БАТЫРЖАН МАНСҰРОВ, «ИМАНҒАЛИ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: «ДІНДІ ДҮМШЕЛЕР БҰЗАДЫ»

– «Бақсы», «балгер», «тәуіп», «емші». Қиналған адам әдетте осындай кісілерге барып, «жол аштырдым» немесе «ауруымнан құлан-таза айықтым» деп жатады. Осы әрекетке қалай түсінік берер едіңіз? Жоғарыда аталған «төрттікті» өзара бөлек ұғым ретінде қарастыруға бола ма?

 

Көріпкелге сену – дінге қарсы шығу

– Асылында бақсы да, балгер де, тәуіп те, емші де – қазақ тілінде төрт бөлек ұғым. Олардың ауруды емдеу тәсілі әртүрлі болғанымен, барлығы өздерін «ғайыпты білуші», «күллі құбылысты болжаушы» деп атайды. Әдетте, «бақсы», «балгер» – ғайыппен айналысып, тас-құмалақтың, картаның көмегімен адамның тағдырын, келешегін болжау арқылы сенімге кіріп отырады. Бұл – шариғатта үлкен күнә. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) келтірген дінге қарсы шықты» делінеді. Немесе, «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды» деген де аят бар. Ескерерлігі, сенім шекарасынан шыққан емнің барлығына шариғатта қатаң тыйым салынған. Мұндай арам емшіліктің нәтижелі болуы – Алла Тағаладан келген әмір емес, ол шайтанның лас істерінен.

Ал, «тәуіп» пен «емшінің» жөні бөлек. Тіліміздегі «Тәуіп» сөзі арабтың «тобииб» деген сөзінен шыққан, «дәрігер» деген мағынаны береді. Олар адамды медициналық жолмен емдейді. Кезінде тәуіптер адамның физиологиясын зерттей отырып, шариғаттың шеңберінен шықпай, оларды шөп әлемімен емдеген. Бірақ, дәл бүгінгі таңда жоғарыда аталған төрт ұғымның бір-бірінен айырмасы болмай барады. Шариғат жолындағы таза емшілер тым аз. Емшілердің басым бөлігі адамдардың сенімін, тағдырын арбаумен айналысып жүр.

Тұмардан неге қасиет тайды?

«Жол аштыру» деген ұғым қайдан шыққан? Кейде сәттілік үшін «тұмар» тағатындар бар. Осыны қалай түсіндірер едіңіз?

– Пенде болғаннан кейін, қуаныш та, қайғы-қасірет те қатар жүреді. Табиғи заңдылығы сол, қиындыққа тап болған адам одан арылудың жолдарын іштей (жеңіл) іздестіруге құмар тұрады. Осындайда, бір Алладан сұрап, иман келтірсек, садақа берген болсақ, қайғы-қасіретке тосқауыл қойылар еді. Бұл туралы қасиетті Құран аяттарында: «Кімде-кім басына таршылық келген уақытта Алладан шын қорқатын болса, Алла оны таршылықтан кеңшілікке шығарады» делінген. Бірақ, иманы әлсіз адамдар пенделік ұғыммен «жол аштыруға» ынтық болып тұрады.

Ақиқатында, дәл бүгінгі заманда «тұмар» жоқшылықтан, жамандықтан құтқаратын дүние емес. Рас, ертеректе тұмарды сауатты адамдар жазды. Онда қасиетті Құран аяттары, Алланың 99 есімі, т.б. дұғалар жазылатын. Соны жазып отырған білімдар діндарлар бір Алладан шипа сұрайтын. Ал, қазіргілер тұмар жазып беруді кәсіпке айналдырып, одан қасиетті кетірді. Кейде мешітке «мына тұмарымның ішінде қандай сөздер жазылған? Оқып бересіздер ме?» деп жамағат келіп жатады. Сол кезде біздер ол тұмардан аят тұрмақ, арабша бірауыз сөз таппай жатамыз. Сондықтан, халықты мұндай мәселеде сақтыққа шақырар едім. Пендені сақтайтын тұмар емес, оны қорғайтын – Жаратушы Алласы.

Түстің қандай құпиясы бар?

– «Аян  берді», «түсіме енді», «ескертіп еді». Қарапайым қазақтың ішкі «асханасында» көп жағдайда осы сөздер айтылып жатады. Жалпы, «аян беру» деген мәселені қалай түсінуіміз керек?

– Әдетте, ислам діні түсті екіге бөліп қарастырады. Соның бірі – Алладан келген рахмани түс. Екінші түрі, ол – шайтани түс.

Рахмани түс жақсы түстің нышаны ретінде келеді. Айталық, пенде Алладан ісінің қайырын сұрап, медет тілесе, түсінде белгі ретінде келуі мүмкін. Ал, шайтани түс, аты айтып тұрғандай, шайтанның арбауымен келеді. 

Азанның дауысы Атырауға жетпей жатыр…

– Жын дегеннен шығады, әсіресе, Атырауда соңғы кездері ақыл-есінен айрылып, түсініксіз тілде сөйлейтін, соңында өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталатын «ерекше» диагноз иелері пайда болды. Ондай адамдарды көпшілік жоғары күш иелерімен байланыстырып, «бойын зұлым күш иесі билеп алған» деп жатады. Бұған не дейсіз? Мұндай дерттен қалай сақтанған дұрыс?

– Жындар таза жүрмеген, лас жерді басқан адамдарға әртүрлі жолмен көрініп, жамандыққа бастайды.

Осындай ғайып иелерінің арбауында қалғандарды Құран аяттарын оқу, дем салу арқылы қайтарады. Себебі, медицина тәннің сыздағанын тоқтатқанымен, жанның тазалығын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, мұндай науқастыққа шалдыққан адамды дереу дем салдыру арқылы емдеуге көшу керек. Мұнымен қоса, адамзатқа жақсылықты үгіттеп, жамандықтан тыйылу, шариғат тыйым салған дүниелерден арылу, садақа беру сынды қайырымдылықпен айналысу қажет. Сондай-ақ, азан шақырудың да өзіндік маңызы бар. Өкініштісі, өңіріміздің көп жерінде мешіттер жетіспейді. Сондықтан да, азанның дауысы тұтас өңірге жетсе, жын-шайтандар ат-тонын ала қашар еді …

– Сізбен әңгіме етіп отырған бұл мәселе ертерек уақытта да болған деседі. Және ол кезде зұлым күш иелерінің арбауында қалғандарды білімі күшті молдалар қасиетті Құранды оқу арқылы қайтарып отырған екен. Біздің өңірімізде осындай білімді молда, ишандар бар ма?

– Кезінде қазақ даласында талай әулие, әмбиелер, сауатты, терең оқыған молдалар болды. Бірақ, Кеңес Үкіметінің құрамында болған жетпіс жыл уақыт ішінде діни мектеп тоқтап қалды. Соның салдарын күні бүгінге дейін жоя алмай келеміз. Рас, тәуелсіздік жылдарында медреселер, діни институттар ашылды. Маман тапшы болғандықтан, оқуды кеше бітірген жастарды имамдыққа қойып отырмыз. Сол себептен де, мешіт имамдарының тоқсан пайызын жастар құрайды. Бірақ, бұрынғының ақсақалдары секілді дем салуды олар білмейді деп айта алмаймыз. Дем салуды қазіргі жас мамандар да біледі. Халық өзі бұрынғы ақсақалдарды іздеп жатады. Дегенмен, зұлым күштердің арбауында қалғандарды қасиетті Құранның құдіретімен кері қайтаратын білікті имамдар Атырауда да, Алматыда да, Оңтүстік өңірде де бар.

Әулиеге керегі – зиярат!

Әулие-әмбиелерге көзқарас қалай болуы керек? Осындай қасиетті адамдардың басына барып, түнейтін де – өзіміздің қазақтар. Дәл осы мәселеде діннің талабы басқаша екені де белгілі. Осы тақырыптың ара-жігін ажыратып берсеңіз.

– «Әулие» арабтың «әулия» деген сөзінен аударғанда «сенімді», «дос» деген мағыналарды береді. Құранда «… шын иман келтіргендер, Алланың досы» деген де аят бар. Шариғатта екі ғажайып нәрсе бар. Бірі – «мұғжиза». Ол – пайғамбарларға тән қасиет. Екіншісі – «керемет» деп аталады. Ол – таза, діндарлығы жоғары, тақуа адамдарға нәсіп етілетін қасиет. Айырмашылығы, пайғамбар (с.ғ.с.) өзін дәлелдеу үшін тіпті, ағашты сөйлетуі мүмкін. Ал, әулие өзін «Мен әулиемін» деп жарияламайды. Және керемет мұғжизадан төмен тұрады.

Қазақ даласынан кезінде түрлі әулиелер өтті. Біз оларға құрметпен қарауға тиіспіз. Бірақ, біз әулиеден сұраудан сақтануды үйренуіміз керек. Себебі, әулиенің салиқалылығы, діндарлығы оның өзін құтқарады. Сондықтан, бір Алладан сұрап, әулиелердің басына зиярат ету үшін ғана барсақ, шариғат нұсқаған жолдан адаспас едік.

– Салиқалы сұхбатыңызға бек рахмет!

Әңгімелескен: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Бекет ата да, Қожа Ахмет Яссауи да – әулие. Олардың басына тұрғызылған кесене тілек тілеп, түнекке айналдыру үшін емес, келер ұрпаққа ғибрат болсын деген ниетпен салынған. Сондықтан, аталардың басын бизнестің көзіне айналдырудан гөрі, зиярат етуді көбірек ойлауымыз керек. Түнек салып емес, мешіт тұрғызып, сауапты іс атқаруға асығайық, ағайын! 

«Бірде-бір топ адам Алла Елшісінен (с.ғ.с) көріпкелдер жайлы сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Олар түкке тұрғысыз» деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі (с.ғ.с), олардың кейде айтқан сөзі рас болып шығады» дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) оларға: «Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періштелерден) ұрлап алып, кейін оны досының (яғни, балгердің) құлағына сыбырлайды. Ал, балгер сол сөзге өз ойынан жүз өтірік қосып, (болашақты білетіндей бал ашады) деп айтты» деген.

(Бұхари, Тәухид 57)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз