұғыла Елемесова да өз өнерін көрсеткен болатын. «Туған жер» және «Мама, будь всегда со мною рядом» әнімен қазылар алқасын тамсандырған ол 57 үміткердің ішінен жүлделі ІІ орынды иеленіп, кубок пен лауреат атағын жеңіп алды. Ал, вокал үйірмесінің жетекшісі Лариса Ғилажова «Үздік ұстаз» атанды.

Астана – Атырау бағытындағы пойыздан байқау жүлдегерлерін Атырау қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, өнер ұжымдары, ата-аналар қарсылап, құттықтау тілектерін жеткізді.

 

А.Социалқызы.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз