БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР

Атырауға мұнайлы өлкенің тыныс-тіршілігімен танысып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Лэ Юйчен келді. Кеше мәртебелі мейманды Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады.

Аймақ басшысы  «СИНОПЭК Инжиниринг» компаниясымен бірлескен жұмыс нәтижелі жүріп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Лэ Юйчен Атырау қаласынан алған әсерлерімен бөлісе отырып, қытайлық «СИНОПЭК Инжиниринг» компаниясы қызметкерлерімен жүздескенін атап көрсетті. «Көршілес екі ел арасындағы байланыс та жақсарып келеді. Іссапар кезінде маңызды келіссөздер жүргізіп, құны 30 млрд. АҚШ долларынан асатын келісім-шарттарға қол қойдық. Әрине, Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылуы ірі жобалардың бірі екенін жақсы түсінеміз. Мамыр айында Шанхайда саммит, сәуірде экономикалық форум өтпек. Бұл кезде де біздің қарым-қатынасымызды нығайта түсетін бірқатар қадамдар жасалатыны сөзсіз»,-деген елші «Жібек жолының» да маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысының да екі ел арасындағы байланысты нығайта түсуге мүдделілігін атап айтқан облыс әкімі «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жобасы осының айқын айғағы екеніне тоқталды. «Қиын шақтарда да көрші ел бір-біріне қол ұшын созды. Қазір де мыңдаған қазақстандық Қытайда тұрады, еңбек етеді. Бізде де қытай тілін жетік білетіндер жеткілікті. Енді зауытты да уақтылы тапсыруға жұмыстанудамыз. Көршілеріміздің қарқынды дамып келе жатқанына куәміз. Ендеше, қазақстандық бизнесмендер де бірлесіп жұмыс істеуге әзір», – деді. Ол, сонымен бірге, қытайлық кәсіпкерлерді ауыл шаруашылығы, фармацевтика, мәдениет салаларында бірлесіп еңбек етіп, тәжірибемен бөлісуге шақырды. «Рас, климатымыз ауыл шаруашылығына қолайсыздау көрінгенімен, оны да дамытуға мүмкіндік бар. Бүгінде фармацевтика саласында үнділік компаниямен бірлесіп іс бастадық. Бірақ, жақсы жобалар болса, тыңдауға әзірміз. Мәдениет саласының да орны бір бөлек», – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз