«ЕЛІМНІҢ ТАҒДЫРЫ – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ»

Осындай тақырыпта өңірлік форум тұңғыш Президент күніне орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының  әлеуметтік тапсырысы негізінде «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы өткізген форумға өз тағдырын ел тағдырымен берік байланыстырған өрендер жиналды.

 

  – «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» деп тақырып әрбір қазақстандықтың өз Отанына деген сезімін айқын көрсетсе керек. Форумда қоғамның түрлі саласындағы ерен еңбек ерлерін марапаттау арқылы олардың еліміздің тәуелсіздігі жолындағы еңбек үлгілерін жас ұрпаққа насихаттауды мақсат тұттық. Үздіктердің үздігін анықтау үшін іріктеу жыл бойына өтті. Бүгінгі форум – сол игілікті істің қорытындысы. Еңбек адамы барлық құрметке лайықты», – деген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Туған жерінің тарихын терең зерттеп, әлемге танытуға үлес қосып жүрген өлкетанушы, «Хан Ордалы Сарайшық» мұражайының директоры Молдаш Бердімұратов «Туған өлкем, туған елім» номинациясы бойынша марапатталды. Айта кетейік, бүгінде Молдаш Сәрсенғалиұлы жетекшілік ететін мұражайда 4047 жәдігер жинақталған. Мұражайды тамашалауға жылына 12000-нан астам адам келсе, оның 8000-ға жуығы шетелден  келушілер екен.

Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбөпиева «Ерен еңбек жолы» номинациясы бойынша жүлдегер болды. Зинеш Аққұлқызы 29 жыл бойына мемлекеттік қызметте жүр. 2013 жылдан бері Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы бола жүріп аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосып келеді.

«Ел тыныштығы күзетінде» номинациясы бойынша марапатқа құқық қорғау саласының ардагері, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Нәсіпқали Сәменов лайық деп танылды. Ол еңбек жолын 1959 жылы «Новобогат» совхозында тракторшы болып бастаған екен.

«Жас қазақстандық» номинациясының үздігі атану «Қызылқоға» аудандық газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллинге бұйырды. Газет тілшісі еңбек жолын бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының кеңесші маманы болып бастаған. Дулаттың бастамасымен аудан көлемінде «Жүрекке жол» еріктілер тобы құрылып, «Тегін такси», «Қайтарымы мол қайырлы іс», «Жақсылықтар жарысы» секілді қайырымдылық акциялары жұртшылыққа жол тартқан. Бір сөзбен айтқанда, Дулат – аудан мәдениетін жақсартуға үлес қосып келетін талапты жастардың бірегейі.        

«Тарих сәттерінен» номинациясымен Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің фототілшісі Әбілмәжін Шарапиденов марапатталды. Аудандық «Нарын таңы» газетінде жиырма жылдан бері фототілші.

«Абзал азамат» номинациясымен аудан, село шеңберінде  жағдайы төмен отбасыларға  көмек қолын созып, жомарттығымен танылып жүрген кәсіпкер Тұрлан Бекешов марапатталды. Тұрлан Мұратұлы 1997 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Миялы ауылынан 1000 тонналық азық-түлік қоймасын және жеке жылыжай мен «Шаңырақ», «Әсем» атты азық-түлік көтерме-сауда дүкендерін ашқан.

«Жүрек жылуы» номинациясы бойынша жүлдеге  балалар үйінен бірнеше бала асырап алып, оларды үлкен азамат етіп қалыптастырған, өзгелерге отбасылық дәстүрімен үлгі Асылбек Хасановтың отбасы ие болды. Отағасы Асылбек Өтешұлы – «Алау-Жайық» ЖШС-нің жүргізушісі.  1984 жылы Халы Ғұмаровамен отбасын құрады. 1991 жылы Айнамкөз атты қыздары дүниеге келген. 2004 жылдан бастап Хасановтар отбасы «Ақбота» балалар үйінен  бір отбасының үш баласын патронаттық тәрбиеге алады.  Бүгінде балалардың екеуі оқуларын бітіріп, жұмысқа орналасса, енді бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті. Отағасының ұйғарымымен, балаларының қолдауымен 2013 жылы С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернатынан тағы екі бала патронаттық негізде бұл отбасыға қосылған.

«Фронтовичка» клубының жетекшісі Анна Захароваға да құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің  атынан құттықтау хат табысталды.

Нұргүл  ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз