«БЕЙБАРЫС» ҰПАЙ БӨЛІСТІ

Шайбалы хоккейден ел чемпионатының тұрақты кезеңі аяқталуға жақын. Он команданың ішінен сегіздікке ілігіп, плей-оффқа жолдама алатын кез жақын. Әр команда ұпай үшін таласуда. Яғни, чемпионат әдеттегідей осы тұста қыза түседі.

 

«Бейбарыс» хоккей командасы өз айдынында петропавлдық «Құлагерді» қабылдады. Алғашқы күні қарсыласты 6:2 есебімен ойсырата жеңген жерлестеріміз келесі күні ойынның овертайм кезеңінде қонақтарға жол берді.

Матчтың негізгі уақытының аяқталуына санаулы ғана секундтар қалған еді. Таблода есеп 2:3-ті көрсетіп тұрды. «Бейбарыстың» бас бапкері Александр Истомин қақпашыны айдыннан алып, алтыншы ойыншыны мұзға шығарып, тәуекелге бел буды. Кеуделерін намыс кернеген атыраулық хоккейшілер қолдан келгеннің бәрін жасады, шабуылдаумен болды. Соңғы секундта А.Спиридоновтың алыстан бағыттаған соққысы есепті теңестірді. Ойын овертайм кезеңіне ұласып, «Құлагер» командасы ақырында жеңіске жетті.

Бұл ойындардың басты ерекшелігі – «Бейбарыс» құрылғаннан бері төрт маусым қатарынан Атыраудың намысын қорғап, жергілікті жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған Александр Зубковтың командамызға оралып, оны айдыннан көру болды. Өткен маусымда Александр «Металлург» командасына ауысып, ал, биылғы маусымды павлодарлық «Ертіс» құрамында бастаған еді.

– Мен үшін Атырау бөтен емес. Мұз айдыны. Жанкүйерлер. Қолдау. Жеңіске деген жігер. Бәрі сол қалпында. Атырауға кері оралып, «Бейбарыстың» жейдесін кию – мен үшін үлкен абырой, – дейді шабуылшы.

Бұдан кейін астаналық «Номадты» қабылдаған командамыз  қарсыласқа екі кездесуде де жол берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз