ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕУШІ

Жақында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болып, жастармен жүздесті.

Бекболат Тілеухан Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-металлург, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын халық әндерінің оқытушысы, концерттік орындаушы мамандықтары бойынша және консерватория аспирантурасын тәмамдаған, доцент. Сондай-ақ, ол «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі болып табылады. Бұл күні  Қазақстан Мемлекеттік және Дарын жастар сыйлықтарының иегері, Парламент Мәжiлiсінің III, IV шақырылымдарының  депутаты, әрі танымал әнші, жыршы, ұстазбен еркін пікір алысқан студенттердің қуанышында шек болмады. Өз кезегінде Бекболат Қанайұлы да ой-толғамымен бөлісіп, әсерлі әңгіме қозғады.

– Қазір жастардың тіл мәдениетіне зор көңіл бөлу қажет. Ана тіліміздің аясын кеңейту мәселесін құр дабыра сөзбен шешу мүмкін емес. Мұны күнделікті күйбең тірліктің нақ үстінде қолға алу керек, – деді ол.

Көне тарихымыздың көмбесі Ұлытауда Елбасымыз ұлағатты әңгіме өрбіткен еді. «Менің елдің басшысы ретінде де, қазақ ретінде де парызым – қазақ тілін өсіріп-өркендетіп, орнына келтіру. Ел іші тыныш болса, ептеп-ептеп бәрін келтіреміз. Шыдамдылық пен төзімділік керек», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Айтса айтқандай, қазір біздің бірлігімізді қызғанып отырған сырт күштер жат ағымға, мәнсіз шерулерге жастарды пайдалануда. Сөйтіп бәз біреулер қазақты руға, ұстанымға, дінге бөлу арқылы түбімізге жетуді қалайды. Тура жолдан адасқан іні-қарындастарыма айтарым, бетегеден биік, жусаннан аласа болып тып-тыныш өз ісімізбен айналысайық, оқуымызды оқып, еліміздің кемел келешегіне кірпіш болып қаланайық дегім келеді. Президентіміз «уақыт бізге жұмыс жасайды» деп тегін айтып отырған жоқ,  осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт өмірде тыныштығымызды сақтап қалғанымыз абзал.

Дәстүрлі әнге келсем, қазір төл өнеріміз насихатталмайды, теледидар көрсетілімінде үнді, түрік сериалдары қаптады. 

Атырау жерінің мақтанышы, дауылпаз ақын Махамбет бір ғана өлеңмен «Исатай – басшы, мен – қосшы» деп өзінің тек бұқара мен билікті байланыстырушы делдал ғана екенін білдірген. Міне, халықтық шығармалар осындай ойды жеткізу үшін туған. Жыршылық, жыраулық дәстүр сайран салып, көңіл көтеру үшін емес, тереңнен ой салу үшін қалыптасқан, – деді Бекболат Қанайұлы.

Кездесу соңында облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мейірім Қалауи, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров және «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов атыраулық жастар атынан өз алғыстарын білдірді. Университет студенті Қайыржан Бауыржанұлы табан астында шығарған өлеңін оқып берді.

Одан әрі шара Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінде жалғасты. Қала қонағы «Асық ату» ұлттық ойыны бойынша ұйымдастырылған жарысқа куә болды. Содан кейін ат басын Исатай ауданы, Аққыстау селосына бұрып, жергілікті жастармен кездесті. Оларға  жаңа нұсқадағы партиялық билеттерді табыс етті. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Сурет автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз